Жаңа әрі жылдам құбылмалы өмір жағдайында әрбір мемлекеттік орган білімді де білікті, тың серпіліске, өзгеруге дайын әрі жаңа талап межесінен көріне алатын кәсіби шебер мемлекеттік қызметшілерді қажет ететіні сөзсіз.
Адам көбіне жоғары оқу орнын тәмамдап, өз саласы бойынша жұмысқа орналасқаннан кейін оқуға деген ынтасының «үзіліс» тетігін басады. Қызметпен қатар, біліктілігін қатар шыңдап отыру мүмкін емес, бір кәсіпті беделді жоғары оқу орнында оқып, игердім, сол жеткілікті деген қатқан қағидалы азаматтар да жеткілікті. Тіпті көп жылғы тәжірибемен жинақталған кәсіби шеберлігің) де қазіргі таңда жетістік деуге келмейді. Сарапшылардың «бірнеше мамандық жойылады немесе өзгереді» деген болжамдары уақыт өте шындыққа айналып келе жатқанын көз көріп отыр.
Креативті әлеуетті дамытуға, сандық технологияларды меңгеруге бағытталған білімді күшейтіп, уақыт талабы мен еңбек нарығының қажеттіліктеріне бейімделу қажет. Жаһандық өзгерістер аясында еңбек ресурстарының құзыреттілігі мен біліктілігіне қойылатын талаптар арта түсуде. Еліміздегі жаппай цифрландыру бағдарламалары адам еңбегін барынша алмастыруда. Мәліметтердің ескіруі мен жаңа ақпараттардың пайда болу жылдамдықтары артып келеді.
Тез өзгермелі заманда әрбір мемлекеттік қызметші бәсекеге қабілетті және тиімділікті ілгерілетуге мүмкіндік туғызатын дағдылар мен құзыреттіліктерді игеруге бағытталған кәсіби білімін үнемі шыңдап, жұмысын қалыптасқан бір сарынды темптен гөрі жаңа инновациялық технологиялармен ықпалдастырса, еңбегі бағалы болары хақ. Бұл өз кезегінде тиімді мемлекеттік аппаратты құруға ықпал етеді.
Жаңа формациядағы мемлекеттік қызметші – туындаған мәселелерді жедел шеше алатын, жаңа шарттарға жылдам бейімделгіш, үнемі өзгеруге дайын қабілетке ие тұлға. Мемлекет басшысы Президенттік жастар кадр резервінің форумында сөйлеген сөзінде мемлекет басқару ісіне ойы ұшқыр, білімі озық, сана-сезімі терең, нағыз отаншыл азаматтар көптеп келуі керектігін баса айтты. Мемлекеттік қызметшілерді құзыреттілік ыңғайына орай даярлау, оқыту мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруді жетілдіруге жетелейтін әлемдік трендтердің бірі. Оқытудың нәтижелілігі – қызметкер жұмысының тиімділігі көрсеткіштеріне оң әсер беретін оқыту үдерісінің ажырамас шарты.
2023 жылы Астана қаласының жергілікті мемлекеттік органдарында жұмыс атқарған 969 мемлекеттік қызметшінің 311-і (оның ішінде 74 -қайта даярлау, 237 – біліктілігін арттыру) заманауи мемлекеттік қызметшілерге қажетті құзыреттер мен дағдыларды дамытуға бағытталған курстар мен семинарлардан өтті.
«Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалаудың үлгілік әдістемесінің 10-тармағында, 360 әдісі бойынша бағалау нәтижелері қызметшіні оқыту бойынша шешімдер қабылдау үшін негіз болады делінген. Осы тұрғыда мемлекеттік қызметшілерді жалпы тенденция жетегіне ергізбей, бағалау нәтижесінде анықталған кемшін тұстарын арттыруға бағытталған тақырыптық семинарларға жіберу арқылы жұмыс күшінің өнімділігіне жаңа серпін беру қажет. Бүгiнгі оқыту – мемлекеттiк қызметшiлердiң бұдан әрi сатылап өсуi үшiн қуатты ынталандыру.
Ақиқатына келсек, мемлекеттік қызметшілердің информалды (өздігінен білім алу) білімін жетілдіруге уақыты да бола бермейді. Әрбір секунд тапшы заманда мемлекеттік қызметшілердің өз бетінше, ыңғайлы уақытта, біліктіліктері мен дағдыларын дамытуға арналған онлайн курста, вебинарлар, онлайн платформалар интернет желісінде жетіп артылады.
Соның бірі – кәсіби және жеке даму туралы материалдарды ұсына отырып, мемлекеттік қызметшілер үшін тиімді және сапалы білім ұсыну мақсатында ашылған «Lifelong learning|APA KZ» telegram-арнасы. Ол Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының «Мемлекеттік қызметшілерді үздіксіз оқыту жүйесін енгізу» жобасын насихаттайды. Арна төрт негізгі блоктан тұрады: #кітаптар, #мақалалар, #құзыреттілік_видеолары және #өзін_өзі_күту (денсаулық күту, жаттығу жасайтын бейнероликтер және т.б.). Кәсіби дағдыларды дамытатын және жұмыс тиімділігін арттыратын қызықты әрі пайдалы ақпараттар жарияланады.
Мемлекеттiк қызметшiлердi оқыту жүйесiндегi бас оқу орны, мемлекеттiк қызметтi оқыту ұйымының діңгегi болып саналатын Академияда мемлекеттік қызметшілерді даярлау 8 магистратура бағдарламасы және 3 докторантура бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып жатыр.
2024-2025 оқу жылына құжат қабылдау онлайн форматта Академияның арнайы ақпараттық жүйесі арқылы 26 маусымға дейін қабылданғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек ресурстарын дамыту орталығының деректері бойынша 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап skills.enbek.kz қысқамерзімді онлайн курстарға (23 кәсіби сала, 142 кәсіпті қамтыған) оқыту платформасы іске қосылған. Ресурс білімділік пен кәсіпқойлық деңгейін арттыру, мансаптық өрлеуді ынталандыру және «өмір бойы оқу» қағидатын ілгерілету, онлайн оқыту нарығын дамыту бойынша жағдай жасау үшін құрылған. Сондықтан, мемлекеттік қызмет, яғни халыққа қызмет ету жолын таңдаған азаматтар осындай мүмкіндіктерді жіберіп алмай, білімін ұдайы жетілдіріп отыруға көңіл де, уақыт та таба білсе, нұр үстіне нұр. Жаңа білім мен біліктілік мемлекеттік басқарудың жаңа көкжиектерін ашатыны сөзсіз.
Мерей РАЗАҚ,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Астана қаласы бойынша департаментінің бас маманы