• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 02 Шілде, 2024

Ғалам ғажаптары

119 рет
көрсетілді

Күйсандық үй

Бұл – Қытайдың Аньхой про­винциясындағы Хуайнань қаласында орналасқан әлемдегі ең танымал әрі ең ерекше ғимараттардың бірі. Таңданарлығы, күйсандық үйдің жобасын Хефейс техникалық университетінің студенттері жасаған.

Ғимараттың құрылысы 2007 жылы аяқталған. Негізінен осы орталықтың бас­ты мақсаты тек Қытай халқының ғана емес, сондай-ақ шетелден келген қонақтардың назарын аударту еді. Ерекше дизайнының арқасында жоба өз мақсатына жетті десек те болады. Ғимарат мөлдір әйнекті скрипкадан және күйсандық пішініндегі екі бөліктен құралған. Бір қызығы, оның әуен, ырғаққа ешбір қатысы жоқ. Мұнда қалалардың даму жоспары мен келешектегі өзгерістеріне қатысты көрме орталығы орналасқан.

Астарлы ғимарат

MahaNakhon – Таиландтағы ең биік ғимарат. Оның атауы тай тілінен аударғанда «мегаполис» деген мағынаны білдіреді.

Зәулім ғимараттың ішінде бірнеше сауда, бизнес орталығы мен «Ritz-Carlton Residences» қонақүйі бар. Сыртынан қарағанда ғимараттың құрылысы әлі аяқталмағандай көрінеді. Бірақ оның да өз себебі бар екен. «Бұл – елдегі жем­қорлықтың белгісі секілді», дейді ғима­раттың сәулетшісі Оле Шерен.

Алып себет

АҚШ-тың Огайо штатында қы­зықты архитектуралық құрылым бар. Бұл үй «Longaberger» атты себет тоқу компаниясына тиесілі.

Штаб-пәтердің құрылыс жобасын компанияның иесі Дейв Лонгабергеру өзі ойлап тапқан. Осылайша, тоқылған себеттер шығаратын жергілікті зауыт креативті дизайнның арқасында тез танымал болды. Айта кетейік, 180 мың шаршы метрді алып жатқан алып себет үйі 1997 жылы салынған.