Қазақстанның бас мемлекеттік еңбек инспекторы, Еңбек министрлігіне қарасты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің басшысы Төлеген Оспанқұлов Қазақстандағы кәсіпорындарда жазатайым оқиғалардың көбейгенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Биылғы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша республика кәсіпорындарында 626 жұмысшы зардап шекті, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (518 жұмысшы) 20,8 пайызға көп, оның ішінде 79 адам қайтыс болды, бұл 29 пайызға артық. Өткен жылдың осы кезеңінде 61 жұмысшы қаза тапқан еді», деді Төлеген Оспанқұлов Қостанай облысындағы өндірістік жарақаттану мәселелеріне арналған кеңес барысында.
Оның айтуынша, Қостанай облысында (61 адам зардап шекті), Абай облысында (51 адам), Қарағанды облысында (44 адам) және Алматыда (42 адам) жарақат алудың жоғары деңгейі сақталып тұр.Келесі кәсіпорындарда жұмыс істейтін адамдар өндіріс орындарында ең көп жарақат алған:
тау-кен металлургия өнеркәсібі – 17 пайыз; құрылыс индустриясы – 13 пайыз; коммуналдық қызметтер – 5 пайыз.«Қостанай облысында ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия өнеркәсібінің кәсіпорындарында тіркелді – 14 пайыз, машина жасау өнеркәсібінде – 9 пайыз. Сонымен қатар жарақаттану деңгейі жоғары кәсіпорындардың бірі – Қостанай «Пайдалы қазбалар» АҚ. Осы кәсіпорында соңғы 5 жылда 11 адам зардап шекті, оның біреуі қайтыс болды», деп толықтырды Оспанқұлов.