• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
21 Қаңтар, 2015

Елдік белестері

1894 рет
көрсетілді

*Қазақ хандығы – 550

Мемлекеттілік дәстүр сабақтастығы

Орталық Азияны мекендеген көшпелі тұрғын­дардың ерте заманнан мемлекеттік түзімде өмір сүргендігі археологиялық, антропологиялық, лингвистикалық, тарихи және басқа да материал­дармен анықталып отыр. Академик К.М.Байпақов қазақ мемлекеттілігін Көне түрік және Батыс түрік қағандығынан бастап келсек, енді Есік қор­ғанындағы жаңалықтан кейін б.д.д. ІV-ІІІ ғасыр­лардағы Жетісу сақтары мемлекеті жөнінде айта бастадық дейді. Жергілікті сақ тайпаларының мемлекеттік деңгейде өмір сүргендігіне дәлел ретінде ғалым С.Жолдасбайұлы «Алтын киімді» адамға Жетісу жеріндегі «Бесшатыр» обасынан алынған материалдарды қосады. Ал академик Б.Е.Көмеков Қазақстан жерінде мемлекеттіліктің қалып­тасуын мұнан да әріден, б.д.д. VІІ-ІІ ғасыр­лар шамасындағы сақ қауымдастығымен байланыстырады. Қалай десек те, Қазақстан жерінен табылған төрт бірдей «алтын адамның» ұшырасуы ежелгі сақ, сармат тайпалары өздерінің даму дәрежесі тұрғысынан көптеген халықтардан көш ілгері болғандығын көрсетеді. Мұны грек авторларының еңбектері, парсылық, ассириялық дереккөздері, Қытайдың «Ханьшу» жылнамасы растайды. Олардан Арал, Каспий өңірлерінде, Сырдария өзенінің бассейнінде, Таласта және Қаратау маңында, бүгінгі Қазақстанның оңтүстік-шығы­сында өмір сүрген мемлекеттер сөз болады. Соңғылары қытай дереккөздерінде «Шин-Го» («Көшпелі мемлекет») деп аталды. Сақ мемлекетінің өз патшасы, біртұтас әскері, мемлекеттік рәміздері, қоғамдық жүйені рет­тейтін заңдары болған. Сақ патшасын әр тайпаның төбебасылары мен басқақтары, ақылгөй қариялары (ақсақалдар) сайлаған. Соғыс жариялау, бітімге келу мәселелері сақтардың жалпы жиналысында талқыланып, тиісті шешімдер алынып отырған. Сақ патшасының Александр Македонскиймен жүргізген келіссөз кезіндегі ескертуі халық жиналысының ерекше рөл атқарғандығын көрсетеді. Бұл құрылым қазақтарда өз тәуелсіздігінен айырылғанға дейін өмір сүрді. Сақтарды арийлықтардың (ирандық) үрім-бұтағы деу тарихи шындыққа сәйкес келмейді. Олар шығысқа, оңтүстік өңірлерге, бүгінгі Орта Азияның, Пәкістанның, Ауғанстанның, солтүстік Үндістанның жеріндегі б.д.д І ғасырдың ортасына дейін жергілікті халықтармен сіңісіп кетті. Бірақ бұл сақтар Қазақстан жерінен тұтастай ауып кетті дегенді білдірмейді, олардың қалған бөлігі жергілікті басқа тайпалар арасында қалып, ассимиляцияға түсті. Мұның өзі Қытай профессоры Су Бэйхайдың «Бүгінде қазақ халқының құрамында байырғы сақтардан қалған нәсілдік тек бар» деген сөздерінің негізсіз еместігін білдіреді. Батыс елдерінің біраз ғалымдары Орталық Азияда тұңғыш мемлекеттік құрылымға сюннулар (hsiung-nu) қол жеткізді деп есептейді. Белгілі неміс шығыстанушысы Отто Прицактың пікірінше, қуатты сюннулар империясының ықпалы тұтас Еуразия кеңістігіне тарап, материалдық мәдениет пен қоғамдық нормалардың жаңа формаларының қалыптасуына әкеледі. Т. Барфилд ортаазиялық сюннулар мемлекетін «самодержавиялық», «ішкі істерінде мемлекетке ұқсас империялық конфедерация» деп есептейді (Barfield T. The Hsuing-nu Imperial confederation: origins and foreign policy // Journal of Asian Studies. 1981. No 31/1. P. 47). Сюннулар Орталық Азияда ғұндар (хуннулар) атауымен (хуннулар мен ғұндар – этникалық дивергенцияның үлгісі) белгілі болады. Ғұн проблемасының филологиялық қырын зерттеген ағылшын ғалымы Э. Дж. Пуллиблэнк «Сюнну тілі» мақаласында б.д.д. І ғасырдан жаңа дәуірдің І ғасырына дейінгі қытай дереккөздерінде сақталған ғұн глосстарын реконструкциялау негізінде ғұн этнонимі қытай транскрипциясында «сюнну» болып естіледі деп жазады. Батысқа қарай жылжыған олардың ұрпақтары б.д.д. ІІ ғасырда Тарбағатай таулары мен Каспий жағалауы аралығында қытай деректерінде Юебань деген атпен белгілі ғұн империясын құрады. Ал, Дэвид Кристиан оны «сюнну империясы» деп атайды (Christian D. State formation in the Eurasian Steppes // Silk Rood Studies. II. Worlds of the Silk Roads: ancient and modern / Ed. by David Christian and Craig-Benjamin. Proceding from the Second Conference of the Australаsian Society for Inner Asian Studies. Brepols, 2000). Елбасымыздың: «Біздің елдігіміз, қазақ жұр­ты­ның арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндар­дан кейін көктүріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп тәуелсіздікке тіреледі», деген Ұлытауда айтылған сөздерінде мемлекеттілік дәстүр сабақтастығының негізгі кезеңдері анық көрсетілген («Егемен Қазақстан», 2014, 26 тамыз). Түркі халықтарының тегі – ғұндардан бастала­тындығын Қарақорымнан жиырма төрт шақырым жердегі (Ноян даңғылында) 1924 жылы П.К.Козлов жүргізген археологиялық қазба кезінде табылған материалдар дәлелдейді. Неміс ғалымы Франц Альтхаймның Рим, Визан­тия, Таяу Шығыс, ежелгі славян және ежел­гі герман деректері негізінде құрастырылып, 1959 – 1972 жылдары жарық көрген «Ғұндар тарихы» деген бес томдық еңбегінде де ғұндардың басым көпшілігінің түркі тілдес болғаны жөнінде қорытынды жасалады. Орыс ғалымы А.Н. Бернш­там да осындай пікірге келді (Бернштам А.Н. Очерк истории гуннов. Ленинград, 1951. С. 166). В.В. Бартольд ғұн тілінің – ескі түркі тілі екендігін мойындайды. Ғұн мемлекетінің басқару жүйесі, мемлекеттік кеңесінің сандық және сапалық құрамы, құрылы­мы, негізгі функциялары Ж. Де Грот және басқа да ғалымдар тарапынан зерттелді. ІІ ғасырдың 50-жылдары ғұндардың бір бөлігі Арал жағалауына, Елек өзені маңына барып, сарматтармен араласып кетеді. Ғұндармен қатар шығыстан батысқа қарай Іле өзенінен Талас өзеніне дейінгі, солтүстіктен оңтүстікке қарай Балқаш көлінен Есік көліне дейінгі жерлерде көне Үйсін мемлекеті өмір сүрді. Су Бэйхай ежелгі үйсіндер ұлы йозилер және сақтардың бір бөлігімен қосылып, «Батыс өңіріндегі ең қуатты мемлекетке айналды» деп жазады. Үйсіндердің түркі тегіне жататындығын Ә.Мар­ғұлан, К.Ақышев, К.Байпақов, А.Зуев, С.Сұң­ғатай, Н.Мыңжан, З.Қинаятұлы, орыс ғалым­дары Н.Аристов, Н.Я.Бичурин (Иакииф), қытай ғал­ымдары Жан Чиян, Уан Бин Хуа, моңғол тарихшысы А.Амар нақтылап жазды. Олардың көпшілігі Үйсін мемлекетінің көршілес Қытаймен терезесі тең, дипломатиялық қарым-қатынаста болғандығын мойындайды. Н.