• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жәдігер 20 Маусым, 2024

Жыр жүйріктері

138 рет
көрсетілді

«Өлеңге Жамбыл жүйрік, әнге Кенен, Су жорға Үмбетәлі қара дөнен», деген құлагер ақын Ілияс Жансүгірұлы жырының айғағы дәл осы сурет іспетті. Тарихи фото 1943 жылы Жамбыл ауылының ауласында түсірілген.

Табиғатынан көпшіл ақынға қашанда ма­ңайына жанарында жарқыл, бойында таланты бар жастарды жинап, жан жадырататын жақсы қасиет тән болған. Соның бір дәлелі де осы сурет секілді. Топтасып түскен бұл кадрдағы көп ішінен көзге ерекше жылыұшырайтын үш бейне – Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кә­рібаев. Тарихи фото қос ақын­ның жыр алы­бына сәлем бере келген кезінде түсірілсе керек.

Жамбыл бабамыз ақын, әнші, композитор Кененнің өнерін Қырғыз жерінде өткен алқалы жиындардың бірінде көріп қалып, саңқылдаған дау­сын естіп, адамдық асыл қасиет­теріне бас иіп, жанына жақын тартады. Өзіне өмірлік шәкірт етеді. «Кененнің көмейіне бұлбұл ұя салған», деп ерекше мақтанып, марқаяды екен әр кездескен сайын ақын. Қыр­ғыз еліндегі сол бір таныс­тықтан соң жанынан бір елі жырықтатпаған жа­қынын Жамбыл Жабаев 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің он­күндігіне барғанда да, Шота Руставелидің тойына сапарлағанда да өзімен бірге ертіп жүрген екен. Шә­кіртіне отырыстарда ән айт­қызып, өткен-кеткенді еске алып, кө­ңілін көріктендіріпті. Кенен Әзірбаев жыр алыбының өмір­дегі өле-өлгенше сыйласып өткен қадірлі інілерінің бірі болған. Қос тұлға арасында ұр­паққа үлгі боларлық ағалы-інілі ке­ремет сыйластық, аңыз­ға бер­гісіз тағылымды достық болған деседі.

Халық ақыны, «Жетісудың желмаясы» атанған жыр жүй­рігі Үмбетәлі Кәрібаев та Жамбыл ақынның жүрегін жаулаған жақсы інілерінің бірі болған. Айтыс десе дүниені ұмытқан дүлдүл дарын жыр алыбын айрықша құрмет тұ­тып, жиі хал сұ­расып, сыйласып өтіпті. Бұл туралы бел­гілі әдебиеттанушы, академик  Уәлихан Қалижанов: «Жам­­был мен Үмбетәлі – қал­жыңы жарасып, өмірде де, өнерде де өте қатты сыйласып өткен жандар. Бірде Жамбыл ауы­рып жатқанда Үмбетәлі кө­ңіл сұрай барыпты. Әңгіме үстінде айтыскер інісінің үнсіз қалғанына шыдамаған ақын: «Әй, Үмбет, неге үндемей отыр­сың», деп домбырасы­мен түртіп қағыта өзіне қара­тады да: «Бойыңды керіп, аяғыңды жиып, домбыраңды қағып отырып өлең айтсаң, өнер қал­ғымайды», депті. Кез келген жағдайда, тіпті дас­тарқан басында отырса да, сырқаттанып жатса да, Жам­был бабамыз әр сөзін осылай поэзиялық көр­кемдікпен сабақтаған», дейді.

Иә, тұлғалар бай­ланы­сы­ның өнегесін көрсеткен бұл суреттің тарихы ерекше.