Бүгін – Дипломатиялық қызмет күні. Мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі саналатын бұл салаға артылған жауапкершілік жүгі салмақты. Қазақстан дипломаттарға сыртқы саясатта еліміздің мүддесін біліктілікпен қорғау миссиясымен қатар шетелдегі азаматтарының амандығы мен құқықтарын қорғау міндеті жүктелген.
Жаһандануды жақтайтын мемлекет
Жалпы, елшіліктер мемлекетаралық мәселелер мен дипломатиялық қатынастардан бөлек, сырттағы ел азаматтарының құқықтарын қорғауды, олардың келіп-кетуі, оқып, білім алуы, кәсіппен айналысуы сынды маңызды мәселелерін назардан тыс қалдырмай, қадағалап отыруға тиіс. Дегенмен, дипломаттар рухани іс-шаралардың өтуіне де ұйытқы болып, еліміздің әдет-ғұрпын, салт-санасын, ән мен күйін таныстыру, насихаттауға да үлес қосып келеді. Шет мемлекеттерде ашылып жатқан мәдени орталықтардың басы-қасында елшілік өкілдерінің де жүретіні заңдылық.
Әрине, қай елдің болсын Мемлекет басшысын нөмірі бірінші дипломаты ретінде бейресми қарастыруға болады. Бұл ретте Қазақстан Президентінің әлемдік дипломатиядағы беделі, білім-білігі, тәжірибесі талайға үлгі боларлық.
Биыл 31 мамыр күні Алматыдағы Ғылым ордасында жас ғалымдармен болған кездесуде Президент мемлекеттің сыртқы саясаттағы мүдделеріне де тоқталған еді.
«Теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізе отырып, барлық мүдделі мемлекетпен тең құқықты және өзара тиімді қатынас орнатамыз. Біз серіктестікке баса мән береміз. Арамызды ажыратып, сенімге сызат түсіретін қабырға тұрғызу үшін емес, ынтымақтастық пен өзара түсіністікке бастайтын көпір салу мақсатында жүйелі жұмыс істейміз. Алайда қазіргі уақытта жанжалдар мен соғыс өрті басылмай тұрған аймақтарда мұндай сындарлы саясат жүргізу өте ауыр. Ол үшін табандылық пен сабырлық керек. Дипломатия мен диалог жолын ұстана отырып, біз үйлесімді әрі әділетті халықаралық құрылым құруды жақтаймыз. Біз ел ішінде жан-жақты реформаларды жүзеге асырып жатырмыз. Сондай-ақ қандай да бір саяси жағдайдың ығына жығылмай немесе бөтен пікірлерге ермей, ұлттық мүддемізді көздейтін теңгерімді сыртқы саясат жүргізіп отырмыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл ретте Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан жолымен алға қадам басып келе жатқан еліміз жауапты дипломатияның қағидаттары мен құндылықтарын қатаң сақтауға бейілді екенін де айтып жүр. Мәселен, осы жылдың мамыр айының соңында Сингапурға барған мемлекеттік сапары барысында Мемлекет басшысы «Қазақстан және орта державалардың рөлі: қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды ілгерілету» тақырыбында дәріс оқып, еліміздің сыртқы саясатына қатысты ұстанымдарын да атап өткен-ді. «Барлық сыртқы серіктестеріміз Астананың қандай ұстанымда екенін жақсы түсінеді. Сондықтан бізді сенімді әріптес санайды. Біз «Жаһандануды жақтайтын Қазақстан» ретінде бүкіл әлеммен ашық қарым-қатынас жасауды жалғастыра береміз. Бұл – біздің еліміздің сыртқы саясаттағы бағдары. Тұрақсыздық ұзақ уақытқа созылған жаңа дәуірде тек осылай ғана жетістікке жете аламыз. Сол себепті бізге қазіргі қалыптасқан ахуалға бейжай қарауға болмайды. Дүниежүзімен ашық қатынас жасай отырып, біз сыртқы сын-қатерлерге қарсы күресте қырағылық танытып, проактивті түрде әрекет етеміз. Қазақстанның заңды құқықтары мен мақсатын қорғау ісінде тартынып қалмаймыз, еліміздің басты мүддесін құрбан етуге ешқашан жол бермейміз. Кейде біздің ұстанымымызға күмәнмен қарайды, бейтараптығымыз үшін сынайды. Бірақ мұны өз көзқарасы, сенімі жоқ деп қабылдамаған жөн. Оны қақтығыс пен мәжбүрліктің орнына саналы түрде дипломатия мен диалогті таңдау деп түсінген абзал. Бұл таңдау – территориялық даулардан бастап идеологиялық қақтығыстарға дейінгі түрлі қайшылықтарды еңсеруге септігімізді тигізуге мүмкіндік беретін біздің мықты қырымыз», деді Президент.
