• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Маусым, 2024

2030 жылға қарай қандай мамандарға сұраныс артады?

128 рет
көрсетілді

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен Ұлттық кәсіптік біліктілік кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиында салалық біліктілік жүйелерін дамыту, кәсіптік стандарттарды әзірлеу мәселелері талқыланды, деп жазады Egemen.kz.

Кездесуде көлік және қаржы саласында жұмыс істейтін мамандарды даярлау, құзіретін арттыру тетіктері сараланды. 

Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев ведомство жанынан 6 салалық кеңес жұмыс істейтінін айтты. Олар теміржол, су, автомобиль көлігі және жолдар, сондай-ақ азаматтық авиация салаларын қамтиды. Кеңес қазірдің өзінде 711 кәсіпті қамтитын 101 кәсіби стандартты әзірлеген. Биыл жаңа 19 стандарт әзірленіп, 31-ін өзектендіру жоспарланып отыр.

Көлік министрлігінің болжамына сәйкес, 2030 жылға дейін аталған салаларға 8,8 мыңға жуық маман қажет болады. Қазір кадрлар 49 жоғары оқу орындарында және 280-нен астам колледждерде даярланып жатыр. Вице-министр оқу орындарының саны көп көрінгенімен, кейбір мамандықтар бойынша мысалы, көпірлер мен теміржолдар құрылысы бойынша оқитын студенттер аз екенін атап өтті. Сондықтан Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп гранттарды қайта бөлу мәселесі күн тәртібіне қойылмақ.

Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейілдің мәліметінше, жетекшілік ететін салада «бухгалтер» мамандығы бойынша бір кәсіби стандарт пайдаланылады. Бұл реттер АССА (Association of chartered certified accountants) халықаралық біліктілігі бойынша студенттерді оқыту және сертификаттау мәселесі қарастырылып жатыр. Осылайша, диплом алған және өз біліктілігін растаған түлектерді жұмысқа орналастыру процесі жеңілдейді.

«Сертификат тәуелсіз орталықтар тарапынан берілуі маңызды. Ол бойынша жұмыс берушінің маман біліктілігіне қатысты пікірі қалыптасады. Оқу орнының имиджі де осыған тікелей байланысты. Бір сөзбен айтқанда, біз осы немесе басқа мамандықты игеріп жатқан азаматты сапалы жұмыс орнымен қамтамасыз ету үшін жағдай жасауымыз керек», деді Тамара Дүйсенова.