Ерте заманда қазақ мергендері ат үстінде шауып келе жатып сырық басына іліп қойған жамбыны атып түсіру үшін ат таңдаған. Өйткені мерген мінетін ат толық үйретілген әрі сезімтал, иесінің тақым қысуы мен тізгін қаққан сәтін қалт жібермей аңғаратын ақылды, шабысы өте жайлы, жұмсақ болғаны дұрыс.
Сол себепті бағзы заманда мергендер жамбы ату үшін жүрісі тайпалған су жорға мінетін болған. Өйткені жорғаның жүрісі жайлы, жылдамдық ырғағы біртекті. Мұндай жылқыны қазақ «жамбы аты» деп әспеттеген. Жамбының аты – шауып немесе жорғалап келе жатып, нысана – жамбыға жақындағанда қозғалысын аса жайлы тыныш ырғаққа ауыстыра білетін қабілетті болуға тиіс.
Көне деректерде мерген астындағы атының төрт тұяғы жерден бір сәтке қатар көтерілетін кезін түйсігі арқылы аңдайтын болған. Дәл осы кезде жебе босатқан жағдайда оның нысанаға дөп тию мүмкіндігі зор.
Халқымыздың тарихи жырлар санатына жататын «Бөгенбай батырдың бірінші жорығы» атты жырда (Молдажан Жадайұлының нұсқасы. – Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004. 58-том.147-б) батырдың жамбы ату үшін мінетін атын «Жамбы кер» атағаны айтылады:
«Екеуі қала берді амандасып,
Бет алып тартты жалғыз Күншығысқа.
Хош айтып жүріп кетті Бөкең батыр,
Астында жамбы кер ат, қолда шатыр».