• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Білім 29 Маусым, 2024

Орыс сыныбы оқушылары қазақша үйренеді

143 рет
көрсетілді

Катонқарағай ауданында «Қонақжай отбасы» жобасы биыл екін­ші жыл қатарынан жүзеге асып отыр. Глубокое, Риддер, Алтай, Шемонаиха секілді орыс ұлты көп шоғырланған аудан­дар­дың оқушылары он бес күнге Катонқарағай ауданына келіп, ауыл­дың тыныс-тіршілігімен танысады, ең бастысы қазақ тілін үйренеді.

Оқушылардың әр кү­ніне құ­рылған арнайы бағ­дарлама бар. Күн­де­лікті оқу-жаттығудан бөлек Катон­қарағайдың киелі жерлерімен танысады. Оларды қабылдап алған отбасылар алдын ала жан-жақты курс­тан өтіп, бағыт-бағдар алған педагогтер. Жазғы лагерьге келген балаларға ас-суын әзірлеп бар­лық жағдайды жасайды. Былтыр қанат­қақты жоба ретінде басталған «Қо­нақ­­жай отбасы» лагері биыл жал­ға­­сын тапты. Алыс аудандардан кел­ген оқушылар Төр Алтайдың тұм­са та­би­ғатын армансыз аралап жүр. Күні кеше Берел қорық-му­зейінде бо­лып, сонау сақтар мен түркілер за­манынан ақпарат беретін көне жә­дігерлер­ді көрді. Шың­ғыстай аулындағы Оралхан Бөкей­дің музейіне кіріп, жазушының өмір­баянымен таныс­ты, шығар­ма­ларына үңілді. Жолай қымыз бап­тайтын ауылдарға тоқтап, бие бай­лау­дың қыр-сырымен таныс болды. Қазақ­тың нағыз рухани ортасы олар үшін таң­сық еді.

– Биыл Катонқарағай ауданында 4 мектеп мұғалімі өз үйлеріне орыстілді балаларға қазақ тілін үйре­ту үшін қабылдап отыр. Соның ішін­де Жамбыл орта мектебінің мұға­лімдері 28 баланы қабылдады. Олар­ға он отбасы қызмет көрсетіп жүр­міз. Келген күннен оларды топ-топқа бөліп тастадық. Ел-жер­мен танысып, мәз. Қазақ тілін үйренуге де құлшыныстары жақсы. Көздеген мақсатымыз, қа­зақ отбасының тәрбиесін көрсету, ау­­данның тыныс-тіршілігімен таныстыру. Сондықтан балалардың күн­делікті бағдарламасы тығыз. Бос уақыты жоқ. Мәселен, Берел қо­­рық-музейіндегі ат әбзел­дерін көр­­ген оларға жүген түю сынды қол­­өнерімізді де көрсеттік. Атпен се­­руендеді. Сондай-ақ бір-бір қор­жын сыйладық. Сол қоржынға қа­зақ­­ша сөз жазып қоямыз. Соны күні бойы жаттайды, кешкісін сұ­рай­­мыз. Үй шаруашылығына да ара­­­лас­тырдық. Аз уақыт ішінде бір отба­­­сындай болып кеттік, – дейді Қонақ­­жай отбасының жетекшісі Роза Ауғанбаева.

Бұл жобаға мұғалімдер бар білімі мен тәжірибесін салып-ақ жатыр. Он бес күн ішінде оқушылар қаншалықты қазақша үйренеді, уақыт көрсетеді. Қазынадан қыруар қаржы бөлініп, жасалған жоба болғандықтан, нәтижелі болғаны жөн. Айта кетейік, «Қонақжай отбасы» жобасы үшін 23 млн 940 мың теңге қаржы бөлінген. Аз қаражат емес. Мұның бәрі орыстілді оқушылардың қазақша үйренулері үшін жасалып жатыр. Демек, оқушы да, ата-ана да, мұғалім де жауапкершілік танытқандары абзал.

Әмбеге арман Алтайды аралап жүрген оқушылар бақыт­ты. Ойын түріндегі бағдар­ламалардың үйретері мол.

– «Қонақжай отбасы» жобасына келгеніме қуандым. Бізді автобус­тан түсе сала құшақ жайып қарсы алды. Әр күніміз қызықты өтіп жатыр. Шығыс Қазақстанда тұрып жатқанымызбен, Катон­қарағайдың табиғаты мұн­шалықты сұлу екенін білмеппін, – дейді Глубокое ауданынан келген оқушының бірі Анна Школдина.

Топ-топқа бөлінген оқушылар Катонқарағай аулындағы «Жас турист» орталығында болып, қызыққа кенелді. Жарысты, сайыс­­ты. Жасан­ды шыңға өрмелеп, альпинизмнің не екенін білді. Сөз жүзінде ғана емес, мұнда практикаға зор көңіл бөлінген.

Бірден айтайық, орыстілді сы­ныптар үшін мектеп бағ­­дар­ламасында қазақ тілі болға­ны­мен, оқушылардың қазақ тілін біліп тұрғандары шамалы. Екі сөз­дің басын құраулары мұң. Он бес күн ішінде сайрап кетпесе де тұр­мыстық жағдайда пайдалана­тын сөздері біліп шықса, еңбектің жемісі дер едік. Ауылдағы үйренумен ғана шектелмей, ниет қойып, әрі қарай да өз беттерінше үйренер ме еді?

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы