Кейінгі жылдары елімізде тұрғын үй қатынастарындағы түйткілдер жиілеп кетті. Мемлекеттік тұрғын үй қоры есебінен және мемлекеттік бағдарламалар аясында баспанамен қамту ісі біршама дұрыс жолға түссе де, мәселенің түбегейлі шешілетін түрі жоқ. Ол үшін сапалы, жүйелі заң керектігі көптен бері айтылып жүр. Жуырда Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қабылдап, Сенатқа жолдады. Жүздеген өзгерту енгізілген заң төңірегінде әлі де сұрақ көп. Ол сұрақтарға бір ғана сұхбат арқылы толыққанды жауап алу да мүмкін емес. Осы орайда заң жобасын дайындаумен айналысқан Мәжілістегі жұмыс тобының жетекшісі, депутат Ұлықбек ТҰМАШИНОВПЕН жолығып, жаңа заң туралы сұрап-білген едік.
– Ұлықбек Шабданұлы, еліміздегі тұрғын үй саясатын, халықты баспанамен қамту жүйесін реформалау, жетілдіру бастамасы қандай қажеттіліктен туындап отыр. Осы бағыттағы заңнамалық өзгерістер қашан басталып еді?
– «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң 1997 жылы қабылданған. Содан бері 27 жыл өтсе де құжатқа айтарлықтай өзгеріс енгізілмеген. Яғни заңға біраз өзгерту енгізу қажеттілігі уақыт талабынан да туындап отыр. Бұдан бөлек, заң бұған дейін Мәжілістің жетінші шақырылымның депутаттарының талқылауына түскен болатын. Олар бізге дейін жұмысты бастап қойғанымен толыққанды соңына жеткізген жоқ. Осылайша, былтыр сәуір айында осы заң төңірегінде жұмысты бастап кеттік. Бір жыл ішінде саладағы өзекті мәселелерді зерттеп, барынша зерделеп, комитетке түсіп жатқан көптеген арыз-шағымды талдаумен айналыстық.
Ал заңға өзгерістер енгізу қандай қажеттіліктен туындады деген сұраққа келсек, адамға ең басты керек дүниенің бірі – баспана. Қазақ «Үйі жоқтың – күйі жоқ» деп бекер айтпаған. Әрине, қоғам мен мемлекет үшін барлық заң маңызды. Бірақ бүгінгі қоғамда баспана мәселесін реттейтін заңнаманың өзектілігі артып тұр. Өйткені үйдің жырымен жүріп, талай табалдырықты тоздырып, бақыт шамын жаға алмай жүрген отбасы қаншама? Бұл өте өзекті мәселе болып тұрғандықтан, тұрғындардың тұрмыстық әл-ауқатын жақсартуды осы баспанадан бастағанымыз жөн.
Соңғы деректерге сүйенсек, елімізде 650 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішінде 205 мыңнан аса адам түрлі санаттағы әлеуметтік осал топқа жататын азамат. Шынтуайтына келсек, бұл заңнамалық реформаның арғы жағында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осыдан екі жыл бұрынғы тұрғын үй қатынастарын реттейтін Ұлттық даму институтын құру туралы Жарлығы тұр. Бұл институт «Отбасы банкінің» негізінде құрылмақ. Яғни «Отбасы банкіне» тұрғын үйді есепке алуды, қоюды және бөлуді орталықтандырып жүзеге асыратын Ұлттық даму институты мәртебесі беріледі.
Бұған дейін әр өңір, әр ауданда жергілікті атқарушы органдар өздері тұрғын үй кезегін жүргізіп келді. Заң жобасын зерделеу барысында жергілікті атқарушы органдардан да, уәкілетті органдардан да кезекте тұрғандардың нақты санын ала алмадық. Өйткені біркелкілік жоқ. Әр өңірден дерек әрқалай келеді. Қазір кезекте 650 мың адам тұр деген деректің өзі шала.
Қызу пікірталас, дау туғызған сәттер де болды. Бұл әрине, қалыпты нәрсе. Әсіресе Үкіметтің «Отбасы банкін» екінші деңгейлі банктер санатынан шығару туралы ұсынысына қарсы болдық, оның салдары қандай болатынын дәлелдеп, жеңіп шықтық. Егер бұлай ететін болсақ, «Отбасы банк» Ұлттық банктің бақылауынан кетіп, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қадағалауынсыз қалады. Одан бөлек, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының қадағалауынан, құзырынан шығып кеткелі тұр. Банкте 2,7 млн салымшы мен және айналымда 3,5 трлн теңге барын ескерсек, бұл өте тәуекелге толы шешім еді. Осы мәселе төңірегінде Үкіметке ұсынысты қайта қарау туралы хат жазып, мұндайға жол бере алмайтынымызды ескерттік. Заң жобасының екінші оқылымында «Отбасы банктің» Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының қадағалауында қалатынын қамтамасыз еткен шешім шығарып бердік. Онсыз да баспанамен қамту мәселесі күйіп тұрған кезде мұндай тәуекелге барудың қажеті жоқ.