Мыңжанның еңбегінде үйсіндердің патшасы күнбиден (куньмо, куньми) бастап мемлекетті басқарушы тоғыз лауазым аталса, Үрімшіде жарық көрген «Ежелгі Үйсін елі» кітабында жүз алпысқа тарта лауазым қытай транскрипциясымен көрсетілген. Олардың арасында қазақтарға ежелден таныс: абыз, сардар, аталық, уәзір, дуанбасы, қаған, мыңбасы, нөкер, патша, патшайым, сұлтан, төреші, тұтқауыл, хан, ханша, шабандоз секілді лауазым атаулары ұшырасады. Үйсіндер мемлекетінің құрылымы ғұндардың түзімімен ұқсас болып келеді. Зерттеушілер ежелгі Үйсін ұлысын қазақ мем­ле­кеттілігінің бастауы деп біледі (Сунгатай С. Улус древших усуней – истоки казах­ской государственности // Эволюция госу­дар­­ствен­ности Казахстана. Материалы меж­дународной конференции. г.Алматы. 3-5 апреля, 1996. А., 1996.). Сонымен бірге, олар үйсіндердің – сақтар­дың мұрагері екендігін және көне түркі тілінде сөйлегендігін мойындайды (К. Ақышев, Сиратори Куракити, т.б.). Үйсін ұлысы б.д.д. ІІ ғасырдан б.д. V ғасыры­на дейін өмір сүріп, Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттілік дәстүр сабақтастығын жалғастырды. «Мемлекеттілік дәстүр» дегеніміз, В.В.Трепав­лов­тың айтуынша, бір мемлекеттен екіншілеріне ауысып отыратын мемлекеттік құрылымның қағидаттары мен компоненттерінің, жалпы және маңызды белгілерінің тарихи-генетикалық сабақтастығы болып табылады (Трепавлов В.В. Государственный строй Монгольской империи ХІІІ в. (Проблемы исторической преемственности). М., 1993. С. 12). Ал, «мемлекеттілік» («государственность») терминіне: «Государственность – особый признак, которым отмечено историческое развитие стран (нации, групп национальностей, союза племен и т.п. образований), сумевших создать собственное государство или восстановших утраченное в силу различных причин (утрата независимости, объединение с другой страной) свое государство» деген анықтама беріліпті (Политология. Энциклопедический словарь / Общ. ред. и сост.: Ю.И. Аверьянов. М., 1993. С. 64). Мақаланың бұл бөлімінде негізінен Қазақстан аумағында орын алған мемлекеттердің бір-бірімен билік институттары мен атрибуттарының тілдік, этникалық сабақтастығына мән берілді. Үйсіндермен қатар, не олардан кейін өмір сүр­ген мемлекеттік бірлестіктер де осы тұрғыдан қарас­тырылды. Олардың бірі үйсіндердің оңтүс­тік-шығыстағы – жері Ертістен Шу мен Сарысу өзендеріне дейін созылған Қаңлы мемле­кеті. Қытай тарихшысы Хэ Цютао 1851 жылы жариялаған еңбегінде Қаңлы мемлекетінің (Канцюйдің) шығыс шекарасы қазіргі қазақ жерінде орналасты деп жазады. Қаңлылар – қытай тарихнамасында көп зерттелген этностардың бірі болып табылады. Тарихшы Ун Нуан: «Үш ордаға бөлінген қазақтар – ежелгі қаңлылар» десе, жапон ғалымы К. Сиратори: «Қазақтар – тұрмысы, әдет-ғұрып және тіл жағынан ежелгі қаңлылардың жалғасы», – деп жазады (Қинаятұлы З. Тарихи шындық неге бұрмаланды? // «Егемен Қазақстан». 2001. 25 шілде). Қытай дереккөздерінде Қаңлы мемлекетінде Ваң (патша) фу ван (орынбасар патша), гүй рын (мемлекет кеңесшісі), үнху – ябғу (ұлыс билеушілері), ваньху (әскери және әкімшілік бастықтар), шао ваң (кіші патша), т.б. лауазымдар көрсетіледі. Еуразия кеңістігінде өмір сүрген ғұндар мен басқа да халықтардың шығыстан батысқа қарай қозғалысы Қазақстан аумағындағы сақ, үйсін, қаңлы тайпаларының антропологиялық түр-сипатына, сонымен бірге түркі тілі ареалының кеңеюіне әсер етеді. Ғұн империясы ыдырағаннан кейін қазіргі Қазақстан аумағындағы мемлекеттіліктің дамуы Түрік қағанатымен байланысты (552-744). Қытайдың «Жоунама» атты жылнамасында «түріктер – ғұндардың бір тармағы, ата-бабасы – Ашина, олардың арғы аталары ғұндардың терістігіндегі сақ (сэ) жұртынан шықты» делінеді. Түрік жазушысы Ахмет Ташағыл да көктүрік­тердің (Түрік қағанаты кезіндегі түркі халықтарының жиынтық атауы) ғұндардан шыққандығын қолдайды (Деректану. Алматы, 2002. 