• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Жоба 26 Маусым, 2024

Әлеуметтік жоба жалғасады

55 рет
көрсетілді

Былтыр қыркүйекте басталған «Joltap» әлеу­меттік жобасы күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Жобаның жол көрсетуімен талай Астана тұрғыны аз уақыт ішінде белгілі бір кәсіптің қыр-сырын игеріп, шаруасының шырайын кіргізіп отыр.

«Елорда әкімдігінің бастамасымен қолға алынған жоба аясында мемлекеттік қолдау шаралары, атаулы әлеуметтік көмек, бизнес ашуға қажетті құжаттарды ресімдеу мен жұмыс табуға кеңес беріледі», дейді жоба мамандары.

Жолы болғандар жобаның арқасында, тіпті екі қысқамерзімді бағдарлама аясында тегін оқиды. Бірінші бағдарлама наубайшы, бариста, сатушы-кассир, қоғамдық тамақтандырудың әмбебап қызметкері, тігінші сияқты 5 жұмысшы мамандығын оқытуға арналған. Ал екінші бағдарлама «Freelance мүмкіндік» деп аталады. Бұл 7 цифрлық дағдыларды оқытуды ұсынады. Оған таргетолог, SMM, видеограф, маркетплейс менеджері, мобилограф, графикалық дизайнер, веб-дизайнер қатарлы мамандықтар жатады.

Жоба аясында курс оқып, өз кәсібін қолға алғандардың бірі – Ғамзат Иманмағзамов. Оның айтуынша, жобаның заманауи дағдыларды үйретуі елдің келешегіне пайдасы зор.

«Мен «Joltap» жобасында интернет сауда бағдарламасы деген курстан өттім. Осылайша, интернет-сауданың қыр-сырын үйрендім. Ұстазымыз дәрістерді өте керемет өткізді. Оқудан соң ой туып, үйдегілерге интернет арқылы сауда жасауға болатынын айттым. Қазір Қытай еліне тапсырыс беріп, тауар тосып отырмыз. Тауарымыз келген соң маркетплейске шығамыз деген жоспарымыз бар. Мұнда табыс табудың жолын көрсеткен жобаға және дәріс берген мамандар алғысым зор», дейді ол.

«Joltap» әлеуметтік жобасына жүгінгендердің 1 200-ге жуығы халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады екен.

«Елорда тұрғындары тегін оқудың мерзімі онкүндік курс және бір жарым айға дейін созылады. Оқыту бағдарламалары 18-50 жас аралығындағы Астана тұрғындарына қолжетімді. Оқу аяқталғаннан кейін қатысушыларға сертификат беріледі. Қазір оқушылар арасындағы негізгі санаттың 60 пайыздан астамы – 35 жасқа дейінгі жұмыссыз тұрғындар», дейді «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттерінің мамандары.

Астанадан басталған табысты жоба енді өңірлерде де ашылмақ. Мәселен, Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Қарағанды және Ақтөбе облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында жобаны жалғастыру қолға алынды. Жақын арада бұл өңірлердің тұрғындары «Joltap» жобасына қатыса алатын болды.