Бекіре – батыста, Каспийде ғана бар десек, қателескен екенбіз. Ертеде Ертісті мекен еткен Сібір бекіресі бүгінде Ұлан ауданы аумағындағы бассейндерде өсіріліп жатыр. Бұл неткен кәсіпорын деп, бекіре зауытына бас сұқтық. Іргесі 2017 жылы қаланған зауыттың бүгінде жылына 4 тонна уылдырық, 45 тонна ет өндіретін қауқары бар.
Жер бетінде 65 млн жыл бұрын пайда болған бекіре балығы жойылудың аз-ақ алдында. Ертісте ертеде болғанымен, қазір тұқымымен жойылып кетуге айналған. Осыны ескерген ғылыми зерттеу орталығының мамандары бекіре Қара Ертісте тіршілік етіп кетуі мүмкін деп болжаған. Жан-жақты зерттеулерден соң «OstFish» ЖШС балық өсіру кәсіпорны өкілдері бірден 500 балықты айдынға жіберуді ұйғарған.
– Біз балық шаруашылығымен 2022 жылдан бері мақсатты қаржыландыру бағдарламалар негізіндегі ғылыми зерттеу жұмыстары бойынша тығыз жұмыс істеп келеміз. Атқарылған ғылыми зерттеу жұмыстарының негізгі мақсаты – Сібір бекіресінің табиғи популяциясын қалпына келтіру еді. Қазір «OstFish» кәсіпорны Ертіс өзеніне жіберілетін Сібір бекіресінің шабақтарын өсіріп отырған Шығыстағы толық жабдықталған жалғыз шаруашылық. Сібір бекіресінің аналықтарында генетикалық паспорттың болуы маңызды болғандықтан, ғылыми зерттеу жұмыстарында біз сынама алып, генетикалық паспорт әзірледік. «OstFish» шаруашылығында аналық үйірлерді ұстап, олардың инкубация үдерісін қадағалап, шабақтарды күтіп, баптап өсіріп отырған жоғарғы дәрежелі бас балықшы маманы да бар, – дейді «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Алтай бөлімшесінің ғылыми қызметкері Гүлім Қуатқызы.
Ғылыми мамандардың оң пікіріне ие болған «OstFish» кәсіпорнының тыныс-тіршілігімен бас директоры Ерлан Сағидолдин таныстырып шықты. Оның айтуынша, Ертіске жіберілетін екі жасар шабақтар сұрыпталып, салмағы жағынан біркелкі шабақтар таңдалған. Негізінен жыртқыш балық болғандықтан, тіршілік етіп кетулері тиіс деп есептейді мамандар. Алайда олардың жабайы ортамен біте қайнаса өсіп-өніп жатқаны тек он жылдан соң ғана белгілі болады. Неге десеңіз, бекіре тұқымы жыныстық жағынан он жасында ғана жетіле бастайды.
– Бассейнде өскен бекірені табиғи суға қанша бейімдегенімізбен, олар үшін оңайға соға қоймас. Десе де, Қара Ертісті қайтадан бекіремен балықтандыруымыз керек, – дейді кәсіпорын басшысы Ерлан Серікханұлы.
Осыдан екі-үш апта бұрын шаруашылықтан «Синь-синь» жол салу компаниясы да бекіре шабақтарын сатып алып, Ертіске өргізген екен. Табиғатқа азды-көпті зиян әкелетін кәсіпорындардың мұндай экологиялық қайырымдылықпен айналысып жүретінін де айта кеткен жөн.
«OstFish» кәсіпорны былтыр Абай облысына 100 граммдық шабақтардың 3 мыңдайын сыйға тартып, Ертіс өзеніне жіберген. Биыл Павлодар облысында «Полиметалл» компаниясымен шарт жасасып, 1,5-2 килолық балықтың екі мың данасын көк айдынға төгіпті. Экологиялық акциялар осылай жалғаса берсе, бара-бара су бетінде бекіре тайдай тулауы мүмкін. Әлбетте, балық қорғау органдары браконьерлердің жолын кесіп отыруға тиіс.
Тап-тұйнақтай шағын ауладағы модульдердің біріне кіріп едік, қаз-қатар құрылған бассейндерде бекіренің үлкен-кішісі шоршып жүр. Суы – мөп-мөлдір. Таяудағы Саратов ауылының іргесіндегі терең құдықтан келетін су бассейнге құйылмас бұрын үш сатылы сүзгіден өтеді. Біріншісі механикалық тазарту болса, екінші – биологиялық. Үшіншісінде озон арқылы тазартылады. Ішуге болатындай суда бекіре балығы жүзеді. Күніне ол судың 4-5 пайызы ғана сыртқа шығарылып, қалғаны айналып, қайта құйылады. Сыртқа шыққан судың өзі сүзгіден өтеді. Ал балықтың қоректерін сонау Еуропадан жеткізеді. Олардың құрамында балықтың өсіп-өнуіне кажетті микроэлементтің бәрі бар. Тіпті табиғи ортада табылмайтын дәрумен де қорек құрамында болады екен. Сол себепті, балықтың еті, уылдырығы адам ағзасына өте пайдалы. Бірақ әлеуметтік азық-түліктей кез келген дүкенде сатыла бермейді.
