• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Айбын 21 Маусым, 2024

«Айбын-2024»: «Күшіміз бірлікте» тактикалық ойындарының жеңімпазы анықталды

176 рет
көрсетілді

Финалдық ойындарға Ақмола облысының, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің «Жас десантшылар», Қарағанды қаласындағы Талғат Бигелдинов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің командалары қатысты. Ал ақтық сында Қазақстан намысын Астана қаласының Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледж қорғады, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Күшіміз бірлікте» әскери-далалық тактикалық ойыны «Айбын» X халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының шешуші сайысы болды.

Газтұмылдырықпен, су құйылған құтымен, компаспен, санитарлық сөмкемен және автоматтың макетімен жабдықталған жас жауынгерлер бағдарлау, түрлі кедергілер мен мина-жарылғыш тосқауылдарды және аймақтың ластанған учаскесін еңсеру дағдыларын көрсетті. Соңғы кезеңде командалар жаудың барлау-диверсиялық тобының тірек пунктін тауып, оны бейтараптандыру міндетін орындауы керек болатын. Нәтижесінде, жеңіс Қарағанды қаласындағы Талғат Бигелдинов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушілеріне бұйырды.

Өткен бейсенбіде жүгіру мен арқан тартыстан жарыстар ұйымдастырылды. Сонымен қатар әскерилендірілген эстафета  өтті.

Жасөспірімдер арасында 3 шақырымға жүгіруде өңірлер арасындағы командалық есепте бірінші орынды Алматы қаласының құрамасы, әскери бөлімдер жанындағы әскери-патриоттық клубтардан Әуе қорғанысы күштерінің «Бес қару» командасы, әскери оқу орындары ішінен Алматы қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі, мемлекеттер арасында Қырғызстан иеленді.

Одан бөлек жеке есепте өңірлер арасындағы жарыстың осы түріндегі үздік нәтижені (10 мин. 39 сек) алматылық Әли Мәдениет көрсетті. Әскери бөлімдер жанындағы әскери-патриоттық клубтар арасында Төтенше жағдайлар министрлігінің «Б.Т. Керімбаев» ӘПК тәрбиеленушісі Сәтпай Боранқұлов (10 мин. 30 сек) озды. Еліміздің әскери оқу орындары арасында Алматы облысының «Арыстан» мамандандырылған лицейінен Мирас Маутан 10 мин. 36 секундта мәреге жетіп, үздік атанды. Байқауға қатысушы шет мемлекеттер құрамалары арасынан қырғызстандық Әзімбек Медетбеков (10 мин.54 сек) жеңіске жетті. 

Өңірлік командалардан қыздар арасында бір шақырым қашықтықты жалпы уақыты 18 минут 11 секундта еңсерген Алматы қаласына бірінші орын иеленді. Бұл жарыста әскери бөлімдердің әскери-патриоттық клубтар тобында Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының «Хан Сұлтан» командасы (18 мин.17 сек.) жеңіске жетті.

Жеке есепте әскери бөлімдер клубтары санатында 3 мин. 9 сек нәтижесімен бірінші орынды Төтенше жағдайлар министрлігінің «Б. Т. Керімбаев» ӘПК өкілі Алиса Тротно жеңіп алды. Байқаудан тыс өнер көрсеткен өзбекстандық спортшы Райхона Хамроеваның уақыт көрсеткіші – 3 мин. 18 сек.

Өңірлер арасында арқан тартыста Жамбыл облысының құрамасы үздік деп танылды. Әскери бөлімдердің ӘПК ішінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының «Болашақ» командасы, оқу орындарынан «Арыстан» мамандандырылған лицейі, қатысушы мемлекеттерден Беларусь елінен келген Минск Суворов әскери училищесінің командасы жеңіске жетті.

Бес кезеңдік әскерилендірілген эстафета байқауына қатысушылар АК-74-ті бөлшектеу және құрастыру нормативін орындап, газтұмылдырық пен жалпы әскери қорғаныс костюмін киюден жарысты. Сынақтарға зақымданған жерден өту, сым қоршау астында жорғалау және садақ ату кірді.

Өңірлер арасында эстафетаның барлық кезеңдерінен өтуде Ақмола облысының құрамасы 4 минут 40 секундта үлгеріп, үздік уақыт көрсетті. Әскери бөлімдердің әскери-патриоттық клубтары ішінде Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының «Хан Сұлтан» командасы (4 мин.19.10 сек) көзге түсті. Оқу орындарының арасында Атырау облысының «Сармат» мамандандырылған әскери мектеп-лицей-интернатының тәрбиеленушілері (5 мин. 44 сек) бар кезеңдерде озып шықты. Қатысушы мемлекеттер арасында Қазақстан құрамасы жеңіске жетті (4 мин. 31 сек.). 

«Айбын» X халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының жабылуы және жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі ертең өтеді.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті