• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Сұхбат 19 Маусым, 2024

Комитет әр қабылдаған шешімге жауапты

146 рет
көрсетілді

Шетел асырылған активтерді халық игіліне қайтару – әлеуметтік әділдікті қалпына келтірудің басым бағыты. Осы мақсатта арнайы заң қабылданып, тиісті комитет құрылды. Жұмыстың нәтижесі туралы Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрдәулет СҮЙІНДІКОВТЕН сұрап білдік.

– «Заңсыз иемденілген активтер­ді мемлекетке қайтару туралы» заң қолданысқа енгелі шетелден қанша қаражат бюджет қаржысына түсті және нақты қандай мақсатқа жұмсалды?

– Заңсыз активтерді қайтару еліміз­дің әділеттілік бағытын айқындайды. Бұл саладағы жұмыс 2022 жылдың басынан белсенді түрде жүргізіле бастады. Содан бастап құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар, түрлі министрліктер мен ұлттық банктердің бірлесіп кешенді түрде жүргізілген жұмысының нәтижесінде кейінгі бір-екі жылдың өзінде 1,5 триллион теңгеге жуық активтер қайтарылды. Оның ішінде ақшамен қайтқан, мүлік және құнды зат ретінде келгені де бар. Бұған дейінгі берген ақпараттарымызда қайтарылған қаржының көлемін 700-800 миллиард деп жүрдік, қазір триллионнан асты. Демек қылмыстық және азаматтық істердің аясында бұзылған мемлекеттің экономикалық мүдделері кешенді жүргізілген жұмыстардың арқасында қорғалып отыр.

Былтыр шілде айында Парламент қабылдап, Президент қол қойған заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы арнайы заң бұл саладағы жұмысты жүйелендірді. Ендігі іс-әрекет уәкілетті органдардың жұмысы аясында жүзеге асты. Мемле­­кет басшысының тікелей тапсырмасы бол­ған соң қызмет ауқымы кеңейе түсті. Кейде күрделі мәселелерді қамти­тын ұзақ істер қосымша арнау­лы тетіктерді талап етті. Қазір «шетел­ден қанша қаражат келді?» деп ха­лық жұмыстың қорытындысын сұрап жатады.

Қазақстанның ішіндегі кез келген іс-шараны еркін, яғни өзіміздің ұлттық заңнамамыздың аясында атқара береміз. Ал шетел туралы әңгіме қозғалған кезде оларға әміріміз жүрмейді. Сон­дықтан алдымен келісу керек болады. Бұл ел­дердің өз заңнамасы мен ұлттық мүд­десі бар. Бізде қылмыстық іс саналатын нәрсе екінші елде де заңнамасы бойын­ша шара қолдану үшін қыл­мыстық іс болуы қажет. Егер бізде азаматтық сот шешімі шықса, оның міндетті күші біздің аумақта ғана бар. Басқа шетелге міндетті күші жоқ. Сондықтан шетел туралы әң­гіме қозғалған кезде адамдардың құқы­ғын қорғау саласындағы басқа да көп­теген әмбебап конвенциялар мен мемле­кет­аралық шарттар жүреді. Шетел асқан ак­тивтерді қайтаруда халықаралық шарттарда көрсетілген ережелерді толық сақтау керек. Сақтаған күннің өзінде тиісті мемлекет пен ұйымдармен келісімге қол жеткізуге тиіс. Осындай кешенді жүйелі жұмысты талап еткендіктен арнаулы заң қабылданды.

Инфографиканы жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Құжатта заңның субъектілері анық­тал­ды, мемлекетке заңсыз иемденілген актив­терді қайтарудың жаңа тетіктері белгіленді. Мемлекетаралық және халықаралық қарым-қатынас жасаудың негізгі тәртібі анықталды. Осының барлығы бір жолға қойылған соң Бас прокуратура жанынан Активтерді қайтару жөніндегі комитет құрылды. Қазір біз сол қабылданған жаңа механизмдер­ді пайдаланып, заңның субъектілерін арнайы тізілімге енгізіп жатырмыз. Оларға тұрақты талдау жасалып, тексеру жүргізіледі. Бұл жұмыстың да өзіндік нәтижесі көріне бастады. Қазір Премьер-министр басқаратын арнаулы комиссия 325 млрд теңгеге мемлекетке активтерді қайтару жөніндегі шешімдер­ді мақұлдады. Оның ішінде ерікті түрде жасалған келісімдер, сотқа талап-арыз беру мен қылмыстық істердің аясында қайтару туралы істер бар. Бұл – 2022 жылдан бастап қайтқан қаржының үстіне қосымша істелінген жұмыстың нәти­жесі. Ақшалай түскен қаражат арнау­лы мемлекеттік қорға түседі, ал мүлік ретін­де қайтқанына Қаржы министрлігінің Активтерді басқару жөніндегі арнайы компаниясы есеп береді. Заңға сәйкес, компания қайтқан мүлікті сатып, одан түскен ақшаны қайтадан мемлекеттік арнаулы қорға құяды.

