• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Маусым, 2024

Басылымдарға грант берілетіні қуантты

86 рет
көрсетілді

«Масс-медиа туралы» заң қабылданғанға дейін қаншама жиын, кездесу ұйым­дастырылып, көптеген ұсыныс айтылды. Оның бірі ескерілсе, енді бірі назардан тыс қалып жатты. Әрине, бұл – заң жобасын талқылаудағы қалыпты құбылыс. Менің айтпағым, бұған дейін де айтып жүргенім – өңірлердегі мерзімді баспасөздің бүгінгі қаржылық жағдайы.

Кейінгі жылдары еліміздің барлық аймағында дерлік медиахолдингтер құ­рылған. Бірақ шынын айту керек, хол­дингтердің құрылуында ешқандай бірізділік жоқ. Өйткені бір өңірлерде медиахолдингтер облыстық ішкі сая­сат басқармасына бағынса, енді бір өңірлерде қаржы басқармаларына, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларына бағынады.

Ақпарат саласындағы адам түсін­бей­тін реформалардың салдарынан медиахолдингтердің жұмысы да бірізді емес. Мысалы, бір өңірлерде медиахолдинг құрамына аудандық, қалалық газеттер енгізілсе, енді бір өңірлерде аудандық, қалалық газеттер жекешеленіп кеткендіктен, тек облыстық газеттердің ғана басын құрап, холдинг болып отыр. Солтүстік Қазақстан облысындағы холдинг облыстық, қалалық қазақша газеттерден ғана құралып, орысша газеттер жекеге беріліп кеткен. Қызылорда облысының газеттері сенімгерлік бас­қа­руға берілген. Ұлытау облысының мем­лекеттік газеттері де, телеарнасы да түгелдей жекешеленіп кеткен.

Бір облыстарда газеттердің жаппай жекешеленіп, келесі бір облыстарда әлі де мемлекеттік қарауында қалғаны еліміздің ақпарат саласындағы ала-құлалықты бай­қа­тады. Жаңа заң осындай олқылықтарды рет­тейді деген үміттеміз. Аймақтық газеттердің тағдыры сол өңір әкімдерінің жеке көзқарасына, жеке ше­ші­міне қарай осындай күйге түскен сияқты. Яғни еліміздің БАҚ саласында белгілі бір тәртіп, ереже болмай тұр. Заң, тәртіп бәріне ортақ десек те, бір облыста газет­тердің барлығы бірдей қандай заңға сүйеніп жекешеленіп кеткені, ал екінші бір облыста неге жекешеленбей қалғаны  – әзірге түсініксіз. Сол себепті де осындай бас­­­­қарудағы ала-құлалықтан қаржылық мәсе­ле­лер де өздігінен туып жатқаны белгілі.

Қалай айтсақ та, ақпарат саласы түбе­гейлі өзгеруі қажет. Газеттер сараптама мақалаларға көбірек орын беруі керек. Өйткені газет-журналдар ақпарат тарату жағынан бәрібір сайттарға, әлеуметтік желілерге ілесе алмайды.

Жоғарыда айтқанымыздай, біраз облыс­тардағы аудандық, қалалық газеттер жекешеленіп кетті. Бірақ жекеге өткенімен баяғыдай мемлекеттік тапсырыспен қаржы алып, бюджеттің қаржысымен күн көріп отыр. Дәл осы басылымдарды сатқаннан бюджеттің бүйірі томпайып, мемлекеттік саясатты насихаттаудың бұрынғыдан жетіліп кеткенін байқамадық. Тіпті кейбіреулер аудандық газеттің ғимараты үшін ғана сатып алып, ғимаратты бизнес орталығына айналдырып, редакцияның жағдайын ұмыт қалдырғаны да бар.