148-б.). Э.Дж.Пуллиблэнк түрік атаулы халық VI ғасырдың орта кезінде Моңғолиядан жужандарды ығыстырып, Еуразия кеңістігінде өз империя­сын құрған кезден белгілі болды, бірақ олардың шыққан тегі жұмбақ күйінде қалып отыр, бір қытай құжатында олар сюннулардың бір тармағы деп жазылады дейді (Pulleyblank E.G. Central Asia and Non-Chinese people of Ancient China. Brookfield, 2002. P. 21). Ғылымда түркі халықтарының шыққан тегі біршама зерттелген. Көктүріктердің тарих сахнасына шығуын көрсететін нақты дәлел ретінде олардың 542 жылға дейін Алтай тауларының оңтүстік баурайында өмір сүргендіктерін және ғұндардың солтүстігінде орналасқандықтарын айтуға болады. Археологиялық зерттеулер нәтижесінде табылған ескерткіштер Алтай тауларының оңтүстік беті б.д. 450 жылдарынан бастап көктүріктердің мекені болғандығын растайды, деп жазады А. Ташағыл. 552 ж. көктүріктер құрған Түрік қағанаты, ішкі, сырт­қы шиеленістерге байланысты, екі бөлік­ке: Шығыс Түрік қағанаты (681-744) мен Орта Азия және Қазақстан аумағындағы Батыс Түрік қа­ғанатына (603-704 жж.) бөлініп кеткені белгілі. Батыс Түрік қағанаты – қазақ мемлекеттілігінің бастауы деуге толық негіз бар, себебі ол кейін қазақ халқының құрамына енген көптеген тайпа­лардың басын біріктірді. Н.Я. Бичурин Батыс Түрік қағанатының өмір сүрген уақытын Үйсін ұлысын жалғастырған мемлекеттілік даму сабақ­тастығының келесі кезеңін құрады деген қоры­тынды жасайды (Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена. М.-Л., 1950. Т. 1. С. 279). О.Прицак, М.Дромп, В.Рыбатский және бас­қа да авторлардың еңбектеріндегі түрік қаға­наттарындағы мемлекеттік басқару жүйесі, ондағы дуалдық билік, Көк пен Жердің аралы­ғын­дағы мәңгілік одақ туралы идеологиялық тұжы­рымдаманың зерттелуі мемлекеттілік дәстүр сабақтастығының үзілмей келе жатқанына көз жеткізеді. Р. Груссенің зерттеу қорытындылары бойынша Түрік қағанатында бюрократиялық басқару аппараты 28 билік сатысынан тұрған. Дж.Клосонның «Этимологиялық сөздігінде» жабғу, шад, тегін, илтебер, тудун және т.б. лауазымдар көрсетіледі. Йугруш деген лауазым Қарахан дәуірі кезеңіндегі құжаттарда ірі чиновниктердің бірін білдірді (Clauson G. An Ethymological dictionary of the pre-Thirteenth Century Turkish. Oxford, 1972. PP. 134, 453, 488, 866, 457, 905-906). Олардың ішіндегі шад, алыпби, күшлікби, бөріби секілді лауазымдар үйсін ұлысында да болған. Екінші Түрік қағанаты кезінде қағанаттың шекарасына жіберілген әскердің басшылары «тутун» (немесе «тутук») аталған. Ал, «тутун будун» ұғымы шекараға шығып кеткен, сөйтіп үлкен ордаға оппозицияда болған кіші хандардың, тегіндердің кәдуілгі ісі болған. Осы «тутун будунды» кейін, ІХ-ХІІ ғасырлар шамасында, «қадақ будун» деген әскери термин ауыстырады (Қ. Өмірәлиев). П. Голденнің жазуынша, Түрік қағанатында ішкі істер министрі болған. Ол жауланып алынған жерлерден салық жинаумен айналысқан. Әскери міндет атқару («майдан шебінің алдында жүру») «қанмен төлеу» салығы деп аталған. Осыған қарағанда кейбір авторлардың көшпелілер құрған саяси ұйымдастыруларында