• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Ғылым 27 Маусым, 2024

Академиктер сайланды

285 рет
көрсетілді

Академиктерді сайлау жөніндегі конкурстың қорытындысы шықты. Бұл туралы Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы хабарлады.

Академияның хабарлауынша, Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы №223 бұйрығымен бекітілген Ұлттық ғылым акаде­мия­сының академиктерін сайлау Қағидаларына сәйкес Ака­де­мия­ның жалпы жиналысының шешімі шығарылды.

Аталған шешімге сай: «Өмір және денсаулық туралы» ғылымдар бөлімшесі («Медицина және ден­сау­лық сақтау» бағыты) бойынша: Ақшолақов Серік Қуан­дықұлы мен Локшин Вячеслав Нотанович акаде­мик атанды. Осы орайда оқырмандарға түсінікті болу ­үшін су жаңа академиктерді қысқаша таныстыра кете­йік. Серік Ақшолақов – белгілі нейрохирург, про­фессор, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» акционер­лік қоғамының басқарма төрағасы, Ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, бәрінен бұрын талай жанға екінші өмір сыйлаған дәрігер. Вячеслав Локшин – акушер-гинеколог, репродуктолог, профессор, еліміздің репродуктивті медицина саласындағы нормативтік және заңнамалық актілерін әзірлеуге елеулі үлес қосқанымен танымал.

Ал «Жер, ғарыш және коммуникациялар туралы» ғылымдар бөлімшесі («Жаратылыстану ғылымдары», «Инжиниринг және технологиялар» бағыттары) бойын­ша: Здоровец Максим Владимирович; Рамазанов Тілек­қабыл Сәбитұлы; Сұраған Дөрбетхан; Тұрысбеков Ерлан Кеңесбекұлы Ұлттық ғылым академиясының ака­демиктері болып сайланды. Максим Здоровец – Ядро­лық физика институты Астана филиалының дирек­торы, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор. Тілекқабыл Сәбитұлы – 80-нен аса ғылыми жарияланымның авторы, физика-математика ғылымының докторы, профессор, Қазақстандағы ­идеал емес плазма физикасы бойынша ғылыми мектептің негізін қалаушы. Сұраған Дөрбетхан – мемлекет­тік сыйлық алған ең жас ғалым-математик, PhD доктор. Ерлан Кеңесбекұлы – биолог, профессор, «Үздік ғылы­ми қызметкер – 2022» иегері.