• RUB:
    5.45
  • USD:
    465.52
  • EUR:
    498.2
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан 21 Маусым, 2024

«Хат қоржын»

51 рет
көрсетілді

Өз көлігіміз болғанға не жетсін!

Тараз – еліміз химия өнеркәсібінің қайнаған ортасы. Автомобиль жасау өнеркәсібіне қажетті дүниенің бәрін осы Әулиеата жерінен табуға болады. Көлік шығарумен байланысты өңірде қаншама зауыт, фабрика, комбинат ірге көтерер еді. Осы орайда Тараз бен Шымкент қалаларындағы машина жасау зауыттарының өндірістік, техникалық, аталған қалалардағы жоғары оқу орындарының зияткерлік қуаттарын пайдаға асыруға кең жол ашылатыны анық. Сондай-ақ машина жасауға тікелей қатысатын бірлескен кәсіпорындар құру үшін алыстағы АҚШ пен қиырдағы Жапония немесе Корея емес, Еуропадағы еңселі ел – Германиямен әріптестік орнатсақ, ұтарымыз көп болмақ.

 

Кезінде ГФР мен ГДР-ді бөліп тұрған бетон қабырға орнынан небәрі 18 шақырым жерде әйгілі «Фольксваген» зауыты орын тепкен. 2016 жылы жұмыс сапарымен Германияда болып, зауытқа мамандар даярлайтын орталықтың жұмысымен танысқан едік. Бұл зауыттың немістің алты қаласында, Еуропа мен Азия, Америка мен Африка құрлықтарының бірқатар елінде филиалдары жұмыс істейді. Мәселен, Қытайдың Шаңхай шаһарындағы филиалы жылына 300 мыңдай автомобиль шығарады екен. Мамандар даярлау мәселесімен қатар, жұма сайын кәсіпорын ішін, цехтарды аралаған кезде әсіресе жеңіл машина жасау технологиясына зер салдық. Шіркін, Қазақстанда осынау алып зауыттың оннан бір бөлігі жұмыс істесе қандай керемет болар еді деп армандадық.

«Фольксваген» зауыттарында бір күнде 4500 автомобиль шығарылады екен. Егер Қазақстан-Германия бірлескен кәсіпорны құрылар болса, оның болашағы зор болатынына еш күмән жоқ. Ең әуелі бұл елімізді Еуропадағы бірінші экономикамен тығыз байланыстырар еді. Екіншіден, Отанымыздағы неміс ұлты өкілдерінің тұрақтап қалуларына септігін тигізетін болады. Үшіншіден, Қазақстанда машина жасау ісінің дамуына оң ықпал ететіні түсінікті. Бірлескен кәсіпорынның жанынан конструкторлық бюро құрып, төл машинамыздың үлгі-моделін жасауға да мүмкіндік туар еді. Жеңіл көлігімізге «Тайбурыл» деп ат берсек, оның ұлттық рухымызды бір көтеріп тастайтынына ешкім дау айта қоймас.

Қысқасы, ерте ме, кеш пе, елімізде өз автомобиліміз болу керек. Сондықтан осы бағытта алғашқы қадам жасайтын уақыт жетті деп есептейміз. Бұл маңызды мәселенің тым созылып кетпеуі үшін үкімет тарапынан нақты бір шешім қабылданса, нұр үстіне нұр болатыны анық. Әйтпесе, сыртта шығарылған көліктер елімізге әкелінгенше өз құнынан кем дегенде екі есе қымбаттап шыға келетінін көзіміз көріп жүр. Оның үстіне, барлық елде автомобиль өнеркәсібін құру мемлекеттің индустриялық тұрғыдан алға озуын қамтамасыз ететін фактор ретінде қарастырылады. Ал кезінде базбіреудің «бәрібір біз «Мерседес» шығара алмаймыз, сондықтан оны сырттан сатып алған анағұрлым тиімді» деген сөзі ақылға қонымсыз сандырақ болып шықты. Бұған бүгінгі Қытай автоөндірісінің даму қарқыны айқын дәлел.

