• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Университет 22 Маусым, 2024

Шетелдік университеттер филиалы ашылады

81 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы елімізде үздік шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуды тапсырған еді. Қазірге дейін 14 филиал ашылды. Биыл тағы әлемдік университеттердің 8 филиалы ашылмақ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Брифингте сөз алған Ғылым және жо­ғары білім ми­нистрі Саясат Нұрбек шетелдік жоғары оқу орын­дары­­ның (ЖОО) филиалдарын ашуда 3 модель қолда­нылатынын жеткізді.

«Аталған жұмыс еліміз­дегі ЖОО-ның ғылыми және ака­демиялық дамуын күшейтуге, озық ғылыми тәжірибені енгі­зуге, басқару жүйесін транс­формациялауға, білім мазмұны мен оқу үдерісіне әлемдік білім стандарттарын ен­гі­зуге мүмкіндік береді. Шет­елдік ЖОО филиал­дарын ашу­да 3 модель қолданылады (1.Мем­лекеттік гранттар, 2. Акаде­мия­лық, бірлескен білім бағ­­дарламалары мен қос диплом бағдарламаларын іске асыру, 3. Ин­вес­торлар есебінен қаржыландыру және преференциялар пакетін ұсыну арқылы). Жалпы, 2029 жылға қарай елімізде шетелдік ЖОО филиалдары ел экономикасы үшін қажетті 2000-нан аса жоғары білікті маман даярлайды. Қазақстанды Еуразия аймағындағы үлкен академиялық хабқа айналдыруды жоспарлап отырмыз. Бұл үшін елге шетелдік брендтерді әкелу қажет. Шетелдік университеттердің Қазақстанға келіп, өз инвес­тициясымен ғи­маратын салып немесе сатып алып, шетелдік форматпен оқытуына рұқсат бердік, ЖОО арнайы үкіметтік қаулылармен жұмысын атқарып жатыр. Мысалы, Алматыда «De Montfort» университетінен келер жылы тұң­ғыш түлектеріміз шығады», деді С.Нұрбек.

Министрдің мәлімдеуінше, мемлекеттік тапсырыс есебінен қаржыландыру арқылы үш филиал жұмысын бастады. 2022 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінің базасында құрылған «МИФИ» ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы, И.М.Губкин атындағы Ресей мемле­кеттік мұнай және газ университетінің филиалы 2022 жылы С.Өтебаев атын­дағы Атырау мұнай және газ университетінің базасында ашылды. Аталған филиалдарға 200 грант бөлінді, МИФИ-де 94 студент, Губкин филиалында 61 студент оқиды. Сонымен қатар «University Heriot Watt» филиалы 2023 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік универ­ситетінің базасында құрылды. Бұл филиа­л бойынша 300 грант бөлінді, 286 студент білім алып жатыр.

«Ал стратегиялық серіктес­тік моделі бо­йын­ша екі филиал ашылды. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті 2022 жылы «University of Arizona»-мен келісімге отырды. Бұл бағытта 10 мамандыққа 1200 грант бөлінді, 589 студент оқиды. Ал Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті базасында 2022 жылы Берлин техникалық университеті, Дармштат тех­никалық университеті, Бер­лин еркін университеті, Гам­­бург қолданбалы ғылым­дар университетімен консорциум құрылды. Шетелдік се­ріктес жоғары оқу орында­ры­ның қаражаты есебінен Семей қаласындағы Шәкәрім университеті базасындағы Польша экономика уни­вер­ситетінің филиалы мен І.Жан­сүгіров атындағы Жетісу уни­верситеті базасындағы Мар­ке политехникалық универ­ситетінің (Италия) филиалы; Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде Сеул­техтің (Оңтүстік Корея) жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі; Өскемен қаласындағы Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ба­засындағы «Luban» (ҚХР) шеберханасы ашылды. Биыл Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ базасында екінші шеберхана құрылып жатыр», деді министр.

Брифингте баяндалғандай, елімізде енді тағы 8 шетелдік ЖОО филиалы ашылады. Әзірге белгілісі: М.Дулати атындағы Тараз өңір­лік университеті базасында Д.И.Мен­делеев атындағы Ресей химия-техно­ло­гия­лық уни­верситетінің, Оңтүстік Қазақ­стан педагогикалық университеті базасында Гази университеттің (Түркия), Ас­тана Халықаралық университеті базасында Бейжің тілдер және мәдениет университетінің (ҚХР); Нархоз университеті базасында Квинс университетінің (Ирлан­дия) филиалы ашылады. КАИСТ және Вусонг университеттерімен (Оңтүстік Корея) келіссөз жүргізіліп жатыр.

200 жылдық тарихы бар бри­тандық «Хериот-Уотт» университеті төртінші өнді­рістік революцияға кадр даярлау мақс­атында өз бағдарламаларын бүкіл әлемге ашуға тырысып келеді. Аталған ЖОО Қазақстанда да осындай бас­таманы қолға алды. Бұл туралы «Хериот-Уотт» уни­верситетінің провосты және вице-канцлерінің орынбасары Марк Бигс баспасөз жиынында айтты.

«Осыдан 2 жыл бұрын әлемді аралап, үздік локация іздедік. Былтыр сіздердің Ғылым және жоғары білім министрімен кездестік, Қазақстанның амбициясы бізді таңғалдырды. Осы ұсынысты қабылдап, үшінші кампус­ты Қазақстанда ашуға шешім шығардық. Таңдауымыз Ақтөбедегі Қ.Жұбанов универ­ситетіне түсті. Біздің мақсатымыз – білім ордасын халықаралық университет деңгейіне жеткізу. Бұған бар күшімізді саламыз»,  деді спикер. Оның айтуынша, «Хериот-Уотт» университетінің мамандары қазақстандық ЖОО-ның білім сапасын көтеріп, кәсіби маман даярлауға басымдық береді. Шетелдіктер жылына 300 студентті оқытуға қауқарлы. Бакалавриат бағ­дар­ламасы 3 бағытта жүр­гізіледі: электрондық және электрикалық инженерия, ком­пьютерлік инженерия, мұнай-газ инженериясы. Алдағы уақыт­та мұнда Ор­талық Азия елде­рінің студенттері де оқуға түсуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар PhD бағдарламаларын ашу көз­делген.