Алакөл ауданына қарасты Ақши аулындағы «Жалын» және «Жансая» сауықтыру лагерьлері өз жұмысын бастады. Мұнда 300-ге тарта оқушы жазғы демалысын өткізеді. Балалар шипалы көл жағасында тынығып, білімін шыңдайды. Қос демалыс айлағы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Балаларға арналған түрлі интеллектуалды ойындар ұйымдастырылып, денсаулығын жақсарту жұмыстары жүргізіледі.
Жалпы, «Жалын» лагері 100 бала қабылдауға арналған. Жазғы демалыс орнын қалпына келтіруге шамамен 1,5 млрд теңге жұмсалған. Мұны лагерьдің ашылу салтанатында «Қазақстан студенттерінің альянсы» қоғамдық бірлестігінің президенті Ілияс Түстікбаев айтты.
Лагерь аумағында балаларға арналған бес жатақхана, тамақтандыру ғимараттары, қонақүйі, шығармашылық үйі, фельдшерлік пункт және қызметкерлерге арналған демалыс бөлмелері бар. Демалушылар көңіл көтеретін 102 орынды көрермен залында музыка, вокал, би және әдеби-драмалық қойылымдар, спектакль және фильмдер көрсетіледі.
Демалушылар бос уақытында кітапханаға барып, түрлі тақырыптағы шығармаларды оқи алады. 12 орынды оқу залы 10 мың дана қазақ және әлем әдебиеті кітаптарымен толықтырылған.
Сондай-ақ «Жалын» лагерінде Жетісу өңірінің «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының 20-маусымдық жұмысы басталды. Жалпы, «Жасыл ел» бағдарламасы – жастарды жұмыспен қамту және Қазақстанның экологиясын қолдаудың бірегей және өзекті мүмкіндігі. Өткен жылдарда республиканың қалалары мен облыс орталықтарында орманды қорғау, жасыл желектерді өсіруді тұрақтандыруға мүмкіндік туды. Облысымыздың аудан-қалаларынан келген 200-ге жуық экологиялық іс-шараға қатысушыларды, Алматы мен Астанадан келген қонақтарды облыстық әлеуметтік даму басқармасының өкілдері және Алакөл ауданының әкімдігі қарсы алып, барынша құрмет көрсетті.
Алакөл жағалауындағы «Жансая» лагерінде биыл ерекше қажеттілігі бар 160 бала демалады. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақши жағалауындағы ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған «Жансая» жазғы сауықтыру лагері жаңа маусымдағы өз жұмысын бастады. Лагерьге демалушылардың алғашқы легі келді, атап айтқанда лагерьге 16 бала заңды өкілімен бірге орналасты.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаевтың айтуынша, былтыр жазғы кезеңде бұл лагерь 127 баланы тегін қабылдады. Биыл да осындай 160 баланы 1 заңды өкілімен тегін демалту жоспарланып отыр.
«Бұл орталық 40 орынға есептелген. Әр баланың демалу ұзақтығы – 5 күн. Балаларды қабылдау I–ІІІ топтағы мүгедектігі бар баланың тіркелген жері бойынша дәрігердің ұсынысы немесе қорытындысы негізінде іске асады. Орталыққа жол жүруді ұйымдастыруды заңды өкіл немесе еріп жүретін адам тұрғылықты жерінен Үшарал қаласына дейін дербес жүзеге асырады, бұдан әрі оларды Ақши аулына, лагерьге жеткізуді орталықтың өзі ұйымдастырады», деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев.
Айта кетейік, былтыр сапалы әлеуметтік қызмет көрсету мақсатында Алакөл ауданы әкімдігінің бұрынғы резиденциясының ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 6 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға арналған Алакөл көлінің жағалауында «Жансая» оңалту бөлімшесі бар күндіз болу орталығына» қарасты «Жансая» жазғы сауықтыру лагері ашылған болатын. Лагерьдің негізгі мақсаты – медициналық, психологиялық, кәсіптік және әлеуметтік оңалту шараларын жүргізу арқылы мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіру және оны әлеуметтік ортаға бейімдеу.
Өткен жылы да аталған лагерьде болып, сауықтыру шараларын қабылдаған ерекше қажеттілігі бар Тәуекел биыл да анасы Ажармен бірге орталыққа келген.
«Алакөлдің суы шипалы. Оған қоса пансионаттың көлдің жағасында орналасқаны біз үшін қолайлы. Мұнда балаға да, анаға да барлық жағдай жасалған», дейді Ажар. Сол сияқты Мөлдір Ахметова ұлы Қасен Әлиханды мұнда алғаш рет әкеліп отыр.
«Жансая» лагеріне алғаш рет келіп отырмыз. Аспаздар, медбикелер, жалпы сауықтыру орнында жұмыс істейтін қызметкердің бәрі де – сондай мейірімді, өз ісіне берілген мамандар. Су да, сауықтыру шараларын жасайтын азаматтардың ақжарқын көңілі де – бәрі балама оң әсер етеді деп сенемін», дейді М.Ахметова.
Жетісу облысы