Сағын БОЛАТБЕКОВ,

Мәкен САЯҚОВ,

Тараз қаласының тұрғындары

Жамбыл облысы

 

 

Азаматтығымен аты ардақталған

Ақылдың кені, адами құндылығы жоғары, парасат пайымы биік тұлғамен бір сәт шүйіркелесе қалсаңыз, жаныңыз жадырап, көкірек көзіңіз ашылып, әдемі әлемге енгеніңізді сезбей де қалады екенсіз. 2014 жылы Президент Жарлығымен судьялық қызметке тағайындалып, Қостанай облысындағы Арқалық қаласына барғанымда, Мираш қажы ниетінің ақтығымен, пейілінің пәктігімен бабамдай баурап алған-тын. Тазалығын, адалдығын ой түкпіріне түйдім де, төл міндетіме кірісіп кеттім. Қат-қабат жұмыста заңгерлік қасаң тілден бір сәт серпіліп, өзіндік ой түю, сөз байлығын толықтыру мақсатында мерзімдік басылымдарды оқу қалыптасқан әдетім еді. Бірде Мираш қажы туралы жазылған мақаланы оқып шығып, о кісіге деген құрметім арта түсті. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, қажымен мұсылмандық хақында әңгімелесудің реті келген еді. Жыл санауымыздың VII-VIII ғасырларында қазақ сахарасына жетіп, түп-тұқиянымызбен қабылдаған Ислам діні туралы төгілткенде, сүйсінбеске әддің қалмайтын.

Мираш қажы қасиетті Қағбаға кірген санаулы қазақ азаматтарының бірі еді. «Құрметті қажы» атағының иегері болатын. БҰҰ жанындағы Адам құқықтарын қорғау комитетінің шешімімен «Халықаралық орден» иегері атанған Мираш атаның қажылыққа 12 мәрте жолы түсіпті. Өзі көрген жақсылықты өзгелермен бөлісу мақсатында 20 адамға демеуші болып, Меккеге апарып келген ізгілікті ісі қалды соңында. Сонымен қатар мұсылмандық рәсімге сай мешіт қызметкерлерімен бірлесе ашық, бірақ еш жарнамасыз қаладағы аз қамтылған, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға үнемі көмектесуді жақсы әдетіне айналдырған-тын. Сөйтіп, имандылық жолымен қатар, мешіт жамағатының ұйымшылдығына, бірлігіне көп еңбек сіңірді.

Әсілі, әр өңірден суырылып шығатын дариялы қариялары болатыны – өмір заңдылығы. Десек те, алқалы жиындарда елді ұйытатын келелі ой, құнды пікірге қарсы сөз айтуға құмар керітартпа, қиқар жандардың мысын көзқарасымен-ақ басып, тұқыртып тастайтын Мираш қажыны жергілікті халық кезінде Арқалықтың көсемі, ел сөзін бастайтын шешені деп бағалады. Қашанда қара қылды қақ жара тура сөйлейтін әділдігі баршаға аян-тын. Шариғат жолы мен ата дәстүрін замана талабымен қабыстыра ел ішіндегі телі мен тентекті тезге салды, басқа да келеңсіз істердің алдын алып отырды.

Арқалық – болашағы зор, моноқалалардың ішінде ең қарқынды дамып келе жатқан қала. Осы шаһарда абыроймен жұмыс істеп, қадірменді адамдармен таныс болғанымды мақтан тұтамын. Бұл тағдырдың маған берген абырой-сыйы шығар деп те ойлаймын. Бұл қала судьялық қызметімді алғаш бастап, тәжірибемді толыстырған елді мекен ретінде де маған ыстық. Осы қала туралы қандай да бір жаңалықты газет-журналдан оқып, теледидардан көре қалсам, назар аударып, сағыныш сезіміне бөленемін. Себебі көз алдыма Мираш атам келіп тұра қалады. О кісінің «Арқаң қара нардай жауыр болсын, мінезің қара жердей ауыр болсын» деп берген батасы санамда жаңғырады.

Айжан МЫРЗАЛЫ,

Райымбек аудандық сотының төрағасы

Алматы облысы