Тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдер мен бала құқығын қорғауға қатысты мемлекеттік деңгейде жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қоғамдағы беті бүркемеленген мәселелер ашыла бастады. Соның ішінде ақыл тоқтатқан ересектердің жеңіл ақша табу жолына түсіп, алаяқтықпен айналысуы күрделі мәселеге айналып барады.
Әсіресе 25-40 жастағы ер адамдар арасында барлық табысын букмекерлік кеңселерге салып, отбасын асыраудан жалтарып, баласына алимент төлеуден қашып жүргендер көбейген. Талдау нәтижесі алименттен жалтарғандардың көбі букмекерлік кеңселердің тұрақты клиенттері екенін көрсетті. Мәселен, Ақтөбе облыстық полиция департаментінің қарауындағы 189 іздестіру ісінің 138-і балаларына материалдық көмек көрсетуден үзілді-кесілді бас тартып, ата-аналық құқықтарын жалтарғандарға қатысты тіркелді. Мұнымен бір кезде өңірде алимент бойынша қарыздың жалпы сомасы 30 миллион теңгеден асып барады. Полиция алименттен жалтарғандардың деректерін тексеру барысында осы тізімдегі 40-қа жуық ата-ананың букмекерлік кеңселерге жиі бас сұғып, осы жерде үнемі қомақты қаржы жоғалтатынын анықтады.
«Биыл қабылданған шаралар нәтижесінде баласына алимент төлемегені үшін іздеуде жүрген 128 азаматтың тұрғылықты жері анықталса, олардың 30-ы букмекерлік кеңселердің тұрақты клиенті болып шықты. Ал олардың балаларына алимент қарызының сомасы букмекерлік кеңселерде бәс тігуде жоғалтқан ақшаларынан бірнеше есе аз. Мәселен, К. деген азаматтың кәмелет жасына жетпеген үш баласына қатысты алимент берешегі 2 миллион теңгеден астам болса, кейінгі екі жылда осы азаматтың есепшотындағы ақша айналымы 5 миллион теңгеден асып кеткен. Мұндай мысалдар өте көп», деп көрсетілген Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сондай-ақ іздестіріліп жатқан азаматтың жақын туыстары полиция қызметкерлеріне оның қандай мекенжайда тұрып жатқанын және жұмыс орнын барынша жасыруға тырысып бағады екен. Алименттен қашып жүрген әкелер де көп жағдайда құқық қорғау органдарының көзіне түспеу үшін төмен жалақыға заңсыз еңбек етіп, кездейсоқ табыстармен күнелтеді. Айта кету керек, алимент төлеуден жалтарып, заң талаптарын орындамайтындар үшін Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Ақтөбе облысы