Премьер-министр Олжас Бектенов Қытай Халық Республикасы Төрағасының мемлекеттік сапары аясында Қазақстанға келген China National Petroleum Corporation (CNPC) Директорлар кеңесінің төрағасы Дай Хоулянмен кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Энергетика саласындағы инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету мәселелері қаралды. Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатын арттыру жөніндегі бірлескен жобаға ерекше назар аударылды. Кездесуге қатысушылар жобаның ағымдағы кезеңін талқылап, нысанды уақытылы пайдалануға беру үшін жаңғырту қарқынын жеделдету ниетін растады. Шымкент МӨЗ-ін кеңейтуді ескере отырып, зауытты шикізаттың жеткілікті көлемімен қамтамасыз ету және Кеңқияқ – Атырау, Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларын кеңейту шаралары қаралды. Қазіргі уақытта Қазақстан және Қытай сарапшылары қажетті есептер жүргізіп жатыр. Кездесу барысында Олжас Бектенов пен Дай Хоулян «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының бірінші желісін салу және іске қосу бойынша табысты жүзеге асырылған бірлескен жобаны мысалға ала отырып, газ саласындағы ынтымақтастықты одан әрі арттыру перспективаларына тоқталды. Үкімет басшысы бірлескен кәсіпорындар табысты әрі экономикалық жағынан тиімді екенін айтты. Сонымен қатар Премьер-министр жергілікті тауар өндірушілермен және қызмет көрсетушілермен тығыз өзара іс-қимыл жасау арқылы жергілікті қамту үлесін кезең-кезеңімен ұлғайтудың маңыздылығын атап өтті.
«Қазақстан да көптеген елдер секілді, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша стратегиялық міндет қойып отыр. Ең алдымен, бұл – мұнай өңдеу қуаттарын құру және жаңғырту. Біз Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатын арттыруға ерекше көңіл бөлеміз. Біздің барлық жобаларымызды іске асырудағы басымдықтардың бірі – жергілікті қамту мәселелері. Егер елімізде қажетті тауарлар немесе жабдықтар өндірілмесе, онда оларды жақын арада Қазақстан аумағында локализациялау мәселесін бірлесіп пысықтауды ұсынамыз», деді Олжас Бектенов Үкіметтің бірлескен жоспарларды іске асыруда ашық әрі сындарлы диалогқа дайын екендігін растай отырып.