• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 21 Маусым, 2024

Отандық медианы қолдау күшейеді

112 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы қол қойған жаңа құжат – «Қазақстан Республи­касының кейбір заңнамалық актілері­не масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң еліміздің медиа ке­ңістігінің дамуына оң әсерін тигізеді деп сенемін.

Мемлекеттік тілді дамыту – мемлекеті­міздің басым бағыттарының бірі. Қазіргі таңда шетелдік теле және радиоарналар отандық контентті таратпайды. Осы­ған байланысты шетелдік теле және радио­ар­наларға отандық өнімдерді жалпы теле және радиобағдарламалардың кемінде он пайызына жеткізу міндеттемесін бекіту ұсынылады.

Заңның негізгі ерекшеліктері қандай?

Бірінші, журналистердің құқықтарын қорғау бойынша қоғамдық және кәсіби кеңестер құрылады. Бұл кеңес журналистердің мүддесін толық жеткізе алатын, қорғай алатын институт болуға тиіс.

Екінші, төтенше жағдайларда журналис­тердің құқықтарын қорғау мәселесі. Төтенше жағдайларда өз міндеттерін атқару кезінде журналистер өміріне үлкен қауіп төнуі мүмкін. Бұдан былай БАҚ жаңа заңға сәйкес өз қызметкерлерін әлемдік жетекші ақпарат құралдары тәжірибесіне сай қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуге міндетті.

Үшінші, журналистік этика. Журналис­тердің қызметі қоғамдағы саламатты атмо­сфераны дамытуға және қауіпсіз ақпараттық кеңістікті қалыптастырудың кепілі.

Төртінші, отандық БАҚ-ты қаржылық қолдау сапалы ақпараттық өнім шығаруға мүмкіндік береді. 

Бесінші, уәкiлеттi органға БАҚ-ты жалпыға ортақ, ұлттық, мәдени және отбасылық құндылықтардың бұзылуына мониторинг жасау құзыретi берілмек.

Алтыншы, мемлекеттік ақпараттық саясат жөніндегі республикалық комиссияның құрамына бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы қоғамдық бірлестіктердің өкілдері енеді.

Жетінші, мемлекеттік және мемле­кеттік емес БАҚ ұғымдары ажыратылады. Ол қоғам­дық ұйымдар мен БАҚ са­рап­шыларының ұсыныстары негізінде қарастырылды.

Сегізінші, БАҚ-ты мемлекеттік қар­жылан­дыру мәселесіндегі ашықтық. Заң жобасында қазірдің өзінде БАҚ саясатының ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған гранттық қаржыландыру тетігі қарастырылған.

Тоғызыншы, аккредиттеу картасы. Қазіргі таңда журналистер түрлі іс-шараларға қол жеткізу үшін мемлекеттік органдарға жүйелі түрде өтініштер мен құжаттарды тапсырып отыруы керек. Алайда кейде бұл үрдіс ұзаққа созылады және бюрократиялық кедергілерге тап болады. Аккредиттеу картасы цифрлық платформа арқылы беріледі деп жоспарланып отыр. Алаңда мемлекеттік органдардың іс-шаралары өтеді, журналистер бір-екі минут ішінде өтініш бере алады. Бұл олардың ақпарат көздеріне қолжетімділігін жеңілдетеді.

 

Айгүл ҚАПБАРОВА,

Сенат депутаты