мәжбүрлеу аппараты мен салық жүйесі болмады, сол себепті олар толыққанды мемлекет емес деген пікірлерінің негізсіз екендігін көреміз. Түркі көшпелілерінде мемлекеттік атрибуттар түгелге жуық орын алды. Жалпы алғанда, Түрік қағанаттары басқарудың өзіне тән иерархиялық лауазымдарымен, қоғамдық тұрмысының және әлеуметтік институттарының күрделі формаларымен, әскери тәртібімен, дипло­матиялық практикасымен, көршілес елдер­дің идеологиялық жүйелеріне қарсы қойылған дүние­танымымен Қазақстанды мекендеген этнос­тық қауымдастықтардың мемлекеттік дәстүрін байы­тып, жаңа белеске көтерді. Түрік қағанатының парсы, қытай, батыс мем­лекеттерімен деңгейлес, өзінің дамуы тұрғы­сынан биік тұрмаса да, төмен болмағандығы оның дипломатиялық қызметі мен хаттама норма­ларынан да айқын көрінеді. Қағанаттың халықаралық саяси қатынастардың белсенді мүшесі болғандығы туралы Менандр, Динавери, Симокатта, кейінгі Э.Шаван, И.Маркварт, Г.Моравчик, т.б. ғалымдар жазып қалдырды. Бір деректерде Истеми қағанның VІ ғасырдың 60-жылдары Орта Азиядағы эфталиттер мемлеке­тіне қарсы жүз мың қол бастағаны және оның қол астында он тайпаның қолбасшылары («он оқ будун») болғандығы айтылады. Осы «он оқ будун» келесі түркі мемлекеттерінің этностық негізін қалайды. Батыс Түрік қағанатын ауыстырған Түркеш қағанаты (699-766) өзінен бұрынғы саяси құрылым­дардың мемлекеттік-әкімшілік, әскери-әлеуметтік дәстүрін жалғастырды. Түркештерді, тарихшы Ә. Дәулетхан, Жетісу мен Еренқабырғаны мекендеген ежелгі үйсін, дулат тайпалары мен басқа да түркі тайпаларының басын біріктірген бес дулаттың белді тайпасы деп есептейді. Дала империясы қоғамдық-саяси құрылымның сақталып, жалғасын тауып отыруын түркілердің біртектілік туыстығы мен сол кездегі олардың тарихи және біртұтастығы қамтамасыз етіп отырды. Түркеш қағанаты Батыс Түрік мемлекетінің тікелей мұрагері болды және бұрынғыша «он оқ будун» («он тайпалы халық») деп аталды. Француз тарихшысы Э. Шаван оны «он оқ елі» деп атайды. Түркеш қағанатының қарлұқ­тардан жеңілісі жаңа түркі мем­лекетінің орнығуына жол ашады. Енді бұрынғы Батыс Түрік қаға­натының орнында бір­неше мемлекет пайда болады: Солтүс­тік Тянь-Шань мен Жетісуда Қарлұқ­тар мемлекеті (766-940 ж.ж.), Сырдарияның төменгі сағасында, Арал жаға­лауында – Оғыздар мемлекеті, Ертіс жаға­лауын­да, қазіргі Солтүстік және Орталық Қазақ­с­тан далаларында – Қимақтар (кейін қыпшақ­тар) мем­лекеті (Х ғ-дың басы – ХІ ғ.) және Еділдің төмен­гі сағасы мен Солтүстік Кавказда – Хазарлар мемлекеті. Қазақстан аумағында өмір сүрген Қарлұқ қағанаты (766-940 ж.ж.) Батыс Түрік қаған­дығы мен Түркеш қағанатындағы билік жүйесі мен лауазымдар иерархиясын қайталады. Қарлұқтардың жабғуы дала әмірші­лері­нің заңды мұрагері ретінде есептеліп, қаған лауазымын алады. Араб тіліндегі деректерді талдау нәтижесінде О.Прицак алғашқы қарахан қағаны да, өзін қаған жариялаған қарлық жабғуы да – бір адам, яғни Білге Күл Қадырхан екендігі, қарахан әулетінің арғы тегі қарлықтардан шыққандығы жөнінде қорытынды жасады. Автордың пікірінше, Қарахан мемлекеті көшпелілердің мемлекеттік құрылымы және көшпелілер мен отырықшы халықтың өзара қатынастары секілді өзіндік құбылыстарды танып-білу үшін аса маңызды рөл атқарады. Қарахан мемлекеті – түркі халықтарының тарихында 940-1212 жылдары мұсылман әулеті билік жүргізген алғашқы мемлекет. Батыс әдебиетінде «қарахандар бір орталыққа бағынған мемлекет құрды» деп көрсетіледі (World of the Silk Roads: ancient and modern. Turnhout, 1998. P. 250). «Қарахандықтар өздерін түрік және Афрасиаб (Алып Ер Тоңға) шаңырағы деп санаған», – дейді В.