– Дұрыс қой. Бірақ осы қайтып жат­қан қаржының көлемі мен жұм­салуын­да ашықтық бар ма?

– Бізде ашықтық екі тұрғыда қамтамасыз етіледі. Біріншіден, активтерді қайтару жөніндегі атқарып отырған жұмысымыздың ішіндегі түрлі рәсімдермен қабылданып жатқан шешімдердің объективтілігіне міндетті түрде мән беріледі. Комитет – мем­лекеттік орган. Біз қабылданған әр шешім үшін жауаптымыз. Бұдан бөлек, активтерді қайтару жөніндегі әрбір ше­шім ко­миссия арқылы өтеді. Комиссияны Премьер-министр басқарады. Оның құра­мында тек мемлекеттік, құқық қорғау орган­дарының басшылары ғана емес, халық сайлаған Парламенттің депутаттары,  беделді қоғам өкілдері бар. Мысалы, биыл комиссияның құрамы жаңадан толықтырылып, жұмысымызды бақылауға Қазақстан Азаматтар Альянсының басшысы да кірді. Ал оның құрамында республикадағы 500-ге жуық үкіметтік емес қоғамдық ұйым бар. Осы комиссияның отырыстарында қан­дай құжат қабылданып, шешімдерге не еніп жатқанын ашық көрсетеміз. Комис­сия мүшелері бұл құжаттарды өздері тал­қылап, шешім қабылдауға атсалысады. Барлық қара­ған шараларымыз бен шешімдеріміз тек ко­миссия мүшелерімен толық мақұл­дан­ғанда ғана әрі қарай іске көшеміз. Тіпті азаматтарды тізілімге қою да комис­сияның құзыретіне кіреді. Сотқа талап-арыз беретін болсақ та комиссияның ма­құл­дауын күтеміз. Егер қандай да бір субъек­тінің активтерді қайтару туралы шешімі болса, осы келісімнің жобасы да толығымен сол комиссияның отырысында қаралып, жан-жақты мақұлданады. Инвестициялық жоба да комиссия арқылы өткізіледі. Біз өзіміздің әрекеттеріміз бен шешімдеріміздің ашықтығын қамтамасыз ету үшін депутаттар мен қоғам өкілдерінің алдында әрбір қадам туралы есеп береміз. Бұл – рәсімдік жағы.

Сондай-ақ кез келген айқындылық есеп­тілікті талап етеді. Күнделікті ақпарат құ­рал­дарынан сұрау түседі. Біз оларға жазбаша да, ауызша да жауап береміз. Қазір арнайы ведомствоаралық жоспарға сәйкес БАҚ өкілдеріне жұмыстың нәтижесі туралы тұрақты хабарлауға көштік. Бұдан басқа жүйелі түрде жыл сайын комитет былтыр атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен мазмұны туралы есеп беру керек. Ко­митет сайтына да осы жылы қандай шара қа­был­дадық, нендей жетістіктерге қол жеткізілді, қалай істелді, не істелді, осы туралы толық жыл­дық есепті халыққа хабардар етеміз.

Ко­митеттің жұмыс шекарасы белгі­ленген. Бұған сәйкес біздің қызмет активтерді мемлекетке қайтарумен шектеледі. Ал оның әрі қарай пайдалануы мен мақсатты жұмсалуы Үкіметтің құзырына өтеді. Қаржы министрлігі бар, оның ішіндегі мү­лікті басқаратын компаниясы, олардың өз есепшоты бар. Олар әлеуметтік-эконо­микалық мүдделерді қорғау, тиісті жобаларды іріктеу, жүзеге асыруға бақылау жүргізе алады. Біз заңсыз активті жеткізіп бердік, алайда Прокуратура мен комитет түскен қаражаттардың жұмсалуына есеп бере алмайды, басқарумен айналыспайды.

– Қазір қоғамда шетелден шекара асып келген заңсыз активтерге қатысты сұрақ көп. Мәсе­лен, осы күнге дейін қайтқан қара­жат өз еліміздің ішінен қайтарылған деген әңгіме бар. Қаншалықты рас?

