«Халық» қайырымдылық қорының қолдауымен Жамбыл облысының Қордай ауданында 14-15 маусым күндері 10-11 жастағы балалардан құралған 16 команда арасында Halyk Open Cup турнирі өтті.
#АуылФутбол жобасы аясында «Halyk Open Cup» өңірлік турнирлері бұған дейін Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында өткен. Алда 11 облыста жалғасын табады және облыстық турнирлердің жеңімпаз командалары қазанда Алматыда өтетін республикалық турнирде бақ сынайтын болады.
Жамбыл облысында өткен турнирдің ерекшелігі - Қордай ауылынан «Бест» қыздар командасы бақ сынады. Бұл команда футбол ойнауды өткен жылдың желтоқсанында бастаса да нәтижелері жақсы. Биыл Бішкекте өткен халықаралық турнирде үздік бестік қатарынан көрінген.
«Халық» қоры құрылған сегіз жылға жетер-жетпес уақытта республика көлемінде түрлі бастамалар мен әлеуметтік жобаларды дамытуға 85 млрд. теңгеден астам қаржы бөлді. Қордың демеушілігінің арқасында #Ауылфутбол жобасы жаңа деңгейге көтерілді. Бір ғана мысал - жобадағы командалар санының қысқа мерзімде төрт есе, яғни 24 командадан 110 командаға дейін артуы, - деп атап өтті қордың Алматы облысы филиалы директоры Ғалымбек Жақсылықов.
Жамбылда өткен HALYK OPEN CUP облыстық турнирінде бірінші орынды Кенен ауылының «KENEN» командасы, екінші орынды Сәду Шәкіров ауылының «Шона» командасы, үшінші орынды Қордай ауылының «S.Murtaza» командасы иеленді. Сарсенбай Нұртаза (S.Murtaza) турнирдің «Үздік шабуылшысы» атанса, «Үздік қорғаушы» номинациясымен - Төлен Санжар (Шона), «Үздік қақпашы» номинациясымен - Темірбек Ержан (Қаратау), «Үздік ойыншы» номинациясымен - Атабек Аңсар (КЕNEN), «Үздік жаттықтырушы» номинациясымен КЕNEN командасының тренері Жұмабек Сұлтан марапатталды.
Барлық жүлдегерлер «Халық» қайырымдылық қорының кубоктары және эксклюзивті медальдарымен марапатталды. Ұйымдастырушылар бұл турнир ауыл балалары үшін өзін-өзі көрсетуге тамаша мүмкіндік болғанын атап өтті.
«Турнирлер көп, бірақ олар көбінесе ауыл командалары үшін қолжетімсіз. Себебі формаға ақша керек, жарыстарда ақылы, яғни 50-100 мың теңге аралығында төлем жасау қажет. Одан өзге команданы тасымалдау шығыны бар. Бұл ауыл спортындағы негізгі мәселелер. Біздің #АуылФутбол жобасы аясында «Халық» қайырымдылық қорының бас демеушілігімен 100 команда құрал-жабдықтармен және формамен қамтамасыз етіліп, турнирге қатысу үшін жол ақысы төленді және турнирдің өзі, балалар үшін тегін, ешқандай алымдар жоқ», - дейді #АуылФутбол жобасының жетекшісі Серік Мәмбетов.
Қордың бас демеушілігіне ие жобаның басты мақсаты – ауыл балаларының спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасау және спорт арқылы жан-жақты тәрбиелеу. Бұл мақсатта «Халық» қоры #АуылФутбол жобасына енген командаларды құрал-жабдықпен қамтамасыз етумен қатар құрама командалардың түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысу, арнайы базаларда оқу-жаттығу жиынынан өту шығындарына қаржылай қолдау білдіріп отыр.
Сондай-ақ, жоба аясында республика бойынша облыстардағы 100 ауыл футбол командаларының жаттықтырушылары UEFA-ның D санаты бойынша біліктілігін арттыру курсынан өтіп, сертификатталды және қосымша түрлі тренингтерге қатыстырылуда.