• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Жәдігер 17 Маусым, 2024

Қола қазан

143 рет
көрсетілді

Біздің жыл санауымыздан бұрынғы ІІ және І ғасырда еура­зиялық кеңестікте ірі көшпелі империя құрған ғұн бабаларымыз адамзат тарихында әскери-әкімшілік басқару құрылымы берік мемлекет орнатқаны шындық.

Орыс тарихшысы һәм жазушы Александр Шабалов «Об этнической принадлежнос­ти хунну» атты монографиясында: «Ежелгі ғұндар алтын, күміс, қола бұйымдарды пайдаланып, қолданбалы қолөнер туындыларының керемет дамыта білді және ол бұйымдарды түрлендіріп, әшекейлеу арқылы адамзат тарихына зор төңкеріс әкелді» деп жазады.

Расында, Александр Сокра­тович айтқандай, ғұндардан қа­лған құнды мұраның бірі – өздеріңіз көріп отырған мына бір қола қазан. Бұл жәдігердің салмағы – 4,720 кило, биіктігі – 33,7 см, ауыз жағының диаметрі – 25,5 см, түбінің көлемі – 14,8 см, тұтқасының биіктігі – 4,5 см. Қазан б.з.б. IV ғасырда көне түріктің ұйық мекені Өтукен қойнауында жасалыпты.

Пішіні ромбик тектес, ауыз жағы кең де, түп жағына қарай жіңішкере түскен. Қос тұтасы тұтас құйылып жасалған, екі жағында шағын саңлау тесігі бар. Сыртына төрт жерден ай бедерлі таңба салынған. Бұл қазан қазір Моңғолияның оң­түстігі атақты Гоби шөлінің бел ортасында орналасқан Өмнегоб аймағының орталығы Даланзадгад қаласындағы орта­лық музейде тұр. Аталған мекеме арте­фактілерінің молдығы және тарихи кезеңдерге қатысты жәді­герлердің маңыздылығы жағы­нан ел астанасындағы Шыңғыс қаған музейінен кейінгі екінші орында екен.

Мамандардың айтуына қара­ғанда қола қазан бірнеше жыл бұрын Баян-оба сұмын өлкесіндегі «Шығыс ши» атты қоныстан табылыпты. Қазіргі таңда зерттеп, зерделеу жұмысы жүріп жатыр. Аяқталған соң ғылыми айналымға жіберілмек көрінеді.