– Жоқ, бұл – бұрыс ақпарат. Біздің жыл сайын, ай сайын, апта сайын беріп жат­қан ақ­параттарымызда активтердің қай­­дан кел­гені, көлемі де көрсетіледі. 2023 жыл­дың соңы мен осы жылдың басында 1 триллион теңгеге жуық актив қайтарылса, соның 500 миллион доллардан астамы шетелден қайтты. Оның ішінде БАӘ, Аустрия, Сингапур, тағы да басқа бірнеше елден қайтарылған активтер келтірілген.

Комитеттің биылғы атқарып отырған жұмысын қоса алғанда 700 миллион доллар­дың үстіндегі активтер шетелден қайт­ты. Оның ішінде шетелден ақша қара­жат­тары да қайтып жатыр. Бүгіннің өзінде Ресей, Түркия мен Франция, БАӘ, тағы бірнеше мемлекетпен жұмыс жүріп жатыр. Сондықтан жұмысымызда ешқандай бұрмалау жоқ. 

– Заң қабылдап, халықаралық конвен­цияларды ратификациялаудан, қау­лы­лар дайындаудан кенде емеспіз. Кейінгі жылдары заң­сыз ак­тив­терді қайтаруда шетелмен қан­ша келісім жасалды? Тиімді нәтижесі бар ма?

– Халықаралық ынтымақтастық – жұмысымыздың басым бағыттары­ның бірі. Өйткені активтерді қайтару – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Заңның аясы активтерді қайтару, оның ішінде шетелдерге заңсыз шы­ғарылған активтерді қайтаруды қам­тиды. Сондықтан шет мемлекеттер­мен, халықаралық ұйымдармен қарым-қатынас жасап, олармен сенімді серіктес­тік орнату маңызды.

Комитет былтыр қазанда құрыл­ды. Осы уақыттың ішінде заңсыз шығарыл­ған активтерді қайтару жөніндегі негізгі халық­аралық ұйымдардың барлығы­мен ынтымақтастық орнаттық. Мысалы, БҰҰ – халықаралық маңызды ұйым. Ұйым­ның ішінде осы қылмыспен күрес сала­сындағы қызмет атқаратын Есірткімен күрес және қылмысқа қарсы басқармасы Венада орналасқан. Осы жеті айдың ішінде олармен бірнеше бірлескен іс-шара өткіздік. Оның ішінде қызметкерлердің біліктілігін арттыру, шет мемлекеттердің тәжірибесін барып көру, болмаса оларды бізге шақыру секілді көптеген біріккен бағдарлама мен жоспар құрылды. Сондай-ақ БҰҰ мен Әлемдік банктің «Star» деген нақ­ты активтерді қайтаруға бағытталған жоба­сы бар. Оның аумақтық үйлестірушісі Таш­кентте отырады. Сол үйлестірушімен бірге ынтымақтастық орнатып, қазір бір­лескен іс-шара өткізіп жатырмыз. Жа­қын­да Ташкентте біздің қызметкерлер бір­қатар пікірталасқа қатысса, келесі айда Ал­матыда үш күн конференция өткізе­міз. Оның екі күні активтерді қайтару жө­нін­дегі сұрақтарға қатысты болады. Алдағы уақытта да шетелден мамандар шақы­рып, активтерді қайтару жөніндегі мекемелердің қызметкерлерімен түрлі талқылау өткізу жоспарланып отыр. Бұл да ынтымақтастықты нығайтудың тетіктері.

«Интерпол» ұйымы қашып жүрген қылмыскер­лерді анықтаумен, ұстаумен, қылмыс жаса­ған елдерге қайтарумен айналысып келе­ді. Ендігі жерде осы ұйым алғаш рет тек адам емес, активтерді іздеумен де айна­лыс­пақ. «Интерпол» «Күміс бюллетень» деген активтерді қайтаруға арналған жоба бастап отыр. Бұрын олар адамға белгі қойып, соны іздейтін болса, енді нақты активке бюллетень қойып, заңсыз шығарыл­ған активтердің ізіне түседі. Осы жобаның жұ­мыс тобына біздің комитет қызметкерлері де кіріп, шетелде отырыстары болған кезде барып тікелей қатысып жатыр. Жыл соңына қарай жоба жүзеге аса бастайды. Сол кезде біздің комитет те жобаға қатысушы болады. Қандай да бір заңсыз шығарылған заңсыз актив анықталса, «Интерполдың» көмегімен іздеп тауып, тәркілеуге де қол жеткізетін күннің ауылы алыс емес.