– Айтып өткендей, бағытымыз – қара уылдырық. Уылдырықты жүйелі тұтыну адам денсаулығына өте пайдалы. Тіпті онкологиялық ауруларға да ем деседі. Қатерлі ісікке шалдығып, қара уылдырық алып жүрген зейнеттегі төрт-бес клиентіміз бар. Оларға жеңілдікпен беріп отырмыз, – дейді Ерлан Серікханұлы.
Бассейнде жүзіп жүрген бөренедей бекірелерге қарап тұрып, бір қойдың еті түсетін шығар дейміз ғой. Түсуін түседі екен. Бірақ еліміз бойынша ғана сатылады. Себебі Қазақстан мен Еуропа арасында «аквакультура» бойынша келісім жасалмаған. Заңға салса, бассейндерде, жеке көлдерде өсірілген балықтар Еуропа шекарасынан кірмейді. Тек өзен-көлде ауланған балық қана экспортталады.
– Етін де, уылдырығын да Қазақстан ішінде саудалаймыз. Негізгі сұраныс Алматы, Астана, Атырау, Ақтау қалаларынан түседі. Батыс бекіре отаны болғанымен, біздің технология көш ілгері. Өйткені уылдырық алудың тәсілі Астраханда дамыған. Ал бізде уылдырық алатын маманымыз сонау Астраханнан келген Азамат Ситахметов есімді қазақ бауырымыз. Ол уылдырық дайындаудың техникасын жақсы меңгерген. Еті деликатес болғандықтан, жаппай сұраныс бола бермейді, – дейді кәсіпорын жетекшісі.
Уылдырық дайындау үдерісі де оңай емес-ті. Қарап тұрып, қымбат болса, болатындай дерсіз. Иә, балықты судан суырып алып, күнделікті уылдырық сауа бермейді. Әр балықтың уақыты бар. Алдымен УДЗ (ультра дыбыстық зерттеу) жасап, уылдырықтың жетілуін тексереді. Жетілу төрт деңгейден тұрады. Төртінші деңгейге жете бере бассейн суын біртіндеп суытып, жасанды қыс мезгілін ұйымдастырады. Сол уақытта балықтың ағзасындағы метоболизмдер бәсеңдеп, қысқы ұйқыға кетеді. Кейін екі айдан соң суды қайта жылытқанда балықтың шартты рефлексі көктем келді деп, уылдырық шашуға дайындалады. Мамандардың айтуынша, уылдырық екі әдіспен алынады. Сауып алады және сойып алады. Айта кетейік, сауып алғанның өзінде балықтың 80 пайызы аман қалады. Алынған уылдырықты таза аймаққа өткізіп, бізге құпия тәсілмен тазартады, тұздайды, содан соң құтыға салады. Сөйтіп, сатылымға кетеді.
Зауыт қуаты жылына 4 тонна уылдырық өндіре алғанымен, мұнда 1 тонна ғана дайындалады. Одан артыққа сұраныс жоқ. Кейінгі жылдары бекіре шабағын өсіріп сатуға да ден қойды. Есеп-қисаптарына қарасақ, уылдырыққа қарағанда шабақ өсірудің пайдасы көп көрінеді. Кейінгі кезде шабақты түрлі мекеме сатып алып, өзен-көлге жібере бастаған. Оның ішінде «Қазцинк», «Қазақстан Су жолдары» компаниялары бар. Бұрын олар балықтың басқа түрін жіберіп, экологиялық акцияға қатысса, соңғы уақытта бекіреге бет бұрған.
– Табиғатқа септігіміз тисе деп ойлаймыз. Әйтпесе, мұндай зауытты ұстап тұру оңай емес. Салықты уақытылы төлейміз. Ауылдықтарды жұмыспен қамтып отырмыз. Үлкен зауытта 15 адам ғана істейді. Оның біразы – әкімшілік қызметкерлер. Балыққа қарайтын мамандар бес-алтау ғана. Оның себебі, мұнда бәрі автоматтандырылған, – дейді Ерлан Серікханұлы.
Әңгіме соңында мемлекет тарапынан қандай қолдау бар деп, әдеткі сұрағымызға бастық. Сөйтсек, алып-ұшып бара жатқан қолдау жоқ секілді. Мәселен, 40 млн теңге балықтың қорегіне 275 мың теңге субсидия шақ келеді екен. Көзі табылған кәсіптің тасы қолдаусыз да өрге домалай бермек.
Шығыс Қазақстан облысы,
Ұлан ауданы