Өткенге көз жүгіртіп, көңіл таразысына салып безбендеп көрсеңіз, қазақ жоқ іздеген жолаушы іспетті. Тасқа басылған тарихы көмескіленіп көрінбей қалғаны да рас. Абай тойы қарсаңында ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы той тойлау емес, ой ойлаудың басты орында екенін ерекше айтқан-ды. Биыл хакім Абайдың әкесі қоғамға қозғау саларлық ақылы асқан қайраткер тұлға, «мырза», «қажы» атанған Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдық мерейтойы. Ел мерейін өсіріп, алыс-жақын ағайынның басын қосып, Өскенбай баласының тойы өтті Абай елінде.
Абайтану ғылымының асқар биігі Мұхтар Әуезов Абайды жете тану үшін оның әкесі Құнанбай дәуірін зерттеуді алға тартып, оның жан-жақты тұлға екенін айтады. Расында да, қазақ халқын патшалық Ресей үкіметінің езгісінен арашалап, ел ішіндегі арандатушыларды да ықтырып, тізе салып бұқтырып отырғаны да, шындық шымылдығын ашады. Жасыратын несі бар, Тәуелсіздік таңы қылаң бергелі өлген тіріліп, өшкеніміз қайта тұтанып, шежіре парақтары жаңаша түлеп салды. Осындай айтулы тұлғаның бірі – Құнанбай. Абай әкесі болып, «Абай жолы» роман-эпопеясының кесек кескінді кейіпкері болып баяғыдан таныс. Жұрт болып жұмылуды да, ел еңсесін тіктеу мезетінде оның тұлғасын айқын таныту мұратының менмұндалап тұрғаны шын.
Осыған дейінгі өткізілген ірілі-ұсақты басқосулар мен танымдық іс-шараларды есептемегенде, Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдық мерейтойына арналған игі іс-шаралар дүйім халықтың басын қосып, зиялы қауым өкілдерін бір арнаға тоғыстырып, 14–15 маусым күндері аталып өтті. 14 маусым Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінде «Құнанбай Өскенбайұлы: тұлға, тарих, феномен» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткізілді. Келелі кеңесте абайтанушы ғалымдар мен әдебиет зерттеушілері бүгінгі ғылым мен тұлғатану аясындағы бірқатар мәселені, қайткен күнде ғылым көкжиегін кеңейтпек керек деген мәнде түйіні қиын тақырыптарды талқылады. Ғылыми отырыста филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетов «Құнанбай – тарихи тұлға» атты баяндамасында қазақ тарихының санғасырлық өткеніне үңілгенде, халқына пана болған ел қорғаған батырлар, екі ауыз сөзбен талайдың тағдырын шешкен билер, ділмарлықпен аузына дүйім жұртты қаратқан ақпа шешендер, ел-жұртының тағдыршешті кезеңдерінде өлең-толғауларымен қалың көпке жол көрсетіп, бағдар нұсқаған ақын-жыраулар дәуіріндегі Құнанбай бейнесін алдымызға тосты. Мұхтар Әуезов өзінің суреткерлік құдіретінің арқасында Құнанбайдың сан қырлы бейнесін қазақ оқырманының көкейінен кетпестей бейнелеп берді. Одан бері де дүниеге келген ірілі-ұсақты көркем шығармаларда, тарихи еңбектерде Құнанбай тұлғасы өрнегін тапқаны белгілі. Ғалым өз сөзінде Құнанбай туралы Алаш ақиықтарының айтулы пікірлерін алға тартып, тереңнен толғады.
Қазіргі күнде Абайдың әкесінің тарихи және көркем бейнесін жарыстырып, Құнанбай тұлғасын танытуда бірқатар мәселенің ішінара туындайтыны рас. Оқырман да оның тұлғасын көркем әдеби образбен шатастырып, «солай болыпты мыс», «Мұхтар солай жазған» деген дүдәмал ойлармен шабуылға шыққысы келіп тұрады. Көркем ойдың иірімі иіп әкелген өмір заңдылығынан туған Құнанбайдың тарихи һәм көркем бейнесі хақында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Тұрсын Жұртбай «Құнанбай: тарихи және көркемдік шындық» деп өткен күндер ізіне үңілді. Көрнекті қалам иесі көркем әдебиеттің мәңгілік категориясы болатын көркем шындықтың әсерінен арылмаған әкелі-балалы екеудің, бірі – қатыгездіктің, бірі адамгершіліктің нышаны болып қалғанын, қоғамдық коллизия – қоғам мен қоғам арасындағы жанталасқан шарпысуларды айтты. Бұған қоса жерлестер арасына келген ғалым Құнанбай мен Абайға қатысты бұра тартатын деректерді, оларға қатысты тарихи мекендер мен киелі жерлер туралы да пікірін орта салды. Құнанбайдың ұлы денесі байыз тапқан Ақшоқыдағы қыстау орнын қалпына келтіру, Абай кітап алып тұрған тарихи орын – бұрынғы Н. Гоголь атындағы кітапхана ғимаратын мемлекет меншігіне қайтару туралы толғамын жария қылды.