Әрине, біз баспасөзге жазылу­ мә­селесінде көбінесе оқырманды кінә­лаймыз. Газет оқымайды деп сөгеміз. Бірақ біз оқырманның көңілінен шығатын газет шығарып жүрміз бе? Басылымдардың тәуелсізі де, тәуелдісі де оқырман тартудың, оқырманды қызықтырудың бар амалын жасап келе жатқаны рас. Алайда БАҚ саласын­­дағы мемлекеттік тапсырыс ісіне өзгеріс, реформа жасамаса, мемлекеттік ақпа­рат құралдары жұрт іздеп жүріп оқи­тын газет шығара алмасы анық. Оқыр­манның да обалы бар. Әкім анда барды, мында барды, пәлен жиналыс өткізді, түгеншелермен кездесті деген ақпараттармен беттерді толтырумен оқырманды баурап ала алмайсың. Ал ондай ақпараттарды бермесең, мемлекеттік тапсырысты орындай алмасың тағы белгілі.

Мемлекеттік тапсырыстың тақырып­тары оқырман үшін қызықсыз. Көбіне­се ресми, мемлекеттік саясатты насихаттайтын, тапсырыспен жазылатын тақырыптар. Осыдан кейін газет беттерінде қызықты мақалаларға орын аз қалады.

Біз жергілікті басылымдардағы басты мәсе­лелерге тоқталдық. Мұны біз айт­па­сақ та осы мемлекеттік ақпараттық сая­сат­тың төңі­регінде жүрген тиісті жауапты орган өкіл­дері жақсы біледі. Жаңа заңның «Мем­ле­­кеттік ақпараттық саясат» деп аталатын 4-та­рауының 32-бабында осы жоғарыда айтылған мә­селелерді тікелей реттемесе де, қаржылық жағынан демеу болар нормалар енгізіліпті.

Яғни 32-баптың 3-бөлігінде респуб­ли­калық және өңірлік деңгейлерде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларына сәйкес республикалық және өңірлік деңгейлерде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі, оның ішінде балаларға арналған контентті жасауға және өңірлік мерзімді баспасөз басылымдарын дамытуға бағытталған мемлекет­тік тапсырысты алуға үміткерлердің өтінімдерін қарау және ұсыныстарды тұжырымдау мәселелері қамтылған. Осы баптың бұрынғы редакциясында балаларға арналған контент және мерзімді баспасөз басылымдарын дамыту деген түсінік жоқ еді. Бұл деген сөз қаржыландыру мәселесіне септігін тигізбек. Ол үшін бұл заң жаңа баппен толықтырылған. Яғни 33-бап тұтасымен БАҚ-қа берілетін гранттарға арналыпты. Ол гранттардың тақырыптық бағыттарын арнайы комиссия бекітеді. Және ол мемлекеттік тапсырысқа еш қатысы болмауға тиіс.

Гранттар мемлекеттік емес бұқа­ралық ақпарат құралдарына отан­дық контентті дамытуға, еліміздің ақпа­раттық егемендігін нығайтуға және қорғауға берілмек. Гранттар қысқа­мерзімді және ұзақмерзімді болып екі түрге бөлініпті. Одан бөлек осы грант тағайындар кезде қазақ тіліне де басымдық берілген екен.

Әрине, жоғарыда жекешелендірудің салдары жөнінде бекер айтып шырылдап жүрген жоқпыз. Мемлекеттің меншігінен кеткеннен кейін бәрібір ол басылымдар өзге елдің сойылын соқпайды ғой. Өз еліміздің жақсылығын дәріптеп, ақпараттық саясатын жүргізуіне үлес қосады. Сондықтан осындай грант бөлу тетігі арқылы қаржыландыру мәселесінің ретеліп жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Грант тақырыптары мемлекеттік тапсырыстікі сияқты емес, еркін, танымдық бағытта болар деген үміттеміз. Грант алған басылымның кадр мәселесі де шешілетініне сенім мол.

Тегінде қандай заман, қандай жағдай болса да журналистердің басты міндеті – тек ақиқатты жазу. Лайым, Отанымызға адал қызмет етейік. Журналистер қауымы халқымыздың үніне, жүрекжарды сөзіне айнала берсін.

 

Оралхан ДӘУІТ,

«Jasyn» ақпараттық сайтының бас редакторы, облыстық мәслихаттың депутаты

 

Жамбыл облысы