• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Оқиға 21 Маусым, 2024

Мәулен Әшімбаев Тәжікстан делегациясымен кездесті

91 рет
көрсетілді

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев Тәжікстанның Маджлиси Оли Маджлиси милли Төрағасының бірінші орынбасары Раджаббой Ахмадзодамен кездесті. Кездесу барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастарды және парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәулен Әшімбаев Тәжікстан Қазақстанның стратегиялық серіктесі және маңызды одақтасы екенін атап өтті. Кездесуде Мемлекет басшыларының жеке достық пен сенімге негізделген байланысы мен сындарлы диалогы осындай тиімді ынтымақтастықтың кепілі екені айтылды.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы екі ел Парламенттерінің Палаталары арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның бірінші отырысына назар аударып, оның қорытындысы бойынша қол қойылған Парламентаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жол картасы аясында өзара іс-қимылды арттырудың маңызы зор екенін айтты.

«Елдеріміз арасындағы қарым-қатынас барлық салада қарқынды дамып келеді. Стратегиялық байланысымызды одан әрі арттырудың маңызды тетіктерінің бірі парламентаралық ынтымақтастықты нығайту екені анық. Парламенттеріміздің Палаталары арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның екінші отырысы барысында белгіленген міндеттер алдағы бірлескен жұмысымызда айрықша мәнге ие. Олар климаттың өзгеруіне қарсы күрес, су ресурстарын тиімді пайдалану және басқа да мәселелерде өзара серіктестікті нығайта түседі деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды дамыту мәселелеріне де назар аударды.

Өз сөзінде Раджаббой Ахмадзода кездесу үшін Мәулен Әшімбаевқа алғысын білдіріп, алдағы уақытта Парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Сонымен қатар кездесу барысында тараптар ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатында достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарт жөнінде пікір алмасты. Аталған құжат Шолпан-Ата қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуінде келісілген еді.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті