Шымкентте цифрландыру саласында жұмыс істейтін екі шенеунік пен бір кәсіпкерге қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Түркістан облысының Цифрландыру, мемлекеттік қызмет көрсету және мұрағаттар басқармасы бастығының орынбасары М.Мырзасейітовке, осы басқарманың бөлім басшысы А.Жолсейітовке және кәсіпкер Э.Исаковке қатысты үкім шығарды», деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.
2022 жылдың тамызынан 2023 жылдың шілдесіне дейінгі кезеңде мемлекеттік органдарды ақпараттандыру және цифрландыру жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алу келісімшарттарын жасасқаны, олар бойынша атқарылған жұмыстардың актісіне қол қою үшін жалпы сомасы 14,6 млн теңгені құрайтын бірнеше рет пара алғаны және бергені үшін, сонымен қатар Жолсейітов бұдан басқа - пара беруге және алаяқтық жасауға итермелегені үшін кінәлі деп танылды.
Жолсейітов Төлеби ауданының Цифрландыру бөлімінің басшысы лауазымына ауысқаннан кейін осындай әрекеттерді орындағаны үшін жоғары тұрған лауазымды тұлғаларға беру сылтауымен Исаковтың 903 мың теңге сомасындағы ақшалай қаражатын алаяқтық жолмен иемденгені анықталды.
Дәл осындай үкіммен Отырар ауданы әкімі аппаратының басшысы А. Мәулен конкурстың жеңімпазын анықтағаны және ауданның ауылдық округтеріне IT-қызметтерді мемлекеттік сатып алу келісімшартын жасағаны үшін Исаковтан 5 млн теңге сомасында пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.
«Сот Мырзасейітовті 8 жылға, Ысқақовты 7 жылға, Жолсейітовті 4 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сонымен бірге аталған адамдар мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы айырылды», делінген хабарламада.
Сот Мәуленнің өліміне байланысты оған қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатты. Үкімді жариялау облыстық Цифрландыру басқармасы ұжымының қатысуымен өтті. Үкім заңды күшіне енген жоқ.