• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Алматы 21 Маусым, 2024

Халықтың қалауы орындалды

87 рет
көрсетілді

Алматыда қордаланған мә­селе аз емес, өрке­ниет­тің жалына жар­масып, да­­мы­ған мегаполистердің қа­та­рына қосылу үшін әлі де талай шаруа атқарылуға тиіс. Соның бірі абаттанып үлгермеген аудан­дар болса, Наурызбай ауда­нын­дағы қараусыз қалған аумақ­та ойын және спорт алаң­дары бар заманауи сквер бой көтергені жер­гі­лікті әлеуметтің көңіліне шуақ сеуіп, шын мәнінде өмір­­лерін өзгертті.

Қазірдің өзінде күн сайын­ жаңа скверге 800-ге жуық бала баратыны бел­гілі болып отыр. Алматының Наурызбай ауданы, Қалқаман ша­ғын ауданындағы көлемі 0,8 га болатын жаңа қоғамдық орынды кө­руге барған Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев жергілікті тұр­ғын­дардың риясыз қошеметіне бөленді десек әсіре айталған сөз емес.

Ақиқатында бұрын бұл аумақ қараусыз жатқан жер болған, ал қазір «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының арқасында елдің бос уақытын өткізетін әдемі және ыңғайлы кеңістікке айналды. Күн сайын алаңға мыңға жуық адам барса, жоғарыда атап өткендей, оның 800-ге жуығы – балалар мен жасөспірімдер.

Жұртқа жайлы болуы үшін 2 мың шаршы метр жаяу жүргін­ші­лер аймағы абаттандырылып, 17 балалар ойын кешені мен 13 спорт­тық тренажер орнатылды, баскет­бол-волейбол алаңдары, футбол алаңы, теннис үстелдері бар. Сонымен қатар 400-ден астам жасыл желек отырғызылды, авто­мат­тандырылған суару жүйесі орнатылды, жаңбыр суын бұру үшін арық жүйесі жабдықталды.

Жергілікті халыққа қала әкімі Ерболат Досаевпен дидар­ласу­дың сәті түскен кезде Наурызбай ауданының тұрғыны Зәуреш Мұс­тафаева: «Жыл сайын біз­дің ауданда жаңа демалыс алаң­­дары салынып жатқанына қуа­ныш­тымыз. Бұрын бұл учаске қараусыз жатқан соң мұнда белгілі бір тұрғылықты жері жоқ жандар мекендейтін. Қазір бұл заманауи алаңға айналды, мұнда барлығы қарастырылған. Жаңа демалыс орны кішкентай балалар үшін тіпті жақсы болды. Олар күндіз-түні осында ойнайды. Мұнда жасөспірімдер мен жас­тар спортпен шұғылдана алады. Зейнеткерлер де осында демалады. Осы жерге патрульдік  күзетті күшейтуді сұраймыз», деді.

Тұрғындармен кездесу барысында қала әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бейнемониторинг жүйесінің 600 камерасы орнатылатынын­ жеткізді. Олардың үшеуі жаңа алаңға орналастырылған. Каме­ралардан бейнематериалдар бірден қала полициясына келіп түседі.

«Алдағы уақытта мұнда та­ғы 4 камера орнатып, осы ар­қы­лы тұрғындардың толық қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Біз жаңа форматтағы сквер салдық. Мұнда әртүрлі ойын және спорт алаңдары, кіші сәулет пішіндері, соның ішінде ағаштан жасалғандар бар. Бірте-бірте біз жергілікті тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін жаңа қоғамдық кеңістіктер құрып, жақсартатын боламыз. Мысалы, біз Қарғалы өзенінің жағасында серуендеу айма­ғын құруды жоспарлап отыр­мыз», деді қала басшысы.

Оған қоса «Халық қатысатын бюд­жет» (ХҚБ) аясында Нау­рыз­бай ауданында биыл барлығы 2,5 млрд теңгеге 40 жоба іске асы­рылмақ.

Жалпы, Алматыда биыл «ХҚБ» жобасына 18,8 млрд теңге бөлін­ген, бұл өткен жылмен салыс­тырғанда 5,8 млрд теңгеге артық. Қала тұрғындары аулаларды, қоғамдық кеңістіктерді абат­тандыру, спорт және ойын алаң­да­рын құруда 364 жоба ұсынып, өз үлестерін қосуға, қалауларын білдіруге мүмкіндік алды.

 

АЛМАТЫ