• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 27 Маусым, 2024

Жоғалса да, жұрнағы қалған әндер

79 рет
көрсетілді

Зейтін Ақышевтың «Жаяу Мұса» романында қазақ өнері, оның ішінде ән мен күйге байланысты небір тың, тосын деректер ұшырасады. Ән сюжеттері, дүниеге келу оқиғалары кеңінен әңгімеленеді. Бірнеше нұсқада қарастыруға мүмкіндік тудырады шығармаға. Әлдебір туынды туралы оқып-біліп алған соң, әрине тыңдармандық талғам да өседі, ой мен сезім толығады, ойлы құлақ түгін білмей тыңдағаннан бір бас жоғары тұрары анық емес пе? Мәселен, аталған романда Тәттімбет күйші мен Жаяу Мұсаның бір емес, екі рет кездескені суреттеледі. Онда шырқалған әндер туралы кейінірек қаузармыз, одан да маңыздысы қазір көп шырқала бермейтін, тіпті ұмытылуға айналды ма екен, әлде мүлде ұмытылып кетті ме екен, мына бір әндерге назар тіктеуге тура келеді.

Әңгіме Жаяу Мұса бабамыздың бала күнінен, романда былай делінеді: «Мұса осы жаз он үшке толды. Бірақ осы ауылдың жастары, әсіресе сауыққұмар қыз-келіншектер Мұса десе ауыздарының суы құрып, соңынан қалмайды. Жастар бас қоса қалса, думанның дәл ортасында Мұса. Ол жоқ жерде жиынның өзі де көңілсіз. Домбырасын бірде тарсылдатып, бірде шертіп, қалжыңы аралас мысқыл өлеңдерін саулата жөнелгенде, жиналған қыз-келіншек, бозбалалар ішектері қатып, қырылып қалатын. Кейде, әнші бала деп те аталып жүр бұл. Мұса жоқта ырду-дырду болып, құр босқа шуылдап отырған жұрт, бұл келсе біріне бірі «тоқтаңдар, Мұсаның әнін тыңдайық» деп тына қалатын. Осының өзі жанынан өлең де шығаратын болып жүр. Онысы үйлесе ме, үйлеспей ме, оған қарап жатқан ешкім жоқ, өзі де мынасы артық, мынасы кем деп жатқан жоқ, соға беретін. Домбыраның ішегін шертіп қалғанда, даусы бірге шығатын. Ең әуелі «Бағлан қозыны» қоңырлатып бір тастап алатын.

Екі ауылдың арасы қойдың ізі,

Қойдан жатып қалыпты бағлан қозы.

Бағлан қозы дегенім байдың қызы,

Көкейімнен кетпейді айтқан сөзі.

Мұса өлеңді бір бастаса көпке дейін тоқтамайтын. «Бағлан қозыдан» кейін «Кер құнажын».

Көп сиырдың ішінде кер құнажын,

Қартаймай-ақ бетіме түсті-ау ажым.

Бір көргенде құмартқан, қарағым-ай,

Қосылмасам Құдайға бар ма лажым.

– Қой мен сиырды айттың, енді жылқыны да қалдырма – деп қаңқу қылатын әркім. Оған қысылатын Мұса емес.

Ақ байталдың құйрығы келте деймін,

Зарықтырмай қалқатай келсе деймін.

Түн ортасы ауғанда кіріп келіп,

Тілегімді Құдайым берсе деймін.

Ақырында «Қара бураның» ауызынан ақ көбігін ағы­зып, шудасын желкілдетіп, даусын күмбірлетіп барып тоқтайтын».

Осындағы халық әні есепті «Бағлан қозыны» қазір жер-көктен іздеп таппайсыз. Мәтіні қандай келісті. Тұрмыс-салт жырларына келеді. Қазақ ауылының өмірінен, бозбала көңілінен сыр шертіп тұр. Әйтеуір ел ішінде жақсы сақталғаны «Қойшының әні» ғана. Қайырмасы: «Саулығым артық маралдан, Мыңғырып өсіп таралған. Қозыларым егізден, Иесі өзім өргізген. Шәй-шәй, қойым, шәй қойым, Құйрығың қардай май қойым. Өсе бер төлдеп егізден, Итке, құсқа жегізбен» деп келеді.

«Кер құнажын» атты халық әні кездесетіні туралы деректер бар. Әні мен орындаушысын таба қою қиын-ау, бірақ. «Кер құнажын» оң жақта отырып қалған қыздың әні болса керек-ті. Өйткені мәтін астарына үңілгенде сондай сырдың ұштығы білінеді. Қара өлең түрінде келетін халық әндерінің әрбір сөзінде мән бар. Жануардың жасы, уақыты, түсі, тағысын тағылар тегін қолданылмағанын көреміз. Осы «Кер құнажын» әнінің бірер жолын атақты Зұлқияның әнінен де ұшыратамыз. Сәкен Сейфуллин Зұлқияның әніне тоқтала келе: ««Зұлқия» Ақмоладан шыққан белгілі ән еді. Зұлқия есімді бір бақытсыз әйелдің зары... Зұлқия зарлы, қасіретті әнін жас баладай өзін-өзі жұбатып отырып салған тәрізді...», дейді.

Ал «Ақ байталдың құйрығы келте деймін» деп басталатын шумақты таппадық. Тегінде роман арасында келтірілген бұл шумақтардың бәрі кезінде ел ішіне кең таралған, қыз-бозбалалар жиналғанда жиі айтылатын жеңіл шығармалар деп білеміз. «Құлагер» фильмінде тұлпардың жолын тосып жүретін қарақшы қамыс ішінде салатын бір ауыз ән есіңізде шығар. «Суға түскен шортандай шолпылдатып, сұлуды сүйер ме еді тамағынан» боп келетін. Жоғарыдағы мәтіндер де сондай жеңіл дүниелерге жатқанымен, әуендері табылса, халықтың мінез-құлқының боямасыз көрінісі емес пе деген ойдамыз.