ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ҰБТ-ның аралық нәтижелерін жариялады. Алматы облысынан түлеп ұшқан жас түлек 140 балл жинады, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҰБТ басталғалы бері талапкерлердің 77 пайызы шекті балл жинаған. Орташа балл 69 балл болды.
«ҰБТ-ның алтыншы аптасында Алматы облысының түлегі ең жоғары 140 балл жинады. Кеше, 27 маусымда Алматы облысының Есік қаласында талапкер ҰБТ-ны математика-информатика комбинациясы бойынша тапсырды. 5 адам 138 балл жинады. ҰБТ қорытындысы бойынша соңғы рет 2021 жылы Павлодар облысынан, 2018 жылы Алматы қаласынан келген талапкер 140 балл жинағанын еске саламыз», делінген хабарламада.
Ең жоғары балл жинаған – Алматы облысы Талғар ауданы Қарабұлақ ауылының №22 орта мектебінің түлегі Жаннұр Еңсебек.