Алматы қаласының Алмалы аудандық соты шаһардағы метро құрылысы кезінде 5 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталған 10 адамға қатысты үкім шығарды, деп жазады Egemen.kz.
Қылмысқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді көлік прокуратурасы жүргізді.
Сот талқылауы барысында айыптаушы тарап сотталушылардың «Метрополитен» КМК, «Алматыметроқұрылыс» АҚ, «Автоматтандыру және технологиялар қызметі» ЖШС басшылары бола отырып, адамдар тобымен, 2018 жылдың маусымынан 2020 жылдың тамызына дейінгі кезеңде «Сарыарқа» және «Достық» станцияларын салу барысында қаржылық алаяқтықпен, оның ішінде, жабдықтың құнын 10 есе арттырып тұрақты түрде ірі көлемдегі ақшаларды жалған фирмалар арқылы шығарғанын дәлелдеді.
Сотталғандар мемлекеттік және қаржы ұйымдарында жұмыс істеу құқығы мен әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды (негізгі фигуранттар 7 жылдан 8 жылға дейін). Сонымен қатар сот 1 млрд теңгеден астам сомадағы мүліктерін тәркілеп, мемлекетке келтірілген шығынды өндірді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.