Бүгін, 27 маусымда Алматы, Астана, Шымкент пен еліміздің тағы екі қаласында қолайсыз ауа райы болады деп болжанып отыр. Бұл туралы Egemen.kz «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап хабарлайды.
«2024 жылғы 27 маусымда Астана, Алматы, Шымкент, Павлодар, Балқаш қалаларында ауа ластанып, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі», делінген хабарламада.
Қолайсыз ауа райы жағдайлары – атмосфералық ауаның жер қабатында зиянды (ластаушы) заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді метеорологиялық факторлардың (тыныш, аз жел, тұман, инверсия) жиынтығы.
Сондай-ақ синоптиктер Қазақстан аумағындағы синоптикалық жағдай мен қауіпті ауа райы құбылыстарының болжамын ұсынды.
«Солтүстік-батыс циклоны және онымен байланысты атмосфералық фронтальды бөлімдер Қазақстан аумағы арқылы жылжып, нәтижесінде елімізде найзағай ойнап, жаңбыр жауады, елдің батысында, солтүстік-батысында қатты жаңбыр жауады. Тек шығыста, Түркістан, Павлодар облыстарының орталығында, Жетісу облысында жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Республика бойынша желдің күшеюі күтіледі, еліміздің батысында, солтүстік-батысында, солтүстігінде дауыл тұрып, бұршақ жаууы мүмкін», деп хабарлады метеорологтар.
Солтүстікте, Алматы облысының орталығында, Жетісу облысында, Түркістанның оңтүстігінде, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарында, Ұлытау, Абай облыстарының батысы мен солтүстігінде, Жамбыл облысының шығысында аптап ыстық күтіледі.