• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тұлға 03 Шілде, 2024

Соқпақбаевты сағыну

190 рет
көрсетілді

Қиял әлемін тұрақ еткен қапысыз бала күнге апарар естелік мол. Бізге Бердібек Соқпақбаев сол аусар күн­нің талассыз қаһарманы, сенімді сұлтаны іспетті. Жазушы әлемінде өткен сыралғы сәттер, себезгі ­минуттар ешбір алтынға сатылмас арайлы шақтар екен. Сол тұма кеңістікте жұтқан ауамызбен дүниеге деген көзқарасымыз қалыптасыпты.

Қайбір жолы Түр­кия­­дағы түрік тілі ұстазы Адем Гүлер мырза сөресіндегі жал­ғыз қазақ авторының кіта­бын көрсетті. Бақсақ, ол Соқ­пақ­баевтың «Менің атым – Қожасы» екен. Расында, жазушының қаламынан туған «Балалық шаққа саяхат», «Қайдасың, Гауһар?», «Өлгендер қайтып келмейді» сынды өміршең шығармалар бірнеше буынды тәрбиелегені ақиқат. «Менің атым – Қожа» көркем фильмі арқылы талай жас өскін ізгілік пен кереғарлықтың, еркін­дік пен еркеліктің арасын айырып өсті. Кейіннен жазушымен тереңірек танысуға мүмкіндік алғанда, қаламгердің көзінің тірісінде-ақ даңқ төріне қонғанын бағамдадық. Классик жазушы Сайын Мұратбеков: «Бердібек өз көзімен көрген нәрсені ғана жазатын, қағазды бекерден бекерге шимайламайтын еді ғой. Жазады, түбін түсіріп барып бір-ақ тоқтайды. Бұл Бердібектің шырайы, Бердібекке ғана тән қасиет» деп, замандасына жоғары баға беріпті. Таланттың талантты мойындауы қандай әсерлі! Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов қаламгер туралы: «Бердібек өзінің еңбегімен халықтың дара жазушысы атанды. Ол тәңірінің тумасынан, жаратылыстың болмысынан, өзінің талантымен де, болмысымен де халықтың нағыз жазушы ұлы болды», деп тарланбоз тұлға талантына тағзым еткен-тін.

Жазушы ең алдымен өзіне тән дара мінезімен, қара қыл­ды қақ жарған әділетті болмысымен ерекшеленгені дау­сыз. Сондықтан ба екен, Соқпақбаев турасында аңыз көп. Алматыға ат арытып, зәулім талантымен, ыждағатты еңбекқорлығымен келген ол көп өтпей-ақ аузы дуалы ағалардың алқауына ілігіп, бірінен соң бірін кең пішімді шығармаларын өрбіт­ті. Алқалаған ортаның алдында жүрді. «Б.Соқпақбаев – бірінші жақпен жазуды мық­тап меңгерген жазушы. Мұ­ның өзі оқиғаға өмірде бол­ған қилы-қилы құбылыстарға сенімділікті, жазушының нақ­тылы оқиғаға тікелей қаты­сын танытады. Бердібектің «мені» маған қан-сөлі тамып тұрған өмір, бәріміз тіршілік етіп жүрген жер бетіндегі үлкенді-кішілі адамдардың әрекеті, болмаса қуаныш-күйініші болып көрінеді», деп жазушы Тахауи Ахтанов тегін айтпаса керек.

Жазушының ең сүйекті, оқырманнан өз бағасын алған кең тынысты шығармасының бірегейі – «Өлгендер қайтып келмейді» туындысы. Романның бас­ты кейіпкері – 15-16 жас шамасындағы бозбала Еркін арқылы оқиғалар желісі өр­біп, бас кейіпкер образымен қазақ баласының ақкөңіл, қарапайым, шыншыл, намысшыл дара болмысы ашылады. Бірінші дәптерде мамыражай ауыл шырқын бұзған сұрапыл соғыстың басталуы баяндалып, ағасы Сәрсебек соғысқа аттанып, жеңгесі мен анасына көмектесу Еркіннің мойнына жүктеледі. Тірлік талқысына түскен Еркін ауыр еңбек ете жүріп, әртүрлі адамдармен байланыс орнатады. Екінші дәптерде Еркін көңілі құлаған Ғалиямен қош айтысып, Сарыбелге ұстаз­дық қызметке аттанады. Сол жақта Еркін мен Алтынның қарым-қатынасы басталып, жаңа өмір айдынында жүзеді. Жазушының өмірбаянымен таныса келе, шығарма желісінің көп үзігі жазушының өз өмі­рінен алынғанын аңғардық. Бердібек Соқпақбаевтың қызы Жанар сәби кезінде-ақ қы­зыл­ша дертінен шетінеп кетеді. Міне, осы қайғылы оқиғалар салқыны шығармаға еніп, оқырманның жүрегіне мұң табын құяды. «Өлгендер қайтып келмейді» – сөз жоқ, мыңдаған қазақ­тың ықыласына бөленген дара шығарма, ұлт әдебиетінің классикасы.

Ақын және қоғам қай­раткері Нұрлан Оразалин қа­ламгердің әдебиеттегі орны жөнінде кестелі ой сабақтайды. «Бердібек Соқпақбаев – қай­таланбас өзіне ғана тән бол­мыс-бітімі бөлек қалам иесі. Сондықтан болар, көзі тірісін­де шығармалары 70-ке тарта әлем тілдеріне аударылған, «Менің атым – Қожа» фильмі арқылы қазақтың киносын, қазақтың прозасын жарты әлемге танытқан ұлы суреткер. Халықтың махаббатына бөленген қаламгер. Оның қаламынан туған «Менің атым – Қожа», «Жекпе-жегі», «Қай­дасың, Гауһары?», «Өлген­дер қайтып келмейді» атты мықты романы сол дәуірдің кесек кеңістігін қаламынан қанын ағызып жазған батыл, батыр шығармалары болатын. Жазушы шығармаларының көп­теген тілге аударылуы Бер­­дібек Соқпақбаев шығар­ма­ларына деген сұраныстың салмағын байқатса керек», дейді ақын.

Биыл көрнекті қаламгердің ға­сырлық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілмек.

Бұл – талант абыройы, сол та­лантты туғызған елдің бе­де­лі. Ал біз үшін Бердібек Соқ­пақбаев бала күндегі қимас досымыздай. Амалсыз қош­та­сып кетіп, қайта оралуға бата алмаған абзал адамымыз, қоштаспаған серігіміздей. Кей­де балалық тазалықтан ұзап, абайсыз пенделікке қол арт­сақ, ту алыс­тан ренжіп қа­рай­тын­дай, адассақ айбын қосардай. Көмбелі құпиямыздай...