• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Байқау 25 Маусым, 2024

Шетелдегі қазақ балалары бақ сынады

110 рет
көрсетілді

Қазақтың тілі мен мәдениетін, тарихын, ұлттық құндылықтарды жас ұрпаққа таныту, насихаттау – қазаққа керек. Әсіресе шетелдердегі қазақ диаспорасының бала­ларын назардан тыс қал­дырмай ортаға тартып, ынталандырудың, қолдау­дың маңызы зор. Бұл тұрғыда Оқу-ағарту министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қазақ диаспорасы балаларына арнап өткізетін халықаралық олимпиадасының орны бөлек.

2003 жылдан бері тұрақты өт­кізіліп, алыс-жақын шетел­­дер­дегі қаракөздердің еліміз­дің әр өңірінде болып, атакүлдікпен танысуына, жаңа достар табуына, ең бастысы – ана тілінен, ата тарихтан білім сынына түсіп, болашағына бағдар алуына мүм­кіндік беретін сайыс.

Бұдан он жыл бұрын Ақтау қаласында өткен халықаралық олимпиада биыл «Қазақстан – ата жұртым, қасиеттім – ана тілім» атауымен ХХІ өткізілімін тағы да Әбіш Кекілбайдың туған жері – Маңғыстауда ұйым­дас­тырды. Қазақ тілі мен әде­биеті пәні бо­йынша халық­аралық олимпиадаға Иран Ислам Рес­публикасынан, Қытай Халық Республикасының Синь­цзян қаласынан, Өзбекстан Респуб­ли­ка­сының Заравшан қа­ласы мен Бостандық ауданы­нан, Ресей федерациясының Самара, Омбы облысы мен Түрікмен­стан елінен 40-қа жуық қазақ балалары қатысты. Алыстан кел­ген өрендерді Маңғыстау­дың бел­гілі өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып қарсы алды, төрін ұсынды. Шетте жүр­ген қазақ балаларының туған жерге қоржыны бос келмеген екен, олар – Қытайдан келген Мөл­дір Нұрлан, Өзбекстаннан келген Диана ­Ор­да­бекова, олимпиада­ға Ресей ­федерациясынан қаты­сушы Алина Қабаева мен Аль­бина Каирова, сондай-ақ түрік­менстандық оқушы Бақтыгүл Аманглыжова жырақта жүрсе де Әбіш Кекілбайұлының «Ту­ған жер» атты туындысын жатқа оқыды. Олар жетекшілерімен бірге Маң­ғыстауда облыстық музейді, қо­рық­ты, көрікті Ақтау қаласын ара­лап, қарт Каспий жағасында демалды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің про­фессоры, филология ғылым­да­ры­ның докторы Дандай Ысқақ­ұлы, филология ғылымдары­ның кандидаты Гүлзамира Айт­­баева, Жазушылар одағы­ның мүшесі Сүлеймен Мәмет, Л.Н.Гу­милев атындағы Еура­зия ұлттық университетінің профессоры Қарлығаш Сәре­кенова, сондай-ақ Ақтау қала­сындағы Ш.Есенов атындағы КМТИУ оқытушылары мен өзге де жо­ғары оқу орындарының білік­ті ұстаздары қазылық еткен сайыс­та жеңімпаздар анық­та­лып, олимпиаданы өткізу ере­желеріне сәйкес, жеңімпаздар Оқу-ағарту министрлігінің I, II және III дәрежелі дипломдары­мен, сондай-ақ алтын, күміс және қола медальдарымен марапатталды. Ерекше жетістікке қол жеткізген қатысушыларға «Да­рын» республикалық ғылы­ми-прак­тикалық орталығының гра­­­мо­талары мен арнайы сый­лық­­тары беріліп, ал ең үздік­терге еліміздегі беделді жоғары оқу орындарының ректор­­лық білім гранттары табысталды. Сайыс қорытындысында Қытай Халық Республикасы Синь­­цзян қаласынан келген 12-сынып оқу­шысы Мөлдір Нұрлан Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­вер­ситетіне, Өзбекстан Рес­публикасы Бостандық ауда­нындағы мектептің 11-сынып оқу­шысы Диана Ордабекова Қор­қыт ата атындағы Қызылорда уни­верситетіне, Өзбекстан Рес­пуб­ликасы Бостандық ауданынан келген 11-сынып оқушысы Сабина Асқа­рова Ө.Жәнібеков атын­дағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне, Қытай Халық Республикасы Санжы облысы Құтыби ауда­нындағы мектептің 12-сынып оқушысы Оразәлі Ақжол Қор­қыт ата атындағы Қызылорда уни­­верситетіне грант пен жоға­ры оқу орнына түсуге жолдама алса, Өзбекстан Республикасы Бостандық ауданынан қатыс­қан 11-сынып оқушысы Аружан Ақылбекова Ө.Жәнібеков атын­дағы Оңтүстік Қазақстан пе­да­гогикалық университетіне, Өзбек­стан Республикасы Бос­тан­дық ауданының 11-сынып оқу­­шысы Ерсұлтан Жора­беков Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда университетінің грантын ұтып алды.

– Қазақ диаспорасы бала­лары­ның қазақ тілі мен әде­бие­тінен халықаралық олим­пиа­даға ынтасы өте зор. Біз Ақтау қаласында өткен ХХІ өткі­зілімінде де осы сезімді бай­қап қуандық. Шетелдердегі қа­зақ балаларының қазақ тілін ұмыт­пауы, ана тілінде білімін жан-жақты шыңдау, атажұртқа келіп білім алуы – аса маңызды қадам. Сондықтан біз жұмыс көкжиегімізді кеңейтіп, алдағы уақытта өзге пәндермен бірге биология пәнінен де олимпиада өткізуді жоспарлап отырмыз. Олимпиаданы өткізуге қолдау көрсеткен Маңғыстау облысы­ның басшылығына, алыстан кел­ген оқушылар мен жетекшілеріне алғыс айтамын, – деді «Дарын» республикалық ғылыми прак­тикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов.

Іс-шара соңында марапат пен жоғары оқу орындарының оқу грантын ұтып алғандар қуа­нып, жүлдеге ілікпегендер жы­лаған әсерлі сәтке куә болдық. Шын­дығында, терезеден сыртқа қарап үнсіз жылап тұрған талдырмаш қыздың көз жасынан жүлдеден құр қалып емес, туған елге оралсам, еліміздегі іргелі оқу орнының студенті атанып, болашағымды бабакүлдікпен байланыстырсам деген ең асыл арманы алыстап кеткендей өкінішті бастан кешіп тұрғандай сезіндім. Қазақ диаспорасы балалары үшін қа­зақ тілі мен әдебиеті пәнінен ха­­лықаралық олимпиаданың өтуі – жақсы жоба, бірақ қатысу­шы бала­­лар санының азаюы кө­ңіл алаң­­датады, ал қаракөздер­дің жы­­лап кетуі жан ауыртады екен.  

 

Маңғыстау облысы