Бұдан басқа бірнеше елдің офицер­лері­нің басын біріктіретін әлемдік каналдар жұмыс істейді. Жалпы қағазбен мәселе шешу өте ұзақ әрі қиын. Мәселен, жазған хатыңа мөр бастырып, алыс шетелге жіберу, барған мемлекеттің ішінде көптеген құрылымның алдынан өткенше біраз уақыт жоғалтамыз. Ал сұраққа тез жауап алып, мәселені дереу шешу үшін әлемде бірнеше негізгі деген құқық қорғау органдарының өзара қарым-қатынас жасау каналдары бар. Оған әр елден бірнеше офицер байланысқа шығады. Ортақ каналға шығып, қажет­ті ақпаратын сұрата алады. «Сіздің елдері­ңізде осындай компания тіркелген бе? Қандай ақпарат бере аласыз?» деп жазамыз. Ол сағат немесе күндердің ішінде тез қа­рап, компанияның бар екенін айтып, бі­рақ қағаздарын алу үшін сауал жіберу қажет­тігін жеткізеді. Негізгі ақпаратты тез алу­ға мүмкіндік алудың жолы туады. Қазір мұн­дай өзара ақпарат алмасу ұйымдарына кі­ретін елдер саны жүзден асады. Біз қысқа уа­қыт­тың ішінде осындай жүйелердің бар­лы­ғына дерлік байланыс офицері ре­тін­де бір-бір орын алып кірдік. Одан кейін «Бамин» деген активтерді тәркілеп, бас­қару­ға мән беретін халықаралық жүйе жұ­мыс істейді. Оған да бақылаушы ретінде кірдік.

Шетелдің шешімдеріне 100 пайыз кепілдік бере алмаймыз. Дегенмен халық­аралық қарым-қатынастар шетелге шы­ғарылған заңсыз активтерді тиімді, мей­лінше тезірек қайтаруға мүмкіндік береді деп сенеміз.

– Бізде жалпыхалықтық декларация әлі де жоқ. Заңды орындау барысында ак­тив иесінің мүлігіне тексеріс қалай жүргізіледі?

– Қолданыстағы заңда екі ұғым бар. Біріншісі, тұлғаның активі бұрынғыдай тек өзінің атына тіркелген активтер емес, сол адамның бақылауындағы кез келген активтерді субъектінің активі ретінде қараймыз. Заңда «бақылауында» деген сөздің ұғымы бар. Мәселен, қандай да бір активтің тікелей немесе жанама тағдырын анықтай алсаңыз, яғни бұл Сіздің бақылауыңыздағы актив болып саналады. Екіншіден, тек әйелі мен күйеуі, баласы ғана емес, жақын туған-туыстары, жұбайы немесе бұрынғы жұбайы, кез келген серіктесі, шопыры, сыныптасы, досының досына тіркеп қойған мүліктер мен ақшалай активтер де анықталады. Тексеруіміздің нәтижесінде белгілі бір адам немесе активтерге күмән туса, біз өз шарамызды атқара береміз. Бұл заңның негізгі жаңалығы сонда, шығу тегі түсініксіз актив түбі ашылады. Осы ұғымға сәйкес азаматтық сотқа талап-арыз беріп, мәжбүрлеп активті мемлекеттің кірісіне айналдырамыз. Шетелдерде «түсініксіз байлық» деген ұғым бар. Яғни қайдан пайда болғаны түсініксіз байлық. Біздің заңда бұл «пайда болуы түсініксіз активтер» деп айтылады. Егер біз негізсіз актив көрсек, оның заңды шығу тегі жоқ, шығу көздері күмәнді болса, сол күмәндерімізді алға тартып, азаматтық сотқа талап-арыз береміз. «Осындай адамның мынандай сомада активі бар, шығу тегі белгісіз, заңсыздықтың белгілері бар» деп көрсетеміз. Ал жауапкер сол активтерінің қалай, қайдан келгенін дәлелдеп беруге тиіс. Заңды пайда болғанын жігін жіктеп, салық төлегенін сағаттап құжатпен көрсетуге тиіс. Егер сотта объективті түрде дәлелдей алмаса, онда «пайда болуы түсініксіз актив» ретінде танылып, мемлекеттің кірісіне айналдырылады. Қазір осындай талап-арыздың бірінің негізінде 11 миллион долларға жуық ақша қаражаты мемлекеттік кіріске айнал­­ды. Сондай-ақ түрлі мүліктер, оның ішінде қымбат әшекей бұйымдар, бренд сөмкелерден бастап мәдени, тарихи жәді­герлер құны жарты миллиардқа жуық мү­лік­терді сотта жауапкерлер дәлелдей алма­ды. Бұл тетік бұрын болған жоқ. Әлем­дік тәжірибенің өзінде енді қолданып жатыр.

