Елімізде өлім жазасы түпкілікті жойылғалы үш жыл өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өлім жазасын жою мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңға қол қойды. Содан бері өлім жазасы өмір бойы бас бостандығынан айыруға алмастырылды.
Елімізде өлім жазасының толық жойылуы – адам құқықтарын қамтамасыз етуге және конституциялық ең жоғары құндылық – өмір сүру құқығына кепілдік беруге ықпал ететінін көрсетеді. Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында құқық қорғаушылардың өлім жазасын елдің Қылмыстық кодексінен жазалау шарасы ретінде толығымен алып тастау туралы ұсынысына түсініктеме бере келіп: «Мен бұл салаға ерекше назар аударамын, өйткені оның жағдайы біздің қоғамның даму деңгейіне әсер етеді. Біз құқықтық және әділ мемлекет құру жолымен кезең-кезеңімен ілгерілеп келеміз. Маусым айында мен құқық қорғау саласын кешенді жаңғыртуға бағытталған Қазақстан Республикасының Адам құқықтары саласындағы одан арғы шаралары туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұған дейін менің бастамам бойынша біздің еліміз өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші факультативтік хаттамасына қосылды», деген еді.
Өлім жазасынан бас тарту түптеп келгенде, мемлекетіміздің адам құқықтарын қорғау саласындағы бірқатар халықаралық міндеттемені орындауын ғана емес, адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайтудағы маңыздылығын ескергенін уақыттың өзі дәлелдеп берді.
Қазақ елі өз алдына дербес зайырлы ел болып, тәуелсіздігін жариялаған 30 жылдан астам уақытта 536 өлім жазасы орындалған. Бас прокуратураның құқықтық статистика орталығының мәліметінше, 1997 мен 2001 жыл аралығында өлім жазасына 266 адам кесілген. Осы уақыт аралығында 150 азамат атылған. 27 адамның жазасы «өмір бойына абақтыға қамауға» алмастырылған. Қалған 89 адамның жағдайы белгісіз. Алайда мамандар олардың осы уақыт аралығында қайтыс болуы мүмкін екенін айтады. Себебі көпшілігі өлім жазасы орындалғанша, өз-өздеріне қол салады екен. Мұндай факті сол кезеңді бағдарласақ, республика бойынша жыл сайын 18 адам өз өмірін қиған. Соңғы рет 2003 жылы сот шешімімен ең ауыр үкім кесіліп, 12 адам атылған.
Жалпы, сол кезеңде Құқықтық реформа бағдарламасының өзінде-ақ өлім жазасын кезең-кезеңмен жоюдың келешегі нақты белгіленген. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ұрлық, жалған ақша жасаушылық, валюталық операциялар туралы ережелерді бұзушылық, қарақшылық, түзеу мекемелерінің жұмысына іріткі салатын әрекеттер, зорлау мен пара алу үшін өлім жазасы заң жүзінде жойылды. Кейін 1998 жылғы 1 қаңтарда жаңа Қылмыстық кодекстің қолданысқа енгізілуімен өлім жазасы бейбіт кезде іс жүзінде қасақана кісі өлтіргені үшін ғана сақталған.
Құжаттағы өзгеріске бір жағынан соттар шығарған өлімге кесу үкімдерінің саны бірнеше есе кемігендігі әсер еткен. Әрі-беріден соң, қасақана кісі өлтіру фактісі де азайған. Мұның өзі аса ауыр қылмыстың өсуіне әкелмегендігін айғақтаған. Бірақ қоғамда жаза жеңіл болса, адам жауапкершіліктің парқын ұғынбауы мүмкін, жазаның қатаңдығы адамды қылмыс жасаудан аяқ тартуға алып келеді деген түсінік бар. Бұған сол кездегі жасалған әлеуметтік сауалдамалар дәлел болады. Сондықтан ел билігі жұртшылықтың пікірін ескеріп, өлім жазасын орындауды түбегейлі алып тастамай, 2003 жылы желтоқсан айында тек мораторий жариялайды.
– «Өлім жазасын қолдану қоғамдағы қылмыс санын азайта ма?» деген сипатта бірнеше зерттеу жасалды. Мұнда ғалымдар «Өлім жазасын тағайындау адамды қорқыта ма?», «Қылмыс санын айтарлықтай азайта ма?», «Немесе қылмыстың белгілі бір санының кемуіне ықпал етеді ме?» деген үш сауалға жауап іздеуге талпынған. Негізінде бұл факторлардың арасында ешқандай байланыс жоқ. Өйткені адам «өлім» деген нәрседен қорықса, өміріне ұдайы қауіп төніп тұратын ұшқыш, шахтер сынды мамандықтарды таңдамас еді. Сол себепті іргелі криминологиялық зерттеулерде өлім жазасын орындау қылмыстың азаюына әсерін тигізбейтіні келтіріледі, – дейді заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Қоғамов.
Мораторий енгізілген тұста кем дегенде 5 адамға өлім жазасы тағайындалған. Бірақ Қылмыстық-атқару кодексі 165-бабының 5-тармағына сәйкес, өлiм жазасы туралы үкiм күшiне енген кезден бастап, ерте дегенде бір жыл өткеннен кейін, сондай-ақ өлім жазасын орындауға мораторийдің күші жойылғаннан соң ерте дегенде бір жыл өткеннен кейін кесіледі. Осылайша, өлім жазасы мораторий алынып тасталған жағдайда ғана орындалады.
Ал жазаның бұл түрін қолданбаудың тұрақты құқықтық режімі 2020 жылдың 24 қыркүйегіне дейін сақталды. Ал қатаң жаза ретінде 2004 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыру деп бекітілді.
Артынша, 2005 жылы республика Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіні ратификациялады. Ал 2006 жылы Еуроодақтың өлім жазасын жою туралы үндеуіне қосылды. Еліміз 2007 жылы БҰҰ-ның Өлім жазасына мораторий енгізу туралы резолюциясын да қолдады.
Араға жылдар салып, 2019 жылы желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі саяси реформаларды жүзеге асыру негізінде Сыртқы істер министрлігіне азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші Факультативтік хаттамасына қосылу рәсімін бастауды тапсырған-ды. Сөйтіп, 2020 жылдың 23 қыркүйегінде БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстанның тұрақты өкілі Қайрат Омаров аталған хаттамаға қол қойды. Шешімді Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-мерейтойлық сессиясында жариялады.
«Бұл шешім Конституцияға толығымен сәйкес келеді және негізгі заңға ешқандай өзгеріс енгізуді қажет етпейді. Кезінде өлім жазасына Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Жарлығымен тыйым салынған. Елімізде өлім жазасы қолданылмайды. Өлім жазасы Конституцияда белгіленген 2 жағдайда ғана қарастырылады және ол толығымен факультативті хаттамаға сәйкес келеді», деп Мемлекет басшысы көпке жалпы саяси пікірталас барысында жеткізді.
Айта кетерлігі, БҰҰ құжаттары мүше мемлекеттерге ең жоғары жазаны шетелдік агрессия, геноцид секілді соғыс кезінде жасалған ауыр қылмыстарға қолдануға рұқсат етеді.
2021 жылдың 2 қаңтарында Президент «Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Екінші Факультативтік Хаттаманы ратификациялау туралы» заңға қол қойды. Құжатқа сәйкес, бұрын өлім жазасына кесілген қылмыскерлердің жазасы өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Осылайша, еліміз өлім жазасынан заңды түрде бас тартқан елдердің қатарына қосылды. Ал өлім жазасы алмастырылғандарды мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға тыйым салынды. Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл қадам еліміздің демократиялық жолмен дамуына сеп болатынына сенім білдірді.
«Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қараша айында өткен отырысында Қазақстанда өлім жазасы қандай да бір ескертпесіз жойылуға тиіс деген ұстанымды білдірді. Осы заңды қабылдай отырып, Қазақстан өлім жазасына заң жүзінде тыйым салған елдер тобына қосылды. Сондай-ақ еліміз өлім жазасын толығымен жоюға арналған халықаралық қозғалысты қолдайтынын заң арқылы дәлелдеп отыр. Қабылданған заң еліміздің демократиялық жолмен дамуына өз үлесін қосады деп сенеміз», деді Сенат төрағасы.
Гуманистік мемлекеттік басты қағидаты – адам өмірі. Мемлекет басшысының қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге бағытталған бұл бастамасы Қазақстанның халықаралық құқықтың жоғары стандартқа қадам басқанын байқатты. Әрі БҰҰ-ның өлім жазасын жою туралы шешімді қабылдаған мемлекеттерге жүргізген зерттеулеріне үңілсек, өлім жазасынан түбегейлі бас тартқан кейбір елде аса ауыр қылмыстар санының артпағаны, керісінше басым бөлігінде азайғаны келтіріледі. Десек те Қазақстан өлім жазасынан бас тарту туралы шешімінен кері шегіне алмайды. Өйткені өлім жазасын қайта енгізген елдерге БҰҰ тарапынан қатаң санкция салынады. Әзірге ескі тәжірибені қолданып жатқан ешкім жоқ. Өйткені бұл қадам әр мемлекеттің тәуелсіздігі мен жерінің тұтастығын сақтау үшін қажет.
– Біз 2020 жылы алдымен Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші Факультативтік хаттамасына қосылып, кейіннен соған қол қойдық. 2021 жылы Қылмыстық кодекстен ең ауыр санкция, өлім жазасы алынып тасталды. Ал осыдан екі жыл бұрын конституциялық реформа аясында Ата заңымыздан бұл жазаны алып тастауымыз – ақылға қонымды шешім. Бұл «мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі» деген Конституциядағы қағидаға қайшы келмейді. Заңнамалық не халықаралық тұрғыдан алып қарасақ та, қисынға келеді, – деді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев.
Қазір елімізде өлім жазасы іс жүзінде өмір бойына бас бостандығынан айырумен ауыстырылды. Бұрын өлім жазасына кесілген немесе өмір бойына сотталған 100-ден астам адам жазасын Қостанай облысындағы «Қара бүркіт», Арқалық қаласындағы жабық түрмеде өтеп жатыр.
2022 жылы өлім жазасынан Қазақстанмен қатар Папуа-Жаңа Гвинея, Сьерра-Леоне және Орталық Африка Республикасы толық бас тартты. «Amnesty International» құқық қорғау ұйымының биылғы есебіне көз салсақ, кейінгі он жылда әлемде өлім жазасының саны ең жоғары деңгейге жеткен. Дүние жүзінде былтыр 1 153 өлім жазасы тіркелген. Авторлар көрсеткіштің одан алдыңғы жылмен салыстырғанда шамамен 30 пайыз өскенін байқаған. Өлім жазасына кесілгендердің басым бөлігі – есірткі қылмысымен түрмеге жабылғандар. Құжатта Таяу Шығыс елдерінде, соның ішінде Иранда өлім жазасының күрт өскені туралы жазылған.
Құқық қорғаушылар өлім жазасы Қытай, Иран, Сауд Арабиясы, Сомали және АҚШ-та жиі орындалатынын айтады. Мәселен, АҚШ-та өлім жазасы бір жылда 24 адамға орындалған. Ал 2022 жылы 18 сотталушыға үкім тағайындалған.