Түркістан облысында өзінің екі баласын тұншықтырып өлтіріп, 15 жылға бас бостандығынан айырылған әйел туралы жаңа деректер пайда болды, деп хабарлайды Egemen.kz ақпарат агенттігі.
Оtyrar.kz жазғандай, бұл істі алқабилер бірнеше ай бойы қарады. Сотталушы жазасын орта режимдегі колонияда 15 жыл өткізетін болады.
Сотталушының адвокаты Айнагүл Рүстемованың айтуынша, әйел қылмысты психикалық ауытқуларға байланысты жасаған. Әйелде галлюцинация болып, басындағы дауыстар балаларды өлтіруге шақырған. Адвокаттың айтуынша, оқиғадан кейін Түркістаннан Шымкентке қашу үшін емес, өз-өзіне қол салу үшін кеткен.
- Мен маман емеспін, бірақ біз оның психологиялық ауытқулары бар деп санаймыз. Себебі ол дауыстарды еститінін айтады. Біз мұны алқа билерге де дәлелдеуге тырыстық. Себебі ата-анасының айтуынша 2008 жылы 17 қыркүйекте ол Қызылордада колледжде оқып жүргенінде есінен танып қалып, кейін есін жиғанда сандырақтай бастаған. Жедел жәрдем қызметкерлері онда депрессия белгілері бар екенін айтып, психиатриялық ауруханаға апарғанын айтты. Бірақ бір күннен кейін менің қорғаушымның ата-анасы оны өздері емдеп, алып кететіндігі туралы қолхат жазды. Мұның барлыңын іс материалдарына қостым. Бірақ бұл факт ескерілмеді. Сонымен қатар, менің қорғаушым бірнеше жылдар бойы өзін-өзі өлтіруге тырысқан. Оның басындағы дауыстар үнемі өзін-өзі өлтіруді немесе біреуді өлтіруге бұйырған. Тіпті жануар да өз баласын өлтірмейді, есі дұрыс әйел балаларын қалай өлтірсін?, – деді Айнагүл Рүстемова.
Сот процесінде балалардың әкесі жәбірленуші тарап ретінде танылды. Мемлекеттік айыптаушы сотталушының екі баласын өлтіру себебін түсіндірмегенін алға тартты. Алайда ол талқылау кезінде өзіне жеңіл үкім сұраған.
- Сотқа дейінгі тергеу барысында ол айғақтар берді. Іс "кәмелетке толмаған адамды өлтіру" бабы бойынша сотқа берілді. Осы бапта қарастырылған санкция оған 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сонымен қатар, іс бойынша жеңілдететін жағдай бұрын сотталмағаны ескерілді. Ал қылмысты ауырлататын факторлар анықталған жоқ, - деді мемлекеттік айыптаушы Айгүл Бемурзаева.
Қылмыс осы жылдың 7 ақпанында Түркістандағы жалдамалы пәтерде сотталушының туған күнінде жасалды. Іс материалдарына әйелдің күйеуіне жазған хабарламалары да болды. Қылмысқа бірнеше күн бұрын олардың арасында жанжал туындағаны белгілі болды. Сотта әйелдің балаларын өлтіруіне жұбайымен жанжал себеп болуы мүмкін екені айтылды.Сотқа дейінгі тергеу барысында оған барлық қажетті сараптамалар, соның ішінде психиатриялық сараптама жүргізілген. Нәтижесінде 32 жастағы әйелдің есі дұрыс деп танылды.
- Сотқа дейінгі тергеу барысында ол кінәсін мойындаған еді, бірақ сотта ол қылмысты қалай жасағанын есінде жоқ екенін айтты. Сотта ол “психикалық ауруым бар” деген ұстанымды ұстанды. Бұл фактілер сот процесінде тексерілді, бірақ ешқандай растау табылған жоқ. Сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы бойынша оның ешқандай аурумен ауырмайтындығын анықталды, - деді Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Дәурен Мәдалиев.
Әйел қылмыс жасаған соң қашып кеткен. Оны іздеуге қаланың барлық қызметкерлері жұмылдырылып, нәтижесінде Шымкенттен табылды. Ол бұрын мектепке дейінгі мекемеде тәрбиеші болып жұмыс істеген. Өңірдің білім басқармасы диспансерлік есепте тұрмағанын, ата-аналармен және балалармен жақсы қарым-қатынаста болғанын жеткізді. Тіпті еңбегі үшін түрлі алғыс хаттар мен мадақтамалар да алып келген.