Қонаев қаласында «Толағай – алыптар сайысы» атты облыстық турнир ұйымдастырылды. Бұл шараның мақсаты – ұлттық дәстүрді насихаттай отырып, жастарды төзімділікке баулу.
«Біздің ата-бабаларымыз ежелден осындай жарыстар ұйымдастырған. Оларға деген қызығушылық бүгінгі күні қайта жанданып келеді. «Толағай» – тек жарыс қана емес, саламатты өмір салтын насихаттайтын сайыс. Сондықтан біз мұндай жарыстарды ұйымдастыру арқылы туған жеріміздің даңқын арттыруды көздейміз. Жастар біздің батырларымыздың рухымен тәрбиеленуге тиіс», деді шараның салтанатты ашылуында сөз алған Алматы облысының денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабеков.
«Толағай» алыптар сайысына 18 жастан асқан, салмағы 90 килодан жоғары және спорттық дайындығы бар ерлер ғана қатысты. Өңірдің барлық ауданынан келген алыптар бәсекелі жарыста бірнеше аталым бойынша бақ сынасты. Тарқатар болсақ, 10 кг найзаны оң немесе сол қолмен нысанаға лақтыру, 1 минут ішінде ұзындығы жарты метрлік темір шыбықты желкеде бүгу, салмағы 100 кг болатын тасты белгілі бір қашықтыққа көтеріп тасымалдау, салмағы 100 кг болатын бөренемен бір минут ішінде отырып-тұру, сондай-ақ салмағы 500 кг болатын арбаны бір минут ішінде жылжыту сынды сайыстарға қатысып, толағай күш иесі екендіктерін дәлелдеуге тырысты.
Толағайлар сайысының қорытындысында Іле ауданынан келген Евгений Инкин 1-орын иеленсе, екінші орынға Кеген ауданының тұрғыны Алғалы Нұрсұлтан тұрақтады. Ал жүлделі үшінші орынға таласта Талғар ауданының толағайы Мырзатай Бағланның бағы жанып, турнир жеңімпазы атанды.
Алматы облысы