• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Рекорд 21 Маусым, 2024

Әлем рекорды жаңарған күн

90 рет
көрсетілді

Астана қаласындағы ІІМ Ұлттық ұланның авиациялық базасында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылды.Ұлттық ұлан – iшкi iстер органдарының бiрыңғай жүйесiне кiретін, қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, адам құқықтары мен бостандығын қылмыстық, өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтан қорғауға арналған құрылым. Ол полиция секілді қоғам ішіндегі тәртіп пен қауіпсіздікке жауапты болғанына қарамастан, әскери ұйым болып саналады. Сондықтан өзіне тиесілі әскери бөлімдері, соның ішінде авиациялық базалары бар. Соның бірі – елордалық әуе айлағынан орын тепкен су жаңа 3656 әскери бөлім.

Бұл авиабазаны биыл 3 ма­мырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы барып ашқанын жазған едік. Сол салтанатты жиында Президент: «Авиациялық базаның ашылуы – Ұлттық ұлан ғана емес, бүкіл əскеріміз үшін айтулы оқиға. Бұл база күштік құрылымдардың əлеуетін едəуір арттыруға мүмкіндік бе­реді. Ұшқыштардың шұғыл əрекет етуіне жағдай жасайды. Мемлекет Қарулы Күш­терді жабдықтап, əскери ин­фрақұрылымды дамыту мəсе­лесін айрықша назарда ұс­тайды», деген болатын.

Қызметін енді бастап, өрістетіп жатқан әскери бөлім­дегі баспасөз туры аясын­да журналистерге экскурсия ұйым­дастырылып, авиа­ба­заның ин­фрақұрылымы, мә­дени-демалыс орталығы, спорт кешені, ұшақтары мен тік­ұшақтары, сондай-ақ ұш­қыш­тар мен инженерлік-тех­никалық құрамға арналған асханасы таныстырылды. 

Әуе эскадриля  командирі­нің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Талғат Булановтың айтуынша, Ұлттық ұлан авиабазасы – тек құқықтық тәртіп әскерінде ғана емес, еліміздегі заманауи ин­фрақұрылымы бар жаңа әскери нысан.

– Біздің ұшқыштар еліміз­де болған су тасқыны зардаптарын жоюға белсенді атсалыс­ты. Ұландық авиация халықты құтқару жұмыстарына көмек­тес­ті. Қандай жағдай болсын, олар жауынгерлік тапсыр­ма­­ны орындауға дайын, – дейді ол.

Оның айтуынша, дәл осы базада тұрған ұшақтар өткен жылы Түркия мен Сирияда жер сіл­кінісі болғанда сол елдерге гу­манитарлық көмектер­ді жет­кізген. «Бұлар – біздің елі­міз­­дегі ең қуатты жүк та­сымал­дағыш ұшақтар. Түр­кия мен Сириядан бөлек Ауғанстан­ға да гуманитарлық жүктерді жет­кіздік», деді ол.

Журналистер жаңа әскери ұшақтар мен тікұшақтарды тамашалап, әскери техниканың жұмысымен жақынырақ таны­суға мүмкіндік алды. Жеке құрам мен жүктерді, сыртқы аспада ірі габаритті жүктерді та­сымалдауға, іздестіру-құтқа­ру операцияларын жүргізу­ге, зардап шеккендерді эвакуа­ция­лауға т.б. арналған әуе ке­мелері кез келген тапсыр­маны орындауға сақадай сай тұр. Бізді әсіресе Қытайда тапсырыспен жасалып, биыл ғана әкелінген су жаңа Y-8 ұшағы қызықтырды.

– Бұл ұшақтың максималды жылдамдығы – сағатына 550 шақырымды құрайды. 10 шақырымға дейін жоғары кө­теріліп ұша алады. Әуе ке­ме­сінің ұзындығы 34 метр, қа­наттарының ұзындығы – 38 метр. Ішіне 86 адам сыяды, 20 тоннаға дейін жүкті көте­ре алады. Ұшақта 4 қозғалтқыш ор­натылған. Бұл ұшақ әртүрлі тапсырманы орындай алады. Ауыр жүктер мен әскери техни­ка­ларды да тасымалдайды, – деп таныстырды әуе кеме­сі­нің борт инженері Марлен Мұстафин.

Баспасөз турының ең қызық­ты сәті – ІІМ қызметкері, под­полковник Бауыржан Ка­ма­­лиевтің 32 тонналық әске­ри ұшақты сүйреуден әлем рекордын жаңартты. 40 жастағы спортшы эсктриммен айналысатын ауыр атлет ретінде танымал. Ол АН ұшағын 10 метрге сүйреп, Қазақстанның рекордтар кітабы ұйымынан келген арнайы өкіл еліміздің және әлемнің рекорды жаңарғанын ресми түрде растады.

– Бұл рекордты алда келе жат­қан Полиция күні мере­кесіне арнаймын. Оңай болған жоқ. Не бел кетеді, не белбеу кетеді деп тәуекелге бардым. Құдайға шүкір, мақсатым орындалды. Бұл – орындап отырған алтыншы рекордым. Қа­зақтың әрбір жігіті қуатты, жігерлі болуы керек. Өз елін, өз жерін қорғауға дайын болуға тиіс, – деп әсерімен бөлісті жаңа рекорд иесі.

Айта кетсек, бұған дейін Бауыржан Камалиев пойыздың екі локомотивін, 10 «Toyota Land Cruiser» көлігін, «Airbus» ұшағын және Ми-19 тікұшағын сүйреп рекорд орнатқан еді.

Баспасөз туры барысында әскери киім үлгілерінен және көлік түрлерінен көрме ұйымдастырылып, одан кейін журналистер сарбаздар асханасынан дәм татты. Бір айта кетерлігі, әскери бөлім асха­на­сының мәзірі кейінгі уақытта қазақтың ұлттық тағамдарынан әзірленетін болған. Оның ішінде ет, бауырсақ, құрт се­кілді тағамдар қойылады.

БАҚ өкілдері осы күні А-74 автоматы мен Макаров тапаншасын шашып-жинаудан, норматив тапсырудан байқауға қа­ты­сып, өзара мықтыны анық­тады. Жеңімпаздар Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан бас қолбас­шы­сы, генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың атынан грамотамен марапатталды.

Айта кетейік, Ұлттық ұлан авиациясы ІІМ-нің күштік құ­рам­дас бөлігі ретінде күштер мен құралдарды қолдану ке­зінде пайдаланыла­ды, Қару­лы Күштердің, ҰҚК Ше­кара қызметінің авиациялық құ­рамалары мен бөлімдерін бі­ріктіретін және елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесіндегі неғұрлым жоға­ры технологиялық, жауынгер­лік және ұтқыр құралдардың бірі саналатын Қазақстан­ның мем­лекеттік авиациясының құрамына кіреді.

Елордада Ұлттық ұланның авиациялық базасын орналас­тыру күштер мен құралдарды кез келген тапсырманы орын­дау орнына уақтылы жет­кі­­зу­­ді қамтамасыз етеді. Осылай­­­ша, Ұлттық ұланның бөлім­ше­леріне әуеден барлау жүргі­зіп, қылмыскерлерді іздеу, ­зардап шеккендерді эвакуа­ция­лау үшін ұшып шығу, авиациялық қолдау көрсету уақыты қысқартылды.