Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын қайта қарауға мүмкіндік беретін жаңа Салық кодексін әзірлеп жатыр. Аталған құжат алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуге тиіс. Сарапшылардың пікірінше, жаңа кодексте елдегі салыққа деген көзқарас түбегейлі өзгереді деп күтіледі.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының талқылау алаңында жаңа Салық кодексінің таныстырылымы өтті. Айта кету керек, жаңа құжатта тек мемлекет мүддесіне ғана емес, бизнес өкілдерінің де сұранысына сай келетінін өзгерістер жеткілікті. Арнайы отырысқа Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мен Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов қатысқан еді.
Жаңа кодексте бірқатар өзгеріс бар, соның бірі – елдің тең жарымының тақымындағы ескі көлік үшін екі есе аз салық төленетіні. Егер көліктің жүру мерзімі 10 жылдан асса мөлшері – 30, ал 20 жылдан асса 50 пайызға дейін төмендейді. Шетелден қымбат көлік әкеліп, оның құны 75 млн теңгеден асса, салыққа 7,5 млн теңге төлеуге міндетті. Бұл жылжымайтын мүлікке де қатысты. Мұндайда мүліктің жиынтық құны 450 млн теңгеге бағаланса, салық сомасы да жоғарылайтын болады. Демек ауқатты адамдардағы мүліктің мөлшеріне қарай салық та көтеріледі деген сөз.
«Көлік туралы айтатын болсақ, құны 75 млн теңгеден асатын жеңіл автокөліктер үшін көлік салығының мөлшерлемесін үш есе арттыру ұсынылып отыр. Ал жалпы құны 450 миллион теңгеден жылжымайтын мүлік салығы арнайы есеп бойынша 2 пайыз мөлшерінде әрбір салық салынатын объектіге жүргізіледі. Бұдан бөлек, қымбат тұратын теңіз және әуе кемелеріне, литрі 500 мың теңгеден асатын қымбат алкоголь және бір данасы 10 мың теңге тұратын темекі өнімдеріне де қатысты салық төлемі дайындалған. Бұл шаралар ел экономикасындағы көлеңкелі айналым деңгейін төмендету үшін өз септігін тигізеді», дейді Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин.
Бұдан бөлек, құжат бойынша зейнеткерлердің табыс салығының мөлшерлемесі қысқарады, яғни оны төлеуден мүлде босатылмақ. Сондай-ақ әр жарты жыл сайын есеп тапсырудан шаршаған кәсіпкерлер үшін де жағымды жаңалық бар. Енді салық есептілігін ұсынбағаны үшін оларға айыппұл қарастырылмайды.
«Көбіне шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлер мемлекетке есеп беруді ұмытып кетіп жатады. Сол үшін олар әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл арқалайтын. Енді жаңа Салық кодексіне сәйкес жаза алынып тасталды. Яғни есеп бермесе, біз нөлдік есептілікпен қабылдап жібереміз. Кейін қажет болса, өз бизнес есебін түзетіп алуына болады. Жалпы, елдегі есеп беру нысандары 30 пайызға қысқартылғалы отыр», дейді Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.
Бұдан бөлек, өзіндік себептерге байланысты салықтағы берешегі бар кәсіпкерлердің шоты бірден бұғатталмайды. Бұл жерде кәсіпкер борышы 73 840 теңгеден аспаса, салық берешегі жайлы ескерту хабарлама жолданады. Ал қарызы 20 айлық есептік көрсеткіштен көп болса, шотындағы шығыс операциялар тоқтатылады. Бұдан жаңа құжатта бизнес өкілдеріне жеңілдік көптеп қарастырылғанын байқауға болады.
«Бізде арнайы салық режімдері өте көп екені белгілі. Бизнес саласындағылар да осы мәселені қозғап, өздерінің шатасатынын да жиі айтады. Мұндай кемшіліктердің барлығын жою үшін режімдерді барынша қысқарттық. Мысалы, біріншісі – өз-өзін жұмыспен қамтушылар режімі. Оған қазір мобильді қосымша немесе интернет платформалар арқылы қызмет көрсетушілер 34 қызмет түрі бойынша патент арқылы жұмыс істеушілер кіреді», дейді вице-министр Азамат Әмрин.
Вице-министрдің сөзінше, бүгінде бізде 1,9 миллионнан астам салық төлеуші оңайлатылған декларацияны пайдаланады. Яғни жылдық максималды табыс 177,4 млн теңгеден аспайды екен. Сондай-ақ жаңа құжатта кейбір салық төлеушілер жеке кәсіпкер ретінде тіркелуден босатылады. Тек табысы бойынша жай алым ғана төлейді. Ал табыстың салық мөлшерлемесі 4 пайызды құрамақ. Оған қоса шағын және орта бизнеске арналған арнайы режімдер үшін салық мөлшері табыстың 3-тен 2 пайызына дейін төмендетіледі.
Бірақ ойын бизнесіне қосылған құн салығы салынбайды, алайда корпоративтік табыс салығы бойынша мөлшерлеме 25 пайызға өсуі мүмкін. Букмекерлік кеңселерге де арнайы салық көзделіп отыр. Бұл жерде ойыншылардан түскен кез келген соманың 8 пайызын аударуы қажет. Сонымен қатар ұтысқа ие болған ойыншылар да салық төлеуге тиіс. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері жаңа құжаттағы кейбір тармақтарды әлі де жетілдіру керек деген пікірде.
«Кодекстегі жаңа өзгерістердің 70 пайызын бизнес өкілдері ұсынған еді. Бірақ әлі де шешілуге тиіс ауқымды мәселе бар. Мысалы, бұрын салыққа 3 пайыз төлеген кәсіпкер енді 8 пайыз төлеуге міндеттеліп отыр. Біз бұған келіспейміз. Сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға қатысты мәселелер бар. Айта кетейін, өнімді өзі өндіріп, өзі сататын салық төлеушілер күшін корпоративтік табыс салығы 10 пайызға, жеке табыс салығы 5 пайызға төмендетіледі. Жалпы, жаңа құжат мемлекеттің ғана емес, бизнестің де мүддесі үшін жұмыс істейді деген сенім бар», дейді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов.
Кодексті әзірлеуге бизнес қауымдастығы белсене атсалысқан. Ұлттық экономика вице-министрінің сөзінше, 500-ден астам өкілдің қатысуымен 300-ден астам кездесу мен конференция өткен. Аталған шараларға экономиканың әртүрлі секторындағы бизнес-қауымдастықтар, кәсіпкерлер, халықаралық ұйымдар, салық сарапшылары, экономистер және мүдделі мемлекеттік органдармен бірге «Атамекен» ҰКП өкілдері қатысыпты. Сонымен қатар жаңа Салық кодексінің жобасын талқылауға Парламент депутаттарымен бірге экономиканың барлық саласындағы өкілдердің қатысуымен бірнеше кездесу ұйымдастырылған. Кодекс бойынша талқылау әлі жалғаса бермек.
Айта кетейік, бұрынғы Салық кодексінде салық саясатына баса мән берілсе, жаңа кодексте салықтық әкімшілендіруге назар аударылған. Бұрын мұндағы режімдердің шамадан тыс әртүрлі болуы, олардың шарттары мен критерийлері салық ісінде көп қиындық тудырып келгені рас. Ал жаңа құжатта салық декларациясының нысандары 30 пайызға қысқарып, кейбір режімдер арнайы оңтайландырылып отыр.