• RUB:
    5.45
  • USD:
    465.52
  • EUR:
    498.2
Басты сайтқа өту
Руханият 21 Маусым, 2024

Ғұлама мұрасы – халқының олжасы

151 рет
көрсетілді

Ұлт ғұламасы, этнограф, шежіреші, тарихшы, ақын, халық әулие атаған тұлға Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының былтыр туғанына 165 жыл толуы қарсаңында «Мәшһүр-Жүсіптің тылсым әлемі» атты кітап жазған едім.

Осы еңбегім туралы естіген «Алтын қыран» қоры басшысы, қоғам қайраткері, меценат Исламбек Салжанов сөзге келмей, 1 мың дана етіп шығарып берді. Кітаптың тұсаукесері Аста­надағы Ұлттық академиялық кітап­ханада өтіп, ел зиялылары, ғалым­дар, қоғам қайраткерлері жақсы пікір айтты. Кешікпей Құл­махамбет Өтешов, Айжан Темірова, Матулла Өте­шов, Данияр Бекенұлы, Қуаныш Қасымбек бастаған іс адамдары «мына кітап өңір жұртына аса қажет» деп, қосымша 180 данасын шығарып, азаматтарға тегін таратуға себепші болды. Ал енді дәл осындай қолдау-көмекті «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры жасап, 2 мың дананы бастырып шығарғаны – мен үшін де, жұртшылық үшін де зор мәртебе. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ұйытқы болған «Ауыл кітапханаларына – 100 кітап» атты акцияcы аясында «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының көмегімен осы кітаптардың біраз бөлігін тасқын су зардабын көрген Атырау облысы оқырмандарына тегін тараттық. Міне, экономикалық қиындықтарға қарамай, Мәшекең туралы маңызды дүниелерді елге жеткізуге себепші барша азаматқа ризашылығымды айтамын.

Ұлттық академиялық кітапха­нада, Парламент кітапханасында, Қарағанды облысы Бұхар жырау ауданы мәдениет үйінде өткен кітап таныстырылымында халық көп өтініш айтты. Соның ең бастысы – Мәшекең мұрасын жас ұрпаққа және бүгінгі зиялы буынға сәтімен жеткізу. Осы жолда біз, ұрпақтары, аянып қалмаймыз. Ғалымдар да, іс адамдары да осы ұсынысты қол­дайды деп сенемін.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы туралы соңғы жылдары ел аузында ойдан шығарылған әңгімелер де жоқ емес. Сондықтан мәшһүртануда дәл, айқын, шынайы деректер ғана айтылуға тиіс. Осы орайда айтпағым: біздің «Мәшһүр-Жү­сіптің тылсым әлемі» атты еңбе­гімізге дереккөздері толық тексерілген, анық, дәл мағлұматтар кірді. Кітапқа атамыздың көзін көрген Иманғали Мәненұлы, Жұқаш Кәрібайұлы, Мұқатай Құлжанұлы ақсақалдардың, жазушы Дихан Әбі­­лев пен академик Шапық Шө­киннің, өнер қайраткерлері Қуат және Суат Әбусейітовтердің, үлкен келіні Ақзейнеп әжеміздің, немересі Төлеубай Шәрәпиденұлының (менің әкем) естеліктері енді. Сондай-ақ Сәдуақас Ғылманидың (Сәкен қалпе), Кәрімтай Өкпеұлының, Төлепберген Алдабергенұлының, немересі Сүйіндік Шәрәпиденұлы ағатайымның, журналист Амангелді Қаңтарбайұлының естелік-жаз­балары кірді.

Қазір Мәшһүр-Жүсіп Көпей­ұлының шығармашылығы біршама зерттеліп жатыр. Бірақ атамыздың әулиелігі, батагөйлігі, емшілік қасиеті толық танылып болған жоқ. Сол себепті мен 2000-жылдары атам­ды нақты көрген, батасын алған Жұқаш Кәрібайұлы ақсақалдың үйіне барып, осы бағдардағы деректерді өз аузынан жазып алып жүрдім. Бұл кісі Мәшекеңнің өмір жолын, шығармаларын жатқа бі­летін. Со­нымен бірге атамызға шәкірттей болған атқосшысы Иманғали Мәнен­ұлы ақсақалдың жаз­бала­рын бүгінгі қаріпке ауда­рып, бі­разын жариялаған баян­ауылдық Төлепберген Алда­бер­генұлы біршама құнды материал (Иманғали Мәненұлынан алған) берді. Бастапқыда «бұлар атамның көп томына енген болар» деп ойладым. Кейін зерттей қарасам, арасында құнды да қызықты дерек көп екеніне көзім жетті. Міне, осындай дүниелер біз әзірлеген кітаптың құнын арттырады деп ойлаймын. Сонымен қоса еңбегімде бүгінде болып жатқан күрделі оқиғалар мен Мәшекең айтқан болжаулардың сәйкесетінін де жаздым.

Оқырман қауымға да алғысым шексіз, кітапты жақсы қабылдап, ішіндегі кейбір сәттерді өз аузымнан естімек болып, жиі хабарласып тұрады. Кітабымды еліміздің барлық өңірінен сұраушылар көбейіп жатыр. Бұған да шүкір деймін. «Мәшһүр-Жүсіптің тылсым әлемі» – мен жинап-жүйелесем де, бәрібір халықтың олжасы. Өнегелі өмір сүрген ұлт ғұламасының ілімі мен даналығы әр отбасына тарап, өскелең ұрпақтың зердесінің артуы­на нәсіп етсін.

 

Абай ШАРАПИЕВ,

Мәшһүр-Жүсіптің шөбересі