Қорғаныс министрі әскери нысандардың резервшілер жиынына дайындығын тексерді. Генерал-полковник Руслан Жақсылықов Абай және Аягөз гарнизондарының әскери нысандарына барып, оқу-жаттығу жиынына шақырылатын жеке құрамды қабылдау пунктін аралады.
Сала басшысы алғаш болып «Шығыс» полигонында болды. Мұнда шілде айының ортасында әскери жиын басталады. Оған шамамен 1,5 мыңға жуық адамды шақыру жоспарланып отыр. Қорғаныс министрі оқу-жаттығу орталығының резервшілерге сабақ өткізетін пункті, оқу-жаттығу алаңын тексерді. Іс-шара барысында аумақтық қорғаныс бригадаларының құрамын жауынгерлік даярлықтың қажетті деңгейде ұстаудың маңыздылығын атап өтті.
Содан соң 30217 әскери бөлімінің жауынгерлік машиналар паркіндегі қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеуді ұйымдастыру, оны ұзақмерзімді сақтауға әзірлігін байқап көрді. Модульдік казарма ғимараттарын монтаждау мен асхана салу жұмыстарымен танысты.
Аягөз гарнизонында Руслан Жақсылықов жұмыс сапарын «Майлин» оқу-жаттығу полигонынан бастады. Министрге бронды нысандарды жою, қарсыластың ұшқышсыз басқарылатын аппараттарына қарсы тұру, электронды күрес арқылы дрондарды бағдарлау тәсілдері, басқа да оқу-жауынгерлік мүмкіндіктері көрсетілді.
Гарнизонның әскери бөлімдерінде Қорғаныс министрі гарнизон әскери қызметшілерінің отбасы мүшелері тұратын «Южный» әскери қалашығының тұрғын үйлерінің жөндеу жұмыстарының сапасына жіті мән берді.
Іссапар соңында Р.Жақсылықов жауынгерлік даярлық іс-шараларын жоғары деңгейде орындау, әскери нысандарды салу мерзімдерін сақтау, қару-жарақ пен әскери техниканы тиісті жағдайда ұстау бойынша бірқатар міндет қойды. Әсіресе мүлік пен оқ-дәрілерді қауіпсіз жерлерде сақтауға баса назар аударды.