Сондай-ақ еліміздің Әзербайжан мен Армения арасындағы бітімгерлік үдерісіне ықпал ету әрекетін, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты ара ағайындығын, Сириядағы қақтығыстарды реттеу жөніндегі Астана үдерісін, сондай-ақ БҰҰ миссиясы аясында Голан жоталары аймағына алғаш рет дербес бітімгерлік күштерін жіберуін де дипломатиялық тұрғыдан жетілгеніміздің жарқын мысалы ретінде атап өтуге болады.
Сол себепті де дипломаттарды еліміздің шетелдегі бейнесі санайтынымыз да рас. Сондықтан да жоғары кәсібилік пен мемлекет жүктеген міндеттерді сапалы орындау осы саланың әр өкілінің жауапкершілігіне жүктелген.
Елшінің міндеті – елдік мүдде
Мемлекет және қоғам қайраткері, филолог ғалым, кезінде еліміздің Сыртқы істер вице-министрі, Ұлыбританияда елші қызметін атқарған Әділ Ахметов қай елге барса да, сол елді барынша зерттеп, жақсысын үйреніп, жаманынан жирену керектігін айтады. Отандық дипломатияның қалыптасу кезеңіне қатысты ой-пікірімен бөліскен Әділ Ахметов:– Еліміздің дипломатиялық қызметінің тарихына үңілсек, бұл саланың аяққа тұруына Мемлекет басшысының көп еңбек сіңіргенін бірден кесіп айта аламыз. Яғни отандық дипломатиялық қызметтің қалыптасу кезеңін қазіргі Президентіміздің осы салаға келуімен байланыстырған дұрыс. Себебі бірнеше тілді меңгерген, сыртқы саясаттың мектебін көрген Қасым-Жомарт Тоқаев сонау кеңестік кезеңде КСРО-ның дипкорпусында еңбек етіп, кейін елге келгенде вице-министр, министр ретінде осы саланың тасын өрге домалатты. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары бола жүріп те әлемдік геосаяси ахуалдар, жаһандық сын-қатерлермен күрес төңірегінде де жемісті еңбек етті.
Жалпы, біздің сыртқы саясаттың қалыптасуына, дамуына, шет мемлекеттермен байланыстың күшеюіне, елшіліктеріміздің, дипломатиялық өкілдіктеріміздің ашылуына сала басшыларының, елшілердің қосқан үлесі өте зор. Кейінгі жылдары Сыртқы істер министрі болған азаматтардың да ерен еңбегін айрықша атап өтуге болады, – дейді Әділ Құрманжанұлы.
Ә.Ахметов 2000-2001 жылдары еліміздің Ұлыбританиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі болып қызмет етті. Ол кезде шет тілін білетін елшілер некен-саяқ еді. Егемендікті енді алған кезең болғандықтан дипломатиялық корпус та дәл қазіргідей қалыптаса қоймаған шақ.
– Елшіліктерге көбіне жоғары атқарушылық, партиялық қызмет істеген азаматтар жіберіліп отыратын. Ал елші мүмкіндігінше бара жатқан елінің тілін жақсы білуі керек. Аудармашымен жұмыс істеген елші толыққанды елші болып жұмыс атқара алмайды. Сол себепті тіл мәселесі мұнда өте өзекті, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ә.Ахметов.
Ә.Ахметов Ұлыбританияға елші болып аттанғанда екі елдің арасындағы байланыс жақсы жолға қойылған шақ еді. Әсіресе Британ корольдігі біздің елге мұнай-газ саласы бойынша қомақты инвестиция сала бастаған. Оқу-ағарту саласында да біраз жетістікке қол жеткізілген. Сол кезеңде еліміздің 400-дей студенті Ұлыбританияда жоғары оқу орындарында оқып жүрген.