– Әлемдік тәжірибе деп қалдыңыз ғой, шетелдік тәжірибеден үлгі ретінде қол­данысқа енгізіп жатқан тетіктер бар ма?

– Қазіргі қолданыстағы негізгі үлгінің өзі же­­місті болды. Өйткені біздің тәжірибеге ұқ­­сас заңды бес, он жыл бұрын қабылдаған ел­­­дер­­дің үлгісін қарап, нәтижесін көргіміз кел­ді. Бірақ олардың нәтижесі бізбен салыс­тыр­ған­да саяз. Қайтарылып жатқан қаржы аз.

– Қоғам қазір субъектілердің тізілі­мі­не қызығушылық танытады. Активті қайтаруда істердің ескіру мер­зімі болмайды делінген еді. Ендеше қол­да­ныс­тағы заңнамаға сәйкес, егемен­дік алған жылдардан бері қарай ел қар­жы­сын жеп, шетел асқан жемқорлардың заңсыз активтері қайтарылып жатыр ма?

– Расында да, қолданыстағы заңда ешқан­дай шектеу жоқ. Егер субъект заң­ның талаптарына сәйкес келіп тұрса, заңсыз иемденілген дүние-мүлік уақытына қарамастан қайтаруға жатады. Тіпті елдің ішінде ме, басқа елге шығарылып кетті ме, заңсыз активтері мемлекетке тиесілі. Бірақ комитет заңның негізінде жұмыс істейді. Сондықтан тізілімде кім бар, кім жоқ екенін айта алмаймыз.

– Мүлікті иесі өз еркімен қайтарса, қылмыстық іс қозғалмауы мүмкін деп жүрміз. Сонда мемлекет мүлкін заңсыз жолмен алған адам, яғни жемқор жауапкершіліктен босап кете ме?

– Біздің елде қылмыс төрт санатқа бөлі­неді. Жеңіл, орташа, ауыр және аса ауыр. Заң тек жеңіл, орташа және ауыр қыл­мыстарды ғана қамтиды. Оның өзінде қылмыс­тық іс қозғалады, қозғалмайды дегенді де тікелей қарамайды. Егер адам өзі тағылған айыпты мойындап, келтіріл­ген залалды қалпына келтіріп, заңсыз ием­денілген активтерді қайтарса ғана жаңағы үш санаттағы қылмыс бойынша қылмыс­тық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін делінген.

– Сонда активтерді өз еркімен қайтару заң субъектілеріне де мемлекетке де әлдеқайда тиімді болып шығады, дұрыс па?

– Активтерді қайтару туралы заң күштеп қысым көрсетудің құралы емес екенін түсіну керек. Бұл – әділеттілікті қалпына келтіру үдерісі. Сол себептен ерікті қайтаруды ын­та­ландыру басым әдіс. Бұл – заңның негізгі қағидаттарының бірі. Ерікті қайтарудың артықшылығы – мүлік­тің бір бөлігі заң бойынша субъектіде сақ­талу мүмкіндігі. Бұдан басқа, ерікті түрде қайтару туралы келісім активтерді мемлекетке беруді ғана емес, өзге де әлеуметтік-экономикалық міндеттемелерді қарастыруы мүмкін. Мысалы, қаражат Қазақстанға қайта инвестициялануы мүмкін. Яғни субъект бұл қаражат азаматтарымыздың әл-ауқа­тын арттыруға тікелей әсер ететін елге қажет­ті жобаларға сала алады. Ең бастысы, бұл ақшаның Қазақстанда жұмыс істеуі, мұнда салық төленуі, жұмыс орындары құ­рылуы деген сөз. Бұдан бөлек, ерікті түрде қай­тару кезінде субъект бірқатар құ­қы­қ­тық мүм­кіндіктер мен кепілдіктер алады, со­ның ішінде жоғарыда айтылғандай жауап­кер­ші­ліктен босатылады. Оған қайтадан құ­қық­­тық талаптар қойылмайды. Ел игі­лігі үшін биз­несті одан әрі жүргізу үшін жағ­дай­лар жа­са­лады. Субъект активтерді өз еркі­мен қай­тармаса, онда заңсыз капиталды мәж­бүр­леп қайтару тетіктері пайдаланылатын болады.

