• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 24 Маусым, 2024

Кей-кейдегі бір құбылыс...

126 рет
көрсетілді

«Кейде...» деп басталады ғой көңіл күй ауандарының көбі. Осы кей-кейде болмаса, дүние жаңармайтындай, жаңа бір нәрсе табылмайтындай көрінеді кейде, әрине. Әне көрдіңіз бе, тіл ұшына өзі-ақ оралып тұрады. Неге оралатыны да белгілі, себебі кез келген сөзді өмірдің өзі тудырып алады.

Мысалы, сіздің іші­ңізде бұрын басы­ңыздан кешпеген әлдебір сезім туындаса, оны жет­кізуге тырысасыз. Басқаға айтпасаңыз да, өзіңіз түсінуге ұмтыласыз. Ақыры соның сипатын таппай қоймайсыз ғой. Сол сезімге қатысты нақты атау таппасаңыз да, маңайлайтын мәндес атау тауып, ақыры бір нәрсе қылып жеткізесіз. Ақын не жазушы болсаңыз жаңа сөз ойлап табуыңыз мүмкін дегендей. Жарайды, бұған бас қатырып қайтеміз. Бірақ кейде болмаса, өмірде болмайтындай сезілетіні өтірік емес. Нұры тамған өмір болмаса, әдебиет те жоқ. Кейде сол өмірден де, әдебиеттен де жалығып бейжай жүргенің де неше түрлі құбылыс өзі алып келеді ғой арнасына. «Өмір өзі-ақ өлтіреді бір күні, Өлтіріспе сен мені», деген жоқ па еді Мейірхан Ақдәулетұлы. Сонд­ықтан өмір өзі тудырып алады керек нәрсесін. Ақын-жазушының міндетінің бірі соларға ен-таңба тағып, атауын таңып, елге таныту шығар мүмкін. Өмірді танып, өлеңге айналдырып жіберу, мүмкін өлімнің өзін өлеңге айналдырып, мәнін ашу. Өлім арқылы өмірдің мәнін ашу, рух сыйлауға келіңкірейді. Осындайда Қасым Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы еске тү­седі. Егер ішіңде солқылдап жү­рек соғып тұрмаса, өмірдің де құны көк тиын. Махаббат та, ер­лік те содан қуат алып кетпей ме? Кейде сол жүрек бұлқынып не тебіреніп кетпей ме, өмірдің мәні ашыла түсетін тұс та осы емес пе?

Өткенде бір керемет естелікке тап болдым. Мұзафар Әлімбаев жазыпты: «Тағы бір кездескенде, «Балдақты жігіттің» (Қасымның 1949 жылы жазған осындай өлеңі бар) сюжеті мен идеясын қайдан таптыңыз?», деп сұрадым. Қасым былай түсіндірді:

«Бір дүкен алдында балдақ ұстаған ақсақ жігітті көрдім. Ол өзгелерді кимелеңкіреп дүкенге бұрын кіргісі кеп тұр екен. Кө­зіміз көзімізге түсе кетті. Оны сөйлетпек болып:

– Бір аяғың көрінбейді ғой, жігітім, немене үйіңде ұмытып қалдырғансың ба? – дедім жорта.

– Жоқ, ол аяқты мен Берлинде басып тұрмын! – деді.

Осы әсермен үйге келе сала өлең жазып тастадым. Мен, әри­не, біраз басқаша жаздым.

«Көріп тұрсыз, бір аяғым – осында,

Екіншісін басып тұрмын Берлинде...»

Соңғы тармақ қандай зілді, ойы қандай терең, қандай астарлы! Қасым сонымен бірге:

– Өлеңді осындай жерде де жазуға болады. Халықпен ойнама! Бәрі соның ортасында, соның қолында, – деді.

Оның өлеңдерінің халық көкейінен шыға­тындығы содан да болар», дейді Мұзафар Әлімбаев. Әдебиетке жақын адам Қасым мен Мұзафардың аға-іні ретінде шығармашылық қарым-қатынасы үзілмегенін бірден аңдайды. Кезінде осы өлеңді оқығанда бізге де қатты ұнағанын несіне жасырайық. Өмірдің өзінен алынғаны осы емес пе өлеңнің? Ақын оны өмірден де асқақтатып, рух беріп тұр. Сезім сыйлап тұр.

«Балдағы бар бір жігітті көр­дім де,

Қа­сақана сауал бердім келдім де:

– Ғафу, жолдас! Көрінбейді бір аяғың,

Кешегі өткен сұрапылда бер­дің бе?

Жігіт екен! Жауап тапты тосыннан

(Бір ғажайып күлкі ойнады ернінде):

– Көріп тұрсыз, бір аяғым осында,

Екіншісін тұрмын басып Берлинде».

Бар болғаны осы ғана. Бірақ адамзат өмірінің мехнаты мен аза­бын рухымен жеңе алатыны атойлап тұрған жоқ па мұнда? Ақынның орнында басқа жан бол­са, мүмкін соғыста аяғынан айы­рылған сарбазға мүсіркеп қа­рап, кезексіз өткізудің жолдарын қарар ма еді, кім біледі? Бір жағынан ол да дұрыс шы­ғар. Десек те адам жанын ынталандырып жіберетін ана сұрақ пен мына жауап тудырған ас­­қақ рух одан да зор деп бі­леміз. Көз­ге кей-кейде ғана тү­­сетін құ­бы­лыстардың бір мәні осын­дай-ақ.