• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 27 Маусым, 2024

Шетелдегі шебер

40 рет
көрсетілді

Айғана Ғали есімі қазақ қызы батыс елдеріне кеңінен танымал. Өзі қаншама жылдан бері Лондонда тұрса да, көрмелері шетелдің белді галереяларында өтсе де, суретші шығармашылығының түпқазығы – дала. Қазақтың ұлттық сарыны – Айғана Ғали қылқаламына негізгі арқау.

Былтыр Лондонда өткен көрмесінде де батыс көрермені карти­на­­лар­дағы нәзік бір шығыстық стильді бірден байқады. Автор абстракция стилінде салынған суреттерінің жаңа топтамасын жарық тақырыбымен бай­ланыстырған. Өмірдің қалай бас­тау алып, жалғасатынын жет­кізуге тырысқан. Жарықты бейнелей отырып, өзі дүниеге келген қазақ даласы мен көшпелілердің өмірлік философиясын жеткізе білген.

«Мен үшін, ең алдымен мәдениетімізді көрсету маңызды. Біздің ешкімге ұқсамайтын менталитетіміз бар, оны баршаға түсінікті тілмен, өнер тілімен жеткізу қажет», дейді Айғана Ғали.

Иә, дәл осы көрмеде өнер­танушылар да суретшінің өзіндік ерекшелігіне куә болды.

«Жарқыраған шарлар, им­пульстік электр ағындары, сары сәулелер – мұның бәрі Айғана Ғалидің суреттерінде көрініс тапқан. Автор өз еңбектерінде жарықпен шағылысып, әртүрлі кейіпке енген заттарды бейнелеуге тырысқан. «Картиналар мүлдем басқа тілде сөйлейді. Квант­тық физика немесе космология тілі ме дерсің», деген сарапшылар.

Автор суреттеріне ұлттық рең беріп, «Шаңқобыз», «Киіз үй», «Қосын» және «Өрнек» деп атаған. «Тәңір», «Дала» топтамаларының тақырыптарынан да туған жерге деген сағынышты байқамау мүмкін емес. Көбінесе шетелдік өнер кеңістігінде бағаланып жүр­ген суретшінің туындыларына деген сұраныс та сол деңгейде. Мәселен, картиналары Woodward, Geneva, Royal Mansour, Casablanca, St. Regis Hotels&Resorts, Marriott Hotels және Ұлыбританиядағы The Ritz-Carlton сынды әлемнің үлкен қонақүйлерінің қабырғасында ілініп тұр.

«Меніңше, кез келген қазақ­стандық суретші үшін шетелдерде көрмелерге қатысып, әлемдік мәдениетпен біте қайнасу өте маңызды. Бірақ солай бола тұра автор өз үнін сақтай білу керек. Менің бақытыма орай, жұ­мыстарым зор сұранысқа ие және дүние жүзі бойынша жеке адамдардың үйлеріне немесе мұражайларға қойылған», дейді Айғана Ғали.

Иә, суретшінің өз үні, өз қол­таңбасы, өз бояуы бар. Шы­ғармалары да дарқан даладан тыныс алады. Автор өз туындыларымен Қазақстанды мүлдем естіп-білмеген шетелдік өнерсүйер көрерменді байтақ даламызбен таныстырып жүргені сөзсіз.

«Автордың төл мәдениетіне өте жақын екендігін және оны жоғары бағалайтынын анық аңғаруға болады. Ол көптеген жұ­мысы арқылы ұлы даладан бас­­тау алатын Тәңіршілдік идея­сын жеткізуге тырысқан. Бірақ оның шығармашылығының дінге еш қатысы жоқ, абстрактілік өнер деп бағалар едім», дейді сарапшы Нико Кос Ерл.

Айғана Ғали шығар­ма­шы­лығының ерекшелігі сол, кенеп пен қағаздан бастап, тоқыма мен қолаға дейін пайдаланады. Шы­ғармашылықта әр кезеңде түрлі жаңа бағыттар, жаңа сарындар пайда болып жатады. Суретші де із­деністен кенде емес. Тақырыбын жоғалтпай, тек ұсыну форматын жетілдіріп, кәсіби ма­мандардың жақсы бағасын алып жүр.

«Атам суретті керемет салатын. Анам да шығармашылықпен айналысты. Осының бәрі менің өміріме, көзқарасыма, өнер­ге құштар болуыма әсер етті. Ай­наламнан, табиғаттан, бар­лық жанды-жансыз дүниеден сұлулықты көре білу – мені осы деңгейге жеткізді деп ойлаймын. Әлі де шабытымды шыңдай түсетін – осы әлем, мен көрген дала, мен өскен орта. Өзім қалай жарыққа ұмтылсам, қылқаламым да сезгенімді, түйгенімді салды. Әрқашан айналама құлақ түріп жүремін. Аспанның, күн мен түн, жарық пен көлеңке, жел мен жауынның дауысын естігім келеді. Табиғаттың әр күйіне, тылсымына куә болғым келеді», дейді өзі.

Суретшінің шығармашылығы әралуан формаға ие. Әсіресе оның матаға салған суреттері көп сұралып жатады. Айта кетейік, Айғана Ғали әлемге «Дала» атты өнер туындыларымен танымал.