• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Шілде, 2024

Донор облыс қатары қайтсе артады?

134 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы аймақтар арасындағы бюджет дербестігін арттыру бастамасын жиі қозғап жүр. «17 облыс пен 3 мегаполистің басшылары орталық бюджетке қол созбай, өзара бәсекелесіп, инвестиция тартып, салық пен бюджет сая­саты тұрғысынан тәуелсіз болуы мүмкін бе?» сауал әлі де өзекті. Аймақтарға өз бюджетін дербес басқару мүмкіндігі 2018 жылдан бастап берілді. Бірақ нәтижесі көңіл көншітерліктей емес.

Қалалар мен облыстар екі топқа бөлі­неді: өз шығындарын толығымен жауып, басқалармен бөлісетіндер – донорлар, екіншісі – субсидияға арқа сүйейтін реципиенттер. Ұлттық қордан реципиент аймақтарға 2 трлн 125 млрд теңге субсидия беріледі. Бұл қаржыдан бір аймақ аз алса, бірі көп алады.

Ұлттық экономика министрлігінің дерегі бойынша Атырау, Алматы облысы мен Алматы қаласы 2023-2025 жылдары аралығында бюджетке тиісінше 493,2 млрд теңге, 543,4 млрд теңге және 583,1 млрд теңге аударады. Республикалық бюджеттен облыстар мен Шымкент қаласының бюджетіне 2023 жылы аударылған бюджеттік субвенция 4,9 трлн теңге болса, биылғы көлемі – 5,1 трлн теңге. 2006 жылдары еліміздегі донор облыс саны 12 болатын. Олар ел бюджетінің кемі 70 пайызын қамтамасыз етіп келді. Уақыт өте келе донор облыстардың саны кеміді, Ұлттық қорға тәуелділігіміз өсті.

Қазір республикалық бюджетке Алматы мен Астана, сондай-ақ мұнайлы Атырау мен Маңғыстау облыстары донор болып отыр. Бұл қатарға Алматы облысы қосылуы мүмкін.

Сарапшылардың сөзінше, 2005-2006 жылдардағы қымбат мұнай мен ауқатты инвес­торлардың елге келуі аймақтардың дамуын ондаған жылға алға жылжытып кеткен. Біздің кемшілігіміз сол мүмкіндікті ел мүддесіне пайдалана алмағанымызда болып тұр. 2008-2018 жылдардағы дағдарыс донор әлеуетіне жетіп қалған аймақтардың даму деңгейіне әсер етті, 8 донор аймақ тағы да донорға тәуелділердің қатарына түсіп қалды.

Қаржыгер-экономист Бейсенбек Зиябе­ковтің айтуынша, салықты орталықтан­дыру аймақтардың дамуын тежеді.«Бюджетаралық қатынастарды жақсарту, салық түсімдерін облыстық бюджеттерге аудару, аудандық және ауылдық бюджеттерге мәртебе беруді кеш қолға алдық. Өңірлердің даму деңгейін теңестіруге бағытталған барлық күш-жігер нәтиже бермеді: өңірлердің жан басына шаққандағы айырмашылығы кейінгі 10 жылда 9,73 еседен 2021 жылы 11,8 есеге дейін өсті», дейді.

Аймақтарды дамыту проблемасы кейінгі 30 жылда нәтиже бермеген сақалды реформа­лар­дың қатарын толықтырды. Мысалы, 2022 жылы 2010 жылмен салыстырғанда бюджеттік қам­­тамасыз ету бес өңірде нашарлағаны айты­­­ла­ды. Олар – Батыс Қазақстан, Қызыл­орда, Маңғыстау және Түркістан облыстары. Реципиент аймақтардың басым көпші­лігі ауыл шаруашылығымен айналысады. Мы­са­лы, Қостанай облысы аграрлық-индус­триал­­­ды аймақ ретінде белгілі. Алайда донор ай­мақтардың қатарында емес. Сарапшы сөзінше, әрбір аймақтың ерекшеліктері жеке зерттелуі керек.

«Еліміздің батыс аймағында мұнай-газ химиясының мүмкіндіктері, оңтүстік аймақ­тарда бау-бақша жемістерін өсіру артықшылықтары назарға алынса дұрыс еді. Мемлекеттік бағдарламаларда аймақтық ерекшеліктер ескерілу керек. Аймақ даму үшін мемлекеттік бағдарламалар орындалу керек. Ал бағдарламаларды орындау үшін бізге кемі 5-7 пайыздық өсім керек» дейді Б.Зиябеков.

Сарапшы Замир Қаражанов реципиент аймақтардың донор аймаққа айналу мүмкіндігі мемлекеттік деңгейде зерттелмейтінін айтады.

«Мәселен, Астананың дамуы Ақмола облысына дем берсе, Алматы қаласының дамуы арқылы Жетісу облының дамуына жол ашуға мүмкіндік бар. Бір ғана «Қорғас» бекетінің өзі екі облысты алға сүйрей алады. Сондай-ақ мұнайлы облыстарды дамыту арқылы оның жаңғырығын Ақтөбеге жеткізуге болады. Бірақ аймақтардың бір-біріне әсер етіп даму мүмкіндігі мемлекеттік деңгейде зерделене бермейді. Ресейде бұл мәселе үкіметтік деңгейде бақылауда тұр. Аймақтардың донорға айналу мүмкіндігі немесе донор аймақтардың қаншалықты шаршап қалғаны туралы деректерді тиісті министрліктердің сайтынан кездестіруге болады. Бізде осы мәселе қозғалса, субсидияға сеніп, облысын асырап отырған облыс әкімдері ұйқысынан оянады, қосымша инвестиция көздерін іздейді. Кейінгі жылдары бюджет түсімінің сыр беруіп қалуы донор облыстардың шаршап қалғанын байқатып тұр», дейді.

Донор аймақтардың саны – мемлекет экономикасының барометрі. Сол үшін аймақтардың донорға айналуына мемлекет түрлі жеңілдіктер арқылы мүдделі болуға тиіс дейді сарапшылар.

Алматы