Ұлт ғұламасы, этнограф, шежіреші, тарихшы, ақын, халық әулие атаған тұлға Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының былтыр туғанына 165 жыл толуы қарсаңында «Мәшһүр-Жүсіптің тылсым әлемі» атты кітап жазған едім.
Осы еңбегім туралы естіген «Алтын қыран» қоры басшысы, қоғам қайраткері, меценат Исламбек Салжанов сөзге келмей, 1 мың дана етіп шығарып берді. Кітаптың тұсаукесері Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада өтіп, ел зиялылары, ғалымдар, қоғам қайраткерлері жақсы пікір айтты. Кешікпей Құлмахамбет Өтешов, Айжан Темірова, Матулла Өтешов, Данияр Бекенұлы, Қуаныш Қасымбек бастаған іс адамдары «мына кітап өңір жұртына аса қажет» деп, қосымша 180 данасын шығарып, азаматтарға тегін таратуға себепші болды. Ал енді дәл осындай қолдау-көмекті «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры жасап, 2 мың дананы бастырып шығарғаны – мен үшін де, жұртшылық үшін де зор мәртебе. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ұйытқы болған «Ауыл кітапханаларына – 100 кітап» атты акцияcы аясында «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының көмегімен осы кітаптардың біраз бөлігін тасқын су зардабын көрген Атырау облысы оқырмандарына тегін тараттық. Міне, экономикалық қиындықтарға қарамай, Мәшекең туралы маңызды дүниелерді елге жеткізуге себепші барша азаматқа ризашылығымды айтамын.
Ұлттық академиялық кітапханада, Парламент кітапханасында, Қарағанды облысы Бұхар жырау ауданы мәдениет үйінде өткен кітап таныстырылымында халық көп өтініш айтты. Соның ең бастысы – Мәшекең мұрасын жас ұрпаққа және бүгінгі зиялы буынға сәтімен жеткізу. Осы жолда біз, ұрпақтары, аянып қалмаймыз. Ғалымдар да, іс адамдары да осы ұсынысты қолдайды деп сенемін.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы туралы соңғы жылдары ел аузында ойдан шығарылған әңгімелер де жоқ емес. Сондықтан мәшһүртануда дәл, айқын, шынайы деректер ғана айтылуға тиіс. Осы орайда айтпағым: біздің «Мәшһүр-Жүсіптің тылсым әлемі» атты еңбегімізге дереккөздері толық тексерілген, анық, дәл мағлұматтар кірді. Кітапқа атамыздың көзін көрген Иманғали Мәненұлы, Жұқаш Кәрібайұлы, Мұқатай Құлжанұлы ақсақалдардың, жазушы Дихан Әбілев пен академик Шапық Шөкиннің, өнер қайраткерлері Қуат және Суат Әбусейітовтердің, үлкен келіні Ақзейнеп әжеміздің, немересі Төлеубай Шәрәпиденұлының (менің әкем) естеліктері енді. Сондай-ақ Сәдуақас Ғылманидың (Сәкен қалпе), Кәрімтай Өкпеұлының, Төлепберген Алдабергенұлының, немересі Сүйіндік Шәрәпиденұлы ағатайымның, журналист Амангелді Қаңтарбайұлының естелік-жазбалары кірді.
Қазір Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының шығармашылығы біршама зерттеліп жатыр. Бірақ атамыздың әулиелігі, батагөйлігі, емшілік қасиеті толық танылып болған жоқ. Сол себепті мен 2000-жылдары атамды нақты көрген, батасын алған Жұқаш Кәрібайұлы ақсақалдың үйіне барып, осы бағдардағы деректерді өз аузынан жазып алып жүрдім. Бұл кісі Мәшекеңнің өмір жолын, шығармаларын жатқа білетін. Сонымен бірге атамызға шәкірттей болған атқосшысы Иманғали Мәненұлы ақсақалдың жазбаларын бүгінгі қаріпке аударып, біразын жариялаған баянауылдық Төлепберген Алдабергенұлы біршама құнды материал (Иманғали Мәненұлынан алған) берді. Бастапқыда «бұлар атамның көп томына енген болар» деп ойладым. Кейін зерттей қарасам, арасында құнды да қызықты дерек көп екеніне көзім жетті. Міне, осындай дүниелер біз әзірлеген кітаптың құнын арттырады деп ойлаймын. Сонымен қоса еңбегімде бүгінде болып жатқан күрделі оқиғалар мен Мәшекең айтқан болжаулардың сәйкесетінін де жаздым.
Оқырман қауымға да алғысым шексіз, кітапты жақсы қабылдап, ішіндегі кейбір сәттерді өз аузымнан естімек болып, жиі хабарласып тұрады. Кітабымды еліміздің барлық өңірінен сұраушылар көбейіп жатыр. Бұған да шүкір деймін. «Мәшһүр-Жүсіптің тылсым әлемі» – мен жинап-жүйелесем де, бәрібір халықтың олжасы. Өнегелі өмір сүрген ұлт ғұламасының ілімі мен даналығы әр отбасына тарап, өскелең ұрпақтың зердесінің артуына нәсіп етсін.
Абай ШАРАПИЕВ,
Мәшһүр-Жүсіптің шөбересі