Осы жолғы абайтану ғылымының аясын кеңейтіп басқосудың бәсін жоғарылатқан дүние – аталған іс-шараға өзге елдердегі бауырлас халықтардың келгенін білеміз. Анкара Хажы Байрам Вели университетінен PhD, қауымдастырылған профессор Бекир Түмен Сомунжуоғлы «Құнанбай және оның дәуірі» деген сөзінде Құнанбай Өскенбайұлы туралы Түркияда жеткілікті түрде танылған және ол туралы дербес академиялық зерттеулер жүргізілгенін жеткізді. Тарихи тұлғаның мешіт салып, орыс тілі арқылы заман талабына сай білім алу, діни өмірді қорғау талпыныстарын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп берді.
Халықаралық жиын орайында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Ислам Жеменейдің «Абай мектебі және шығыс тарихы мен әдебиетіндегі сана-сезім жетекшілері» кітабының тұсаукесері өтті. Қазақ әдебиетіндегі ислам дүниетанымы мен шығыс философиясын зерделеген ғалымға Шәкәрім университетінің «Құрметті профессор» атағы берілді. Конференцияда тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Ахмет Тоқтабай, Ә.Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университетінен арнайы келген ғалым Жавлонбек Жовлиев, саясаттанушы, тарихшы Жандос Қарынбаев аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлы жайындағы өз зерттеу еңбектерімен бөлісті.
Отырысты түйіндеу тұсында: «Құнанбай Өскенбайұлы – шешендіктің, көсемдіктің, әділдік пен адалдықтың бейнесі. Біз келешек ұрпақтың бойына сол қасиеттерді сіңіру арқылы нағыз ұлтжанды, батыр, шешен ұрпақты тәрбиелейміз», деп сөз алған Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұлов іс-шараға қатысқан және абайтану ғылымының өрісін кеңейтіп жүрген ғалымдар мен зерттеушілерге Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдығына арналған мерейтойлық медальды табыс етіп, алғысын білдірді.
Құнанбай Өскенбайұлының мерейтойын атап өту аясында Құрбан айт қарсаңында Құнанбайдың өзі мен жақын-жұрағаты жерленген қорым орын тепкен Ақшоқыда түйе сойылып, құрбандық шалынды. 15 маусым күні Қарауыл төбеде «Бала Құнанбайдан дана Құнанбайға дейін» атты театрландырылған көрініс пен ұлттық салт-дәстүр көрмесі ұйымдастырылды. Дүбірлі тойға жиналған еліміздің түкпір-түкпірінен келген меймандар спорттық ойындарды тамашалап, қажыға арналған асқа қатысып тарқасты.
Құнанбай қажы тұлғасын танытуға бағытталған республикалық жыр мүшәйрасының қорытындысына орай 28 ақын қатысқан жыр додасында суырылып шыққан Бауыржан Игілік І орынды иеленсе, Нұржан Байтөс ІІ орын және жас ақын Бауыржан Серікқали ІІІ орынның жүлдесін қанжығасына байлады. Астана мен Алматы, Қарағанды қалалары атынан бақ сынаған өзге де ақындар байқаудың ынталандыру сыйлығын місе тұтты. Қазақ күресінен орта салмақ дәрежесінде сынға түскен балуандар арасында Б.Ахметқали ІІІ орын, Д.Тұтқышов ІІ орын және Абай облысының абыройын асқақтатқан Қуан Барыс І орынды иеленіп, өгіз палуан атанды. Аталған спорт түрінен аса ауыр салмақта кім мықтыны анықтаған балуандар ішінен ІІІ орын Ә.Оразбаевқа бұйырса, ІІ орын Е.Қажыбаевтың еншісінде кетті. Д.Нұралинов Түйе палуан атанып, І орын иеленді.
Бұған қоса Абай ауданында өткен мәдени-көпшілік іс-шарада жұртшылық алдында 500 бала ашамайға отырып, бабадан жеткен көне салтты жаңғыртты. Жылқы десе делебесі қозып, қазақ баласының ерекше аңсары ауатын көкпар, жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, асау үйрету, аламан бәйге, топ бәйге, жорға жарысы сияқты ат спорты түрлерінің ұйымдастырылуы шетел қонақтарын әсерге бөлеп, тәнті етті. Тағы да бір айта кетерлігі, осы мерейтойда жүлделі болған жеңімпаздар мен жүлдегерлер Құнанбай заманындағыдай түйе жетектеп, үйір жылқы айдап кетті. Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдық мерейтойын ұйымдастырушылар тойдың мақсаты жүлделі болғандарға түйе мен жылқы атап, бағзы дәуірдегі бабалар ізін жаңғырту екенін тілге тиек етті.
Абай облысы