– Елшілік сол елдің тарихын, мәдениетін, саясатын, қаржы жүйесін, салық жүйесін, барлығын зерттей жүріп, жақсысын үйреніп, жаманынан жирену керек. Ұлыбританияның дамыған ел ретінде бізге үлгі болар тұсы жетерлік. Автомобиль жолы, теміржол инженериясы, ЖОО, өнер, киноиндустрия саласынан алатын дүние көп. Заң шығару жүйесінен де өзіміздің басқару ісіне керекті кеңестер алуға болады. Елші тек ақпарат алудан бөлек, сол елді жан-жақты зерттеп, зерделеп, алған мәліметін ел дамуының бір кәдесіне жаратқаны абзал. Бұл ретте, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур елдерінен де үйренеріміз көп. Қазір, шүкір, жастарымыз көп тіл біледі. Әсіресе ағылшын, француз, неміс, қытай, корей тілдерін меңгерген азаматтар баршылық. Сондықтан елшілік жұмысы сапасы мықты болуы үшін, ондағы дипломаттардың да біліктілік, білім сапасы да жоғары деңгейде болуы керек, – дейді Ә.Ахметов.
Интеграциялық үдеріс локомотиві
Әділ Ахметов Ұлыбританияға аттанарда Мемлекет басшысы арнайы қабылдап, мұнай мен газымызға ие болар техникалық маман даярлайтын іргелі оқу орнын құру жолында ізденуді тапсырған екен.
– Ол кезде мұнай мен газ саласына маман даярлайтын әлеуетіміз өте төмен еді. Сол себепті маған Ұлыбританиямен бірлескен техникалық жоғары оқу орнын құру ісін зерттеп, зерделеп, нәтиже шығару миссиясы да сеніп тапсырылды. Ол уақытта біздің мұнай өндірісіміз қарқын ала бастаған. Сөйтіп, біздің билік Ұлыбритания Үкіметінен техникалық оқу орнын ашуға көмек сұрап, олар бірден қолдай кетті. Сөйтіп, мен Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болып жүрген жерімнен шұғыл Ұлыбританияға елші болып аттандым, – деген Әділ Ахметов елшілердің елдік іргелі істерге де үлес қосуына мүмкіндігі мол екенін айтып өтті.
Қалай болған күнде де, отандық дипломатия – бұл қоғамдық-саяси тұрғыдан жаңғыруымызға, елдегі адами капиталдың сапасының артуына, білім және ғылым, денсаулық сақтау саласының алға басуына барынша дем беріп, белсенді әрекет етуі шарт. Өйткені бізге әлі де өркениетті елдердің тәжірибесі, технологиясы қажет-ақ.
Көп жыл дипломатиялық қызметтің, елшіліктің ыстығы мен суығын қатар көрген Мұхтар Тілеуберді бүгінде еліміздің Аустрия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы Халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі. Оның айтуынша, біз өңірлік және жаһандық үдерістерге белсенді қатысатын орнықты әрі беделді мемлекетке айналдық.
«Еліміздің дипломатиялық қызметінің өз миссиясына кіріскеніне отыз жылдан асты. Дипломатиямыз егемендік алған күннен бастап мемлекеттік шекараның бүкіл периметрі бойынша халықаралық-құқықтық танылуын және барлық көршімізбен және әлемнің басқа мемлекетімен бейбіт және тең құқықты байланыс орнатуды қамтамасыз етті. Бүгінгі таңда Қазақстан әлемнің 186 елімен дипломатиялық қарым-қатынаста. Орталық Азия елдерімен диалог жандана түсті. Қазақстан Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үдерістердің локомотиві болып, көптеген халықаралық ұйымда төрағалық етті», – деген Мұхтар Бескенұлы Қазақстан Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үдерістердің қозғалтқыш күшіне айналғанын да айтты.
Елші болу – кез келген дипломат үшін өз қызметінің жоғары шыңы. Сондай-ақ осы қастерлі мамандыққа өзін арнаған адам үшін – айрықша жауапкершілік. Қысқасы, елші – ең жоғары талаптарға сай келуге тиіс. Себебі геосаяси ахуал аумалы-төкпелі, құбылмалы болып тұрған қазіргі уақыт дипломаттарға ерекше талаптар қойып отыр.