ҚХР төрағасы Си Цзиньпиньнің Қазақстанға мемлекеттік сапары қарсаңында Қытайдың Медиакорпорациясы өзі шығарған ең озық бағдарламаларын Қазақстанның «Silk Way» және «Атамекен Бизнес» телеарналарында көрсетіп жатыр.
Көрсетілімдерге Қытай Медиакорпорациясының 10-нан астам бағдарламасы мен деректі фильмі іріктеп алынған. Жобаның мақсаты – Қазақстан көрермендерін Қытайдың қазіргі даму барысымен таныстыру, екі ел халықтары арасындағы өзара түсіністік пен достықты бекемдей түсу, өзара тиімді ынтымақтастықтың кемел келешегін паш ету.
Жобаны ұйымдастырушы «Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені» КЕАҚ бас директоры Раушан Қажыбаева аталған іс-шараға қатысты түсінік бере келіп, қытайдың «Нағыз дос – өмірлік байлығың» деген мақалын мысалға келтірді. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені мен Қытай Медиакорпорациясының ынтымақтастығы екі ел арасындағы достықтың нығаюына оң ықпал ететініне, ал Қытай Медиакорпорациясының бағдарламалары Қазақстан көрермендеріне жақсы пікір қалыптастыратынына сенім білдірді.
Жоба Қазақстан қоғамының түрлі топтары тарапынан жоғары баға алды. Журналист Гүлжан Раманқұлова кейінгі жылдары екі ел түрлі салада тығыз байланыс орнатқанын, ал Қытай Медиакорпорациясының бағдарламаларын көрсету ҚХР мен Қазақстан халықтары арасындағы өзара түсіністікті күшейтіп, оларды жақындастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Астана тұрғыны Саида Сегізбаева Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасына арналған деректі фильмнен алған әсерімен бөлісті. Оның пікірінше, бұл – жүректерге ізгілік нұрын себетін шын мәніндегі аса ауқымды бастама, ал фильм жобаның барлық бағытта – экономикалық, саяси, әлеуметтік бағытта қаншалықты табысты жүзеге асырылып жатқанынан хабар береді әрі халықтарымыз бен мәдениеттерімізді жақындастыра түседі. Сондай-ақ көрермендер телебағдарламаларды бір жағынан Қытайдың өзіне көзқарасы, екінші жағынан оларды көретіндермен үнқатысу сияқты қарастыруға болатынын атап өтті. Сондықтан олар Қытай мен Қазақстан халықтарының бір-бірін жақсырақ білуіне жәрдемдесетін екі жаққа да қарап ашылған өзіндік бір терезе болып табылады.
Көрсетілімдер 30 маусымда басталып, 6 шілдеге дейін созылады. Осы уақыт аралығында Қазақстан БАҚ-тары өздерінің көрермендеріне Қытай Медиакорпорациясының бірқатар телебағдарламасы мен деректі фильмін ұсынады. Олардың арасында «Си Цзиньпиньмен кездесулер», «Жібек жолының симфониясы», «Дуньхуанға деген махаббат», «Тянь-Шань тауларының арғы бетінде», «Ғажайып саяхат» секілді қытай мәдениетінің жарқын бояуына суарылып, қашанда жалпыадамзаттық құндылықтар рухы менмұндалап тұратын туындылар бар. Қытай Медиакорпорациясы аталған іс-шараның нәтижесінде Қазақстан БАҚ-тарындағы әріптестерімен прагматикалық ынтымықтастығы бұрынғыдан да кеңейеді, сондай-ақ Қытай-Қазақстан байланыстарының жаңа «алтын отыз жылдығын» құру жолындағы бірлескен күш-жігері әрі қарай да жалғасады деп үміттенеді.