• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Партия 26 Маусым, 2024

Саяси ұйымның салмақты бетбұрысы

114 рет
көрсетілді

«Ауыл» партиясы саяси ұйымның ХХIV съезін өт­кізіп, оған өңірлерден 112 делегат қа­тысты. Партия төрағасы, Мәжі­ліс депу­таты Серік Егізбаев партия атауынан «Халықтық-демократиялық патриоттық» деген тіркестің алып тасталуға қатысты ұсыныс білдіріп, оны делегаттар толық қолдады. Атау ғана өзгерген жоқ, ендігі кезекте партия саясаттағы имиджін жаңартып, оны заманауи және жаңа ұрпақ үшін тартымды етуге күш салмақ.

«Бұл бұған дейінгі құндылықтар мен сенімнің маңызын жоймайды. Керісінше олардың мазмұны заманмен рухтас болуға тиіс деген сөз. «Партияның ребрендингін дәл сол себепті жүргізіп жатырмыз. Жылдар бойы қалыптасқан жақсы дәстүрлерді сақтаймыз. Сөйтіп, партияға бүгінгі сын-талаптарға жауап беретін жаңа келбет береміз. Өткенді дәріптей отырып, идеалдардың жалауын жықпаймыз», деді С.Егізбаев.

Съезд өткен Зеренді мәдениет сарайында ауыл адамдары мен балалар бейнелеген картиналардың көр­месі ұйымдастырылды. Жүзге жуық туын­дының әрбірінде ауыл және ондағы тіршіліктің бір сәті керемет көрі­ніс тауып тұр. Бұл – ауылдарда салынған мың­даған картинаның арнайы байқаулар­да жүлделі орын алып, съезге арнайы іріктеліп әкелінген үздіктері.

«Ауыл» партиясының Мәжіліс­тегі депутаттық фракциясы пар­тияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында өңірлерді аралап, халық пікіріне құлақ түрген. Нәтижесінде, «Аграрлық банк туралы» және «Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» екі заң жобасын әзірлеген. Екеуін де қос палатадағы 60 пайыздан аса депутат қолдаған. Партия төрағасы бұл бағыттағы жұмыстар құзырлы мемлекеттік органдармен жалғасын табатынын айтты.

Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов «Су тасқыны салдарын жоюда сіздердей жарқырап алға шыққан, жастар құрылыс жасағын түзіп, сапқа тұрғызған ешкім болмады» деп атап өтті. 

«Пар­тия­ның саяси бағдарлама­сын «Гүлден­се ауыл – гүлденеді еліміз» деп атадық. Халықтың мәдени дәстүрі мен рухани құндылық­тарына негізделген, гүлденген ауылдары мен қалалары бар аграрлық, саяси тұрақ­ты, экономикалық күшті, әлеумет­тік әділетті, демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет құруды мақсат ретінде айқындадық», дейді партия басшысы.

Расында, бүгінде ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өндірудің маңызы ұшақ пен компьютер жасап шығарудан артық болмаса, кем емес. Пандемия мен геосая­си оқиғалардың қасіретті сабағы азық-түлік қауіпсіздігі кез келген мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігінің негізгі элементі­не айналатынын көрсетті. Табыстың төмен деңгейі ауыл тұрғындарын қалаға көшуге мәжбүр етеді. Жалпы, аграр­лық өндірісте кірістің төмен болуы, отандық ауыл шаруа­шылығының басты проб­лемасына айналған. Бұл орайда партия мемлекеттік қолдаумен ауылдық кооперативтерді дамыту қажет деген ұстанымда.

«Ауыл» партиясы есепті кезеңде жақын және алыс шетелдердің саяси партияларымен, қоғамдық халық­аралық және отандық бірлес­тік­термен ынтымақтастықты жан­дандырған. Биылдың өзінде 30-дан астам кездесу өткізіпті. Онда қызметтің түрлі бағыты бойынша өзара іс-қимыл мәселелері қаралды. Қазір Азия мен Еуропаның аграрлық бағыттағы 13 саяси партия­сымен, оның ішінде Еуропа Пар­ламентінде, Чехия, Польша, Литва, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан пар­ламенттерінде өз фракциясы бар партиялармен қарым-қатынас орнату жүріп жатыр.

«Біріккен Ұлттар Ұйымының азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен» (ФАО), «Ауыл әкімдерін оқыту мәселелері бойынша Конрад Аденауэр қорымен», «Қазақстан –Герман аграрлық-саяси диалогі» ұйым­дарымен ынтымақтастық туралы келі­сімдер жасамақшы. «Түркия түлек­­тері қауымдастығымен» «Түр­кия бурс­лары бағдарламасы», «Бер­лин Еура­зиялық клубы», «Потсдам климаттық өзгерістерді зерттеу институты», тағы басқа халық­аралық ұйым­дармен кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүр­гізуді жос­парлапты.

Жастарды патриотизм, бірлік және туған жерге деген сүйіс­пен­шілік рухында тәрбиелеу аясында Қазақстан халқы Ассамб­леясымен, Ұлттық волонтерлер желісімен бірқатар меморандум­ға қол қойған. Сондай-ақ Ұлттық аграр­лық ғылым академиясымен және Агро­колледждер қауым­дас­ты­ғымен мемо­рандумда агро­өнер­кәсіп кешенін ғылыми және кад­рлық қамтамасыз ету мәселесін талқылаған.

Уақыт талабына сай жаңғырған партияға толық ребрендинг жасалды, партия атауы мен логотипіне киіз үй таңдалған.

Саяси іс-шарада ауыл мен ондағы тұрмыс-тіршілікке қатысты көптеген мәселе көтеріліп, оны шешу жолдары қарастырылды.