• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Маусым, 2024

Табиғат аясында кітап оқыды

194 рет
көрсетілді

«Кітапты өртегеннен де ауыр қылмыс бар. Ол – кітап оқымау», дейді ағылшын жазушысы Рэй Брэдбери. Расымен бұрын да, қазір де, интел­лектуалдық өрені көтеретін, мінезді берік қылатын – кітап қана, классикалық еңбектер ғана. Көзіқарақты адам бұл ақиқатты жоққа шығара алмайды. Осы мақсатта Павлодар облысының Баянауыл ауданында «Табиғат аясында кітап оқу» республикалық семинары өтті.

Семинарға 200-ден аса әдіскер, мектеп кітапханашылары, ғылыми-педагогикалық кітапхананың қызмет­керлері, сондай-ақ ақын-жазушылар мен облыстық білім басқармасының өкіл­дері қатысты. Астана, Алматы, Шым­­кент қалаларынан және Қара­ған­ды облы­сынан келген әдіскерлер мен мек­теп кітапханашылары өздерінің жұ­мыс тәсілдерін көрсетіп, қы­зықты квест-ойын­дар өткізді. Сондай-ақ Абай өлең­дерін жатқа оқып, белгілі шығармалар желісі бойынша тапсырмалар орындады.

«Бүгінде әрбір адамның басты мін­деті – сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Біз кітап оқу дағдысын балаларымызға сіңіруіміз керек. Мұны балабақшадан бастау керек»,  дейді Республикалық ғылыми-әдістемелік кітапхананың бас әдіскері Амангүл Ешімова.

Ал Абай, Алматы, Атырау, Жамбыл, Түркістан облыстарының әдіскерлері «Аты аңызға айналған Жасыбай көлі­нің жағасында кітап оқу» секциясында өз жұмыс тәсілдерін ортаға салды.  «Ақ­бет тауының бөктеріндегі Торайғыр кө­лінің жағасында кітап оқу» секция­сында Батыс Қазақстан облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Жетісу, Ұлытау, Қызылорда, Павлодар облыстарынан келген әдіскерлер мен кітапханашылар кітапхана жұмысында жаңа технология­ларды қолдану әдістерін көрсетті.

Семинарды қорытындылау кезінде әр өңірден келген үздік кітапханашылар тобы көрсеткен жұмысының бағасы беріліп, дипломдармен марапатталды, ал қатысушыларға сертификаттар табысталды.