В. Бартольд. ХІІ ғасырдың екінші ширегінде қарақы­тайлар (қидандар) Жетісуды Баласағұн қаласымен қоса жаулап алды. Бірақ Қара­хан мемлекетінің құлауымен түркілік мемлекеттілік дәстүр сабақтастығы үзіл­меді. Оның үстіне қидандар құра­мында маньчжурлар, тұңғыс, моңғол тайпа­ларына қоса ұйғырлар, қырғыздар және басқа да түркі ұлыстары болады. 1211 жылы Жетісуға келген найман тайпаларының үстемдігін таныған қидандар жергілікті түркі тайпаларына сіңісіп кетеді. Қазақстан жерінде ІХ ғасырдың аяғы мен Х ғасырдың басында өмір сүрген Оғыз мемлекеті де қоғамдық құрылысы, басқару жүйесі тұрғысынан ежелден келе жатқан түркілер дәстүрі аясында қалыптасты. Мемлекетті ябғу (жабғу) басқарған, оның мұрагерлері инал, орынбасарлары күл-ер­кін­дер атанған. Мемлекетте тұрақты салық жүйесі қол­данылды. Мемлекет әскери демократияға негізделеді. Оғыздарда «халық жиналысының» сақталуы сол баяғы сақтар заманынан келе жатқан мемле­кеттілік дәстүр сабақтастығының бірі көрінісі еді. Кейін ол ел басқарудың ең жоғарғы органы болып есептелетін ұлы және кіші құрылтай жиналысына айналады. «Оғызнамедегі» Оғыз қаған «Ұлы құрылтай ша­қырды» деген жол осы институттан хабар береді. Оғыздар қазақтардың этникалық тарихында елеулі орын алады. Тарихи аңыздарда олар қазақ халқының арғы аталарының бірі ретінде аталады. Сонымен бірге, олар өзбектердің, түрікмендердің, қарақалпақтардың, әзербайжан, татар, башқұрт, түрік халықтарының қалыптасуына үлес қосты. М. Қашқари оғыздар бастапқыда 24 рулы ел болды деп көрсетеді. Қыпшақтардан ығысқан оғыздардың бір бөлігі Шығыс Еуропа мен Кіші Азияға өтіп кетеді де, қалғандары ХІ ғасырдың ортасында Дешті Қыпшақ тайпаларының арасына тарады. Оғыз руларының атаулары қазақтардың Кіші жүз, Орта жүз тайпалары атауларында сақталып қалды. Түркі тайпаларымен Батыс Түрік қағанаты кезінен бері қарай етене араласып келе жатқан этностардың бірі – қимақтар болатын. ІХ ғасырдың аяғы-ХІ ғасырдың басында Шығыс және Орталық Қазақстанда қимақтардың өз мемлекетін құрып, көшпелілікпен қатар, отырықшы өмір сүргендігі жөнінде араб деректері негізінде Б.Е.Көмеков дәлелдеп шықты. Ғалым еңбектері әлем зерттеушілері тарапынан танылды (қараңыз: Acta Orientalia Hungaricae. Budapest, 1976. T. XXX. Fasc. 2. P. 260 – 261; Al–фурсан ал-фикри ва-с-сийаси. Дамаск, 1976. № 3. 114-115-б.). Көне түркілердің мемлекеттік құрылымындағы қанат жүйесі Қимақ мемлекетінің құрылымынан да көрініс тапты. Қимақтарда көне түркілерден қабылдаған қаған, жабғу, шад, тұтық секілді жоғары лауазым­дары болды. Қаған (немесе хакан) ябғу атағынан екі дәреже жоғары тұрды. ХІ ғасырдың басында Қимақ қағанаты құлаған­нан кейін бұрын қимақ, қыпшақ және куман тай­палары мекендеген аумақта әскери-саяси басым­дық қыпшақтарға ауысады. Қыпшақ мемле­кеттік бірлестігінің халқы біртекті болмады. «Қып­шақ­тар» деген жалпы атаумен аталғанымен, бұл қауым­дастыққа, қыпшақтардың өздерінен басқа, түркі­тілдес қимақтар, кумандар, оғыз тайпалары, көне башқұрттар, қаңлылар, түргештер, иран этникалық тобының түріктендірілген элементтері кірді. П.