– Қаражатты қайта инвестициялау дедіңіз, заң субъектілері ел эконо­микасы­на инвестиция салған мысалдар бар ма?

– Заң комитетке емес, мемлекетке, жалпы қоғам мен жеке адамдарға арнал­ған. Құжаттың негізгі қағидаттарын­да активтер­ді ерікті түрде қайтаруды ынталан­дыру­дың басымдығы бар. Бірақ ерікті түрде қайтарудың да өз шарттары бар. Ерік­ті түрде активтерді қайтарумен қатар инвес­тициялық, әлеуметтік жобаларды іске асыру, оның ішінде жаңа жұмыс орын­дарын ашу, экологиялық модерниза­циялау, өндірістерді жаңарту, экология­лық талаптарға сай кешенді міндеттер­ді қабылдауы керек. Біздің жасасып жатқан келісімдердің ішінде де осындай мысал­дар кездеседі. Ақшалай және мүліктей затты қайтарғанына қарамастан инвестиция­лық жобаларды жүзеге асыру жөнінде міндеттеме алып жатқан адамдар бар.

Соңғы комиссия отырысында осындай бірқатар инвестициялық жоба мақұлданды. Осы міндеттемелер жемісті жүзеге асырылса, елімізде үш жүзден аса жаңа жұмыс орны ашылады. Олар жылына бір миллиардтан астам салық төлейді. Бұдан басқа әлеуметтік міндеттемелер бар. Бүгіннің өзінде комитет нақты нәтиже көрсететін жобаларды комиссия отырысына шығарып келеді. Осы жобалар жүзеге асқан соң түрлі әлеуметтік топтар бара алатын әртүрлі мәдени-әлеу­меттік орталықтардың саны арта түседі. Сол секілді мектеп, аурухана, балаларға арнал­ған мекемелер, инклюзивті орталық секіл­ді әлеуметтік жобалардың саны да көбе­йеді. Соңғы отырыста комиссия 235 млрд тең­геге мемлекетке заңсыз активтерді қайтару жөніндегі шешімдерді мақұлдады. Оның 230 млрд теңгесі ақшалай қаражат. Бес млрдқа жуығы мүлікпен есептеліп отыр. Бұл қаражат арнайы есепшотқа түседі. Әрі қарай Қаржы министрлігінің есебі­нен заң­да көрсетілген тәртіппен мемлекетке ең қажет­ті деген маңызды әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық жобаларға жұмсалады. Тағы бір айта ке­тетіні, активтерді мемлекетке ерікті де, мәж­­бүр­лі де қайтарып жатқандар бар. Оның ішінде ерікті түрде қайтарып жатқандар көп.

– Активтердің шоғырлануы бар негізгі елдерді атай аласыз ба? Қазір бұл елдердегі активтерді қайтаруда қандай мәселелер бар және оны шешудің қандай жолдары қарастырылып жатыр?

– Активтерді қайтару географиясы өте кең. Қазір біз көптеген елдегі активтер туралы мәліметтерді зерттеп жатырмыз. Олар Ресей, БАӘ, Испания, Сингапур, тағы басқа да ел­дер. Біз нақты юрисдикциялармен шектелмей­міз. Заңсыз шығарылған активтер кез келген елде болуы мүмкін. Әйткенмен, шын­дығында да активтер көбінесе алу және табу қиын елдерге шығарылған. Бұл заңсыз активтерді, олардың соңғы бене­­фи­­циарларын жасыруға, сондай-ақ салық­­тан жалтаруға мүмкіндік беретін елдер. Ко­ми­тет схемаларды анықтау және түпкі­лік­ті бе­не­­фициарларды ашу жөнін­дегі жұ­м­ысты жүргізіп жатыр. Олар ашыл­ған­­нан кейін қамтамасыз ету шара­ларын қол­дануға, тыйым салуға және кейін­нен ак­тивтерді тәркілеуге байланысты халық­ара­лық рәсімдер қолданылады. Активтерді қай­тару­дағы жұмыста қандай да бір жоспарлы көр­сеткіштер мен шектеулер жоқ. Заңсыз шыға­рыл­ған актив анықталса, міндетті түрде олар­ды қайтару жөнінде шаралар қабылдаймыз.

 

Әңгімелескен –

Жадыра МҮСІЛІМ,

«Egemen Qazaqstan»