Самат Мұсабаев бастаған ҚР Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаты Бас прокурор Берік Асылов пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевқа депутаттық сауал жолдап, әлеуметтік желілерде халқымыздың ұлттық мәдениетіне нұқсан келтіретін, қоғамда теріс ағымдарды насихаттайтын ақпарат көздерінен сақтайтын заң нормаларын әзірлеуді ұсынды, деп жазады Egemen.kz.
Депутаттың айтуынша, әлеуметтік желілерде қазақтың ұлттық құндылықтарына ақпараттық шабуыл жасалып жатыр.
«Бабадан қалған ең қастерлі мұрамыздың бірі – киіз үй еді. Сан ғасыр бойы хандарымызға еңсесі биік ақ орда, халқымызға құт ұялаған баспана болған сол киіз үйге және басқа да құндылықтарымызға ақпараттық шабуыл да басталды. Күні кеше оюлаған киіз үйде ұлттық киім киіп, жартылай жалаңаштанып ойқастаған үшеудің әлеуметтік желіні шарлаған бейнеролигі қазақтың ашу-ызасын тудырып отыр. Халықтың бұған наразылығы әбден орынды. Ең аяулы дүниеңді аяққа таптаса, ұлттық киіммен жалаңаштанса, төріңде әуретін ашып тайраңдаса – бұл бүкіл ұлтты, дені қазақ, рухы биік елімізді қорлаумен пара-пар. Ең сорақысы – әлгі жын-ойнақтағы үш ұзынның ортадағы «сирақты примасы» ез екен», дейді ол депутаттық сауалында.
Самат Мұсабаев атап өткендей, бұл – халқымызға қарсы мысық тілеулі, теріс ниеттілердің алдын ала жете ойластырып, қазақы дүниені, ұлттық құндылықтарды құнсыздандыруға, мазақ етуге бағытталған қасақана жаулық әрекеті.
«Тал түсте төрімізде тайраңдағаны – нағыз басынғандық. Олар бүгін төрімізде тайраңдаса, ертең төбемізде ойнамасына кім кепіл?! Сондықтан бұған көз жұмып қарап, жай қалдыра салуға болмайды. «Албасты қабаққа қарап басады» деген. Бұл біріншіден, қоғамның осы әрекетке қалай үн қататынын байқайын деген астыртын сыр тарту тәсілі болса, екіншіден, ЛГБТ насихатына тосқауыл қоймақ талапқа деген ашық қарсылық, үшіншіден, өскелең буынды өз ұлттық құндылықтарынан жеріндіру әрекеті», деп толықтырды депутат.
Оның айтуынша, бұл мәселе өткен жылы да Мәжіліс мінберінен көтеріліп, барлық платформаларда, әлеуметтік желілерде ұлттық мәдениетке сәйкес келмейтін ақпараттық өнімдерді таратуға тыйым салуға, теріс ағымдарды насихаттайтын ақпарат көздерінен сақтайтын заң нормаларын әзірлеу ұсынылған еді.
Айта кетейік, таяуда қоғам белсенділері ЛГБТ насихатына қарсы петиция жариялаған. Небәрі 2 апта ішінде петицияны 50 мың адам қолдады.
«Алда өтетін петиция қорытындысын қарау отырысына қоғам белсенділерін, ұлт жанашырларын белсене қатысуға шақырамын. Бейнероликтегі ұлттық құндылықтарымызды қорлау көрінісі – әбден шектен шыққандық. Сондықтан құқық қорғау органдары осы мәселе бойынша нақты құқықтық бағасын беруі тиіс. Бұдан былай ұлттық құндылықтарымыз – домбыра, қобыз, киіз үй, ұлттық киім, ұлттық тағам секілді асыл жәдігерлерімізді қандай-да теріс мақсатта пайдалану, мазақ ету – ұлт намысына қол сұғу, ұлттың беделін түсіруге бағытталған қылмыстық әрекет деп бағаланып, қылмыстық жауаптылықпен жазалануы тиіс», деп түйіндеді депутат.
Осы орайда Самат Мұсабаев аталған бейнеролик бойынша құқықтық баға беріліп, оған қатысты нақты шара қолдануды сұрады.