Б. Голденнің өзі де қыпшақтар тайпалық конфедерацияға ғана бірікті деп жүргенімен, «Кодекс Куманникус» ескерткішін зерттеуге арнал­­ған еңбегінде қыпшақ қоғамында мемлекет­тік инс­титуттардың болғандығын жоққа шығара алмайды. Қыпшақ дәуірі кезеңінің ең маңызды ерекшелігі «қыпшақ тілдес түркілер» деген жалпы атаумен этникалық шоғырлану процесі орын алады. Қазақ халқының құрамына енген керейлердің, наймандар, қоңыраттар, жалайырлар, меркіттер, дулаттар және т.б. тайпалардың да ұзақ мерзімді мемлекеттік дәстүрі болғандығын тарихи құжат­тар растайды. Рашид ад-дин: «Наймандар мен керейлердің әрқайсысының өз мемлекеті болды», – деп жазады (Рашид ад-дин. Сборник летописей. Т. 1. Кн. 1. С. 75). Оның пікірі бойынша, керейлер – оғыздармен туыстас халықтардың бірі болған. Керейлер, басқалары секілді, салт-сана, мемле­кетті басқару, қоғамдық құрылыс салаларында түркі дәуірінің үлгілерін сақтады. Деректерде құн төлеу, әмеңгерлік, ру ішінде қыз алыспау туралы мәліметтер ұшырасады. Осы әдет-ғұрып нормалары қазақ халқына да жетіп, қатаң сақталды. Себебі, керейлердің дені қазақ жерінде қалып, Орта жүздің бір тайпасын құрады. Керейлер елдің жоғарғы билеушісін әуелде «буюрук» деп атаған, кейін ол хан, гурхан атауымен ауысады. Г. Дёрфер «буюрук» деп жалпы мемлекеттік биліктің ең жоғары сатысында тұрған адамды айтады, ол премьер-министр, ұлы уәзір, рейхсканцлер деген ұғымды білдіреді дейді. Баһадүр, тегін – кори деген лауазымдар болды. Бітікші хан жарлықтарын жазу және жария­лау­мен, қазыналық кіріс-шығыстар мен салық жинау сияқты әкімшілік қызметтермен айналысты. Хандық әскери-әкімшілік жүйесі оң қанат, сол қанат және ханның өз қосындары болып үш топқа бөлінді. Қару асынған жауынгер қаптауыл деп аталды. Тұтқауыл қала қақпасын, жол тораптарын, шекаралық бекеттерді, өткелдерді күзетіп, бақылау міндетін атқарды. Ұлы түркі қағанаттарының мұрасы Найман хандығында да сақталды. Оның билеушілері де: буюрук-қаған, күшілік-қаған, инанч білге буку қаған атанды. Сонымен, Еуразия көшпелілерінде мемлекет­тіліктің болмағандығы туралы тұжырымдар ғалым­дардың тарихи сабақтастық мәселесін жете зерделемеуінде деуге толық негіз бар. Қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүрген бір мемлекеттің жойылып, екіншісінің пайда болып отыруы олардың құрамына енген этностардың бірінің құрып, екіншісінің пайда болуын білдірмейді. Олай болса, бұрынғы кездегі мемлекеттілік жөнінде жинақталған тарихи тәжірибе де ұрпақтан ұрпаққа ауысып, жаңарып, толығып отырады. Сан алуан мемлекеттік құрылымдардың ауы­суы­на қарамастан, Еуразия даласы тұрғын­дары­ның этникалық, лингвистикалық, антропологиялық, әдет-ғұрпы мен өмір салтының бірегейлігі, олар­дың көпшілігіне көшпелілік пен отырықшылық симбиозының тәндігі тарихи сабақтастықтың үздік­сіз­дігін қамтамасыз етеді. Әсіресе, бұл құбылыстың берік орнығуында бірнеше мемлекеттік құрылымдар мен ұлыстар құрамында өмір сүріп келе жатқан түркі тайпа­лары­ның Шыңғысхан империясы құрамында біріктірілуін маңызды оқиға ретінде атауымыз керек. Д. Кристиан «моңғол империясы – ең қуатты көшпелі мемлекет болды» деп жазады. Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор. (Жалғасы бар).