– Жақында қабылданған заңда «Отбасы банкі» қарамағынан Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылатын болды. Осыған кеңірек тоқтала кетсеңіз.
– Жоғарыда айтып өткенімдей, тұрғын үй кезегіне тұру ісінде мәселе көп. Нақты цифр жоқ. Сондықтан ендігі жерде өңірлердегі кезекке қатысты барлық дерек осы орталыққа беріліп, мұнымен әрі қарай «Отбасы банк» айналысады. Алдағы уақытта заң Сенаттан өтіп, Мемлекет басшысы қол қойса, сол жарты жылдың шамасында кезек мәселесі реттелуі керек.
– Демек кезекке тұру, одан шығарудың талап-ережелері сол бұрынғы күйінде қалады. Тек жүйе цифрлық форматқа өтіп, адами фактор әрекет ете алмайтын ашықтық қамтамасыз етіледі ғой?
– Иә, бұл жерде ендігәрі бүкіл кезекке қою жұмысын Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы атқарып, оған жергілікті атқарушы органдар қатыстырылмайды. Тұрғын үймен қамту саласындағы былықтың көбі дәл осы кезек мәселесінен шығып жүргенін жасырып қайтеміз. Сондықтан бұл жүйе бұдан былай цифрлық формаға өтетіндіктен, кезектің қоғамға ашықтығы да қарастырылады. Кез келген адам электрондық цифрлық кілтімен жеке кабинетіне кіріп, өзінің қай орында тұрғанын көре алады. Тек өзін ғана емес, күмән болмауы үшін өз кезегінің маңайындағы адамдарды да бақылай алады. Қысқасы, кезекке тұру мәселесінде, жаңадан құрылатын орталық жұмысында адами фактор болмауы керек. Бұл – осы заңның талабы.
– Ал жергілікті атқарушы органдар қандай жұмыс атқарады?
– Олар да кезек мәселесін сырттай қарай алады. Бірақ қадағалау, реттеу құзыреті болмайды. Оларға қалатыны тек – тұрғын үй құрылысымен айналысу. Дегенмен үй салуға қосымша тағы бір норманы енгізіп отырмыз. Яғни әкімдіктер бұдан былай дайын тұрғын үйлерді бірінші нарықтан сатып алуларына болады. Бұл бірінші кезекте әлгі қордаланған мыңдаған кезектің тез жылжуына септігін тигізу үшін қолға алынып отыр. Мәселен, қазіргі таңда Астанада сатылмай тұрған жаңа үйлер көп. Сондықтан біз әр жарты жыл сайын әр өңірдің нарығына байланысты тұрғын үй бағасын бекітіп отырамыз. Яғни әр өңірде баға әртүрлі болады. Бір үй салу үшін кемінде екі жыл уақыт кетеді. Ал ол екі жылда қаншама адам кезегін сабыла күтіп жүреді. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар дайын тұрған жаңа үйді сатып алудың да тимділігін пайдалануы керек.
– Бүгінде сатып алу құқы берілмеген жалдамалы пәтерде тұрып жатқан отандастарымыздың да қатары аз емес. Осы орайда жаңа заң жобасындағы арендалық тұрғын үйлерді жекешелендіруге қатысты өзгертілген нормаға тоқталып өтсеңіз.
– Заң жобасын қарағанда бұл мәселе екіжақты болып тұр екен. Дегенмен біз өңірлерден ағылып келіп жатқан хаттарды, қоғамдық, жеке қабылдауда болған азаматтардың талап-өтініштерінің көптігін ескеріп, бұл жайтқа бейжай қарай алмадық. Әлеуметтік осал топтағы азаматтар санының өзі 51 мыңнан асады. Ал бұдан бөлек еш санатқа кірмейтін, жалдамалы пәтердегі журналистер, мәдениет пен өнер адамдары, өкіметтің мұнан өзге де қызметінде жүрген мамандар аз емес. Қолда олардың нақты саны жоқ, бірақ 15-20 мыңдай деп топшылауға болады. Олар қашанғы жалдамалы пәтерде жүре бермек. Бұдан былай сол арендалық баспаналар жекешелендіріледі. Алғашында бес жылдан кейін дегенбіз, бірақ кейін ол шектеу нормасын алып тастадық.
– Жекешелендіру тетігін кеңірек түсіндіре кетіңізші...
– Әрине, отандастарымыз жекешелендіруді тегін екен деп түсініп қалмау керек. Біз ең алдымен пәтерді жылдық құны 2 пайыздық амортизациясы шегерілген қалдық құнымен жекешелендіруге тоқтадық. Қалдық құны дегеніміз не? Естеріңізде болса, «Нұрлы жер» бағдарламасымен 2017 жылы арендалық тұрғын үйлер беріле бастады. Мәселен, Астанада 2017 жылы бір үйді шартты түрде 8 млн теңгеге сатып алды дейік, содан бергі жеті жылдың ішінде ол үйдің жыл сайынғы 2 пайыздық амортизациялық төлемі 14 пайыз болды. Яғни 8 миллионның 14 пайызы шегеріліп, одан 6 880 000 теңге қалып тұр. Қалдық құны деген осы. Енді сол 6 880 000 теңге қалдық құнының 30 пайызын (2 064 000 теңге) алғашқы жарна ретінде құйып, қалған соманы (4 816 000 теңге) еш пайызсыз 10 жылға дейін бөліп төлеп отырасыз. Бұл шамамен айына 40 133 теңге болады.
Бұл жерде ескере кететін жайт, үйді жалға алған кезде құны қандай болса, қанша жыл өтсе де сол бағада қала бермек. Одан бөлек, жекешелендірудің бұл түрі ерікті түрде жүзеге асады. Мемлекет ешкімді күштемейді. Қаласаңыз сол жалдамалы пәтерде өмір бойы тұра бересіз, ол балаңызға да қалады. Сізден үйден ешкім тартып алмайды.
– Бұл жекешелендірумен қай мекеме айналысады?
– Бұл іске банктер араласа алмайды. Тек жергілікті әкімдіктерге барып, бүкіл мәселені солар арқылы реттейсіз. Әкімдік арнайы есепшот береді, сол есепшотқа тиісті берешегіңізді ай сайын төлеп тұрасыз.
– Бұл жүйе Үкіметке, жалпы экономикаға тиімсіз болып қалмай ма? Үкімет оң қорытындысын қалай берді? Қаржыландырудың бумеранг жүйесі қарастырылған ба?
– Заң жобасы қаралып жатқанда Талдықорған қаласының тұрғыны – сегіз баланың анасы қабылдауыма келді. Көпбалалы ананың ай сайынғы арендалық пәтер құнын төлей алмай жүргеніне бір жылдан асыпты. Сондағысы айына сегіз мың теңгедей екен. Осыған қарап-ақ мұндай жағдайдағы жандар ел ішінде аз емес екенін түсінуге болады. Сондықтан жекешелендіру нормасының қабылдануында бірінші кезекте елдің тұрмыстық жағдайы ескерілді. Ал экономикалық жағына келер болсақ, жекешелендіруден түскен қаражат қайта айналып, тұрғын үй құрылысына жұмсалмақ.
– Жаңа заң нормасына сәйкес, кезінде апатты деп танылған үйдің орнына берілген баспананы да жеке меншікке шығарып алуға бола ма?
– Бұл мәселе де дәл арендалық үйді жекешелендірген сияқты қағидалармен жүзеге асады. Қолда бер дерекке жүгінсек, қазір елімізде апатты жағдайдағы 3 700 баспана бар екен. Осы отбасылардың бәрі жекешелендіру құқығымен жаңа үй ала алады. Бұл жұмыс қайта жаңғырту бағдарламасының аясында, жергілікті әкімдіктер арқылы іске асырылмақшы.
– Біздің түсінгеніміз, дәл қазір елдегі тұрғын үй қатынастары бағытындағы заңнаманы реформалап, деректер базасын жүйелемей, кезекті бір орталыққа шоғырландырып, ақпарат алудың, қоғамдық бақылаудың ашықтығын қамтамасыз етпей нақты нәтижеге қол жеткізу екіталай болып тұр ғой?
– Рас айтасыз. Ең алдымен жүйелі заң керек. Сосын құрылғалы отырған Тұрғын үймен қамту орталығы жарты жыл ішінде кезектегі жүйесіздіктің бәрін реттейді. Сол кезде біз қазір 650 мың деп отырған тізім мүлдем басқаша болып шығуы әбден мүмкін. Қысқасы, тұрғын үй төңірегіндегі нақты картинаны көреміз. Осы орайда тағы бір норманы халыққа айта кету керек. Бір адам кезекке тұру үшін оның отбасының қалған мүшелерінің ешқайсының атында үй болмауы керек.
«Көш жүре түзеледі» дегендей, енгізілген өзгерістер мен толықтырулар арқылы мәселені түбегейлі шештік деп айтуға әлі ерте. Керемет бір тетікті де көріп тұрған жоқпын. Бірақ ең бастысы – сең қозғалды. Бұл салада заңнамалық тұрғыдан атқарар жұмыс мұнымен бітіп қалмайды. Дегенмен жұрт көптен күткен нормалар заңға енді. Жаңадан қосылған нормалардың жалпы саны 500-ге жуықтайды. Ақпараттандыру жұмысы арқылы мұның барлығы халыққа жеткізілуге тиіс.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Жасұлан СЕЙІЛХАН,
«Egemen Qazaqstan»