Жастарға арналған «Jas kenes syіlygy» байқауымен өтініш қабылдау басталды. Бұл туралы Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес хабарлады. Байқау күнделікті жұмысы көпшілік көзіне іліне бермейтін қоғамның маңызды салаларында жұмыс істейтін жас мамандарға арналған.
Байқауда құтқарушылар, полицейлер, өрт сөндірушілер, акушерлер, жедел жәрдем қызметкерлері және тау-кен өндірісі мамандары бақ сынай алады. Жеңімпаздар «Жанқиярлық», «Алтын жүрек», «Өнеркәсіп», «Болашақ туралы қамқорлық», «Адамгершілік», «Көмек қолы», «Біздің үй» аталымы аясында анықталады.
– «Jas Kenes Syilygy» – бұл тәуелсіз сыйлық. Жобаның басқа байқаулардан айырмашылығы – басшылар мен топ-менеджерлер қатыса алмайды. Жобаның мақсатты – аудиториясы тек 35 жасқа дейінгі мамандар. Сыйлық қоғам үшін маңызды экономикалық салаларда жұмыс істейтін жас отандастарымызды көтермелеу, қолдау, ынталандыру мақсатында беріледі. Байқаудың жүлде қоры – 14 млн теңге. Әр жеңімпазға 1 млн теңгеден бөлінеді, – дейді Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі Әділ Құсманов.
Жоба Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Ол үшін іріктеу үш кезеңнен тұрады. Алғашқы сатыда өтінімдер қабылданып, жіті тексеріледі. Екінші кезеңде кандидаттардың түйіндемелері мен мотивациялық эсселері сараланады. Кейін сыйлықтың құрылтайшыларымен сұхбат болады. Нәтижесінде, әр аталым бойынша екі жеңімпаз таңдалады.
Жастар саясаты жөніндегі кеңестің бастамасымен құрылған тәуелсіз жастар сыйлығында бақ сынау үшін әр отандасымыз өтінімдерін 21 шілдеге дейін Jaskenes.kz/application